Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды

Алматы облысы әкімдігінің үлкен жиынжайында өңір бас­шысы Амандық БАТАЛОВ пен оның орынбасарлары, ау­дан, қала әкімдері мен облыстық деңгейдегі де­пар­тамент, басқарма басшылары, мәслихат хатшылары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қа­тысуымен алқалы жиын өтті, - деп хабарлайды облыстық Жетісу газетінің тілшісі.

Жиналыста бірінші жар­тыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы шығарылып, алдағы уақытта атқары­латын міндеттер сараланды. Сондай-ақ, облыстық ауылшаруашылық басқармасының агроөнеркәсіп кешеніндегі өңдеу саласын дамыту бойынша атқарған жұмысы тыңдалды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев және әкім орын­басары Серікжан Бескемпіров баяндама жасап, тыңғы­лықты атқарылған шаруаларды нақты айтып өтті. Ағымдағы мәселелер бойынша бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларының пікірі тыңдалды.

Баяндамашылардың сөзінен біл­ге­ні­міздей, бірінші жартыжылдықта жеткен же­тістігіміз көңіл қуантады. Айталық, ауыл­шаруашылық саласы бойынша өнім берекелігі артқан. Ағымдағы жылдың 11 шіл­десіндегі жағдай бойынша 3,7 мың гектар масақты дәнді дақыл орылып, өнім берекелілігі 20,5 центнерді құраған. Жарты жылда 05,5 мың тонна мал және құс еті өндіріліпті. Ал мал шаруашылығы саласын ынталандыруға бағытталған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдар­ламалары бойынша да облыс республикада алдыңғы орыннан көрініп келеді. Де­ген­мен, аудан, қалалар бойынша салыс­тыр­малы түрде қарайтын болсақ, кемшіліктер жоқ емес. Жыл басында ауылшаруашылық ба­ғытындағы пайдаланылмаған 272,7 мың гектар жер анықталған. Оның 90,9 мың гектары айналымға енгізілсе, біразы мем­лекет меншігіне қайтарылып, тағы бір бө­лігі комиссияның қарауында жатқан кө­рі­неді. Облыс басшысы айтқандай, иесіз, пайдаланусыз жатқан жердің көптігі сала ма­­мандарының жүйелі жұмыс жасама­ғанын білдіреді.

Бір әттеген-айы, Райымбек пен Қарасай ау­дандары «Сыбаға» бағдарламасы бойын­ша белгіленген көрсеткішті орындай алма­ған. Оның себебін сұраған облыс әкіміне аудан басшылары түрлі сылтау айтып, жұ­мыс жүргізіп жатқанын көрсетуге ты­рыс­ты. Бірақ өңірдің барлық жағдайын бес саусағындай біліп отырған Амандық Ғаб­басұлы оларға кемшілікті жуық арада тү­зетуді тапсырды. Сонымен қатар облыста «Ырыс» бағдарламасы бойынша 600 басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланғанымен бірде-бірінің жұмысы басталмапты. Ал ірі қара етін экспорттау барысындағы жоспарымыз да әзірше орын­дал­май келеді. Жиналыста биыл ауылша­руа­шылығымен айналысатын жерлестерімізге демеуқаржының тиісті мөлшерде төленетіні белгілі болды.

Облыс әкімінің қант қызылшасы туралы сұрағына жауап берген облыстық ауылша­руашылық басқармасының басшысы Сек­сенбай Бекішов өңір басшысының тап­сыр­масы бойынша Ауылшаруашылық ми­нистрлігінің өкілдерімен кездесіп, демеу­қар­жы төлеудің қиындықтарын шешіп келгенін мәлім етті. Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл тәтті түбірдің әр гектарынан орташа 350 центнерден өнім алынатынына сендірді. Өткен жылы өнім көлемі айтарлықтай бол­маған ақсулықтар да сол көрсеткішке жету үшін тырысатынын білдірді.

Басқа салаларда да өсім бар. Алты айда өңірімізде 228,8 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. «Бизнестің жол қартасы – 2020» бағдарламасы аясында 148 жоба мем­лекеттік қолдауға ие болса, инфрақұрылым тарту бойынша 7 жоба жү­зеге асырылуда. Үстіміздегі жылы шағын не­сиелендіруге 9,6 млрд. теңге қарас­ты­рылған. Оның ішіндегі «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» бойын­ша алыс ауылдағы жұмыссыз ағайынның тіршілігін түзеуге бөлінген 5,8 млрд. теңгенің бүгінде 529,0 млн. теңгесі, яғни 9,1 пайызы ғана игерілген. Қар­жыны тиісті мақсатта игере алмаған­дардың көшін Ақсу, Алакөл, Еңбекшіқазақ аудандары бастап тұр. Ал облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының өкілдері де мұның себебі жайлы мардымды ештеңе айта алмады. Осыған байланысты облыс әкімі Ақсу, Алакөл және басқа да бірнеше аудан әкімін орнынан тұрғызып, мәселенің мән-жайын сұрастырды. Сонымен қатар, қазіргі бақша өнімдері базарға шығып, сауда қыз­ған тұста да азық-түлік тауарлары баға­сы­ның арзан­дамай тұрғандығының себебін сала бас­шыларынан сұрап білді.

Осы ретте өңірімізде негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 208,4 млрд. теңгені құрағанымен кейбір аудан көрсет­кі­шінің өткен жылмен салыстырғанда бір­ша­ма төмендегені де белгілі болды. Ал ту­ризм саласында жақсы жаңалықтар жетерлік. Әсіресе, Алакөл жағалауынан салынып жатқан демалыс орындары осы саланың көрігін қыздыра түскен. Айтпақшы, өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі артқан. Осы уақытқа дейін 724,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша салынған 22,1 мың шаршы метр несиелік және коммуналдық тұрғын үй иесін тауып­ты. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебімен 59 жоба жүзеге асырылуда. Десе де, құрылыс жұмысы кешеуілдеп жатқан, тіпті, мемлекеттік бағдарламар есебінен тағаны құрылып, жұмысы тоқтап тұрған нысандар бар.

Бір қуанарлығы, облысымызда ағым­дағы жылы 27 елді мекенді орталықтан­ды­рылған ауызсумен қамтамасыз ету мақса­тында жоспарланған 58 жоба жүзеге асы­ры­луда. Өкінішке қарай, бірқатар ауылды ауыз­сумен қамту мақсатында қолға алынған жо­балар тоқтап тұр. Осыған орай, облыс әкімі жиналыста есеп берген Талғар ауда­нының әкімі Райхан Садықовадан ауызсу мәсе­ле­сінің шешілу барысын сұрап, білді.

Жылыту маусымына дайындыққа және оны өткізуге облыс бюджетінен тиісті қар­жы бөлінсе, жұмыссыздарды жұмыспен қамту жайы да дұрыс жолға қойылған. Осы қатарда, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жетістігіміздің мол екенін білдік. Десе де, облыс әкімі екі саладағы бірқатар кемшіліктердің де себебін түсін­діріп, облыстық білім басқармасының бас­шысы Ләззат Базарқұлова мен облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Асқан Байдувалиевке жұмысты тиянақты істеу керектігін ескертті. Кербұ­лақ ауда­нының әкімі Бағдат Әлиевтен Сібір жарасы туралы әңгіменің шығу себебін сұрады. Аудан әкімі көпшілікті бұл ақпарат­тың да, малдәрігерлеріне қатысты әңгіменің де жалған екеніне, ауданда Сібір жарасының мүлде орын алмағанына сендірді.

Облыста ағымдағы жылы ауылшаруа­шылығы шикізатын өңдеу саласы, тамақ өнімдері өндірісі, ұн шығару, сүт, ет, жеміс, көкөніс өңдеу кәсіпорындар жақсы жұмыс ат­қарған. Қант қызылшасы мен жүгері өсі­руде, оларды қайта өңдеуде елеулі та­быс­тарға қол жеткізілді. Өңдеу кәсіпорын­да­рының жұмысын талдау қорытындысы бойынша өндірілген дайын өнімнің көлемі 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстыр­ғанда артқаны байқалады. Дегенмен, агро­өнеркәсіп кешеніндегі өңдеу саласын да­мыту бойынша атқарылған жұмыста кем­шіліктер орын алған. Ескелді, Райымбек жә­не Ұйғыр аудандарында жаңа өңдеу кәсіпорындары жүйесі құрылмаған. Қаз­Агро бағдарламасы аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бола тұра ағымдағы жылы бірқатар аудандар аталған салада инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша шаралар қабылдамаған. Облыста ел игілігін еселейді деген 22 кәсіпорын тоқтап тұр. Осыған орай Қаратал ауданы­ның әкімі Қайрат Бисембаевтың есебін тыңдаған облыс басшысы аталған аудан­дағы кәсіпорындарды іске қосу жоспарын жүйелеп, тындырымды жұмыс атқаруды міндеттеді.

Жиналысты қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов бүгінгі таңда өңір­де барлық бағдарлама аясында 87 млрд. тең­геге 193 жоба жүзеге асырылып жатқа­нын, ауылшаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға 38 млрд. теңгеге мем­лекеттік қолдау көрсетілгенін айта ке­ліп, облыс экономикасында оң серпін сақ­талғанын жеткізді. Сондай-ақ жекелеген салаларда кемшіліктердің орын алған­ды­ғын да жасырмады. Жер пайдалану, тауар­лы-сүт фермаларын құру, ауылшаруа­шы­лығы кооперацияларын дамыту, инвес­тор­лармен жұмыс жасау барысында сақталған кемшіліктерді тізіп берді. Атал­ған кем­ші­ліктерді түзетуді алдағы уақытта бақы­лауға алып, орындалуын қадағалауды орын­басарларына жүктеді. Сонымен қатар, өңір басшысы келесі жартыжылдықта атқа­ра­тын жұмыс міндеттерінің үйлесімді еке­нін айта келіп, ағымдағы жылды жақсы нә­тижелермен қорытындылау қажеттігіне назар аударды.

Қажет АНДАС