Амандық Баталов: «Денсаулық сақтауда немқұрайлылыққа жол жоқ!»

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қарасай ауданында орын алған  нәресте шетінеуінің 2 фактісіне байланысты шұғыл жиын өткізді. Жиында облыс әкімі «Бір мекемеде бір аптаның ішінде 2 бірдей оқыс оқиғаның орын алуына не себеп болды?» деген аса маңызды сұрақ қойды.  Ол  «Бұл жағдайдың басты себебі – немқұрайлылық» деп қадап айтты.

Жиын барысында облыс әкімі Амандық Баталов денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев пен Қарасай аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәуле Сауранбаеваның жауапсыздығына ашуланды.

- Бір мекемеде бір аптаның ішінде екі бірдей нәрестенің өліміне қалай ғана жол бердіңдер? Мұндай облыста болып көрген жоқ. Денсаулық сақтау саласына барлық қажетті жағдай жасалып отыр. Халықтың сапалы медициналық көмек алуы үшін жаңа емдеу мекемелері салынды, күрделі жөндеу жасалды, материалдық-техникалық базалары нығайтылып, кадр даярлау ісіне де қолдау білдіріп отырмыз. Денсаулық сақтау саласының бюджетін 75,7 млрд. теңгеге жеткіздік. Талдықорғанда жап-жаңа, барлық қажетті құрал-жабдықтары бар замануаи аурухана салып бердік. Тәуелсіздік жылдарында 127 нысан тұрғыздық, 484 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жағдай  жасалып, ақша бөлініп отыр, ал жұмыстың сапасы жоқ. Неге? – деп денсаулық сақтау саласы мамандарының жұмысына кейістік білдірді.

- Сендер барлық жасалған мүмкіндіктерді тиісті деңгейде пайдалана алмай отырсыңдар. Міне, соның салдарын бүгін көріп отырмыз. Жаңа туған әрбір нәрестеге, оның ішінде үшем өмірге келген ерекше жағдайда олардың күтіміне айрықша назар аударылуы қажет еді. Үшем өмірге күнде келмейді. Қажет болса еліміздің педиатрия саласындағы ең үздік ғалымдарды, ең үздік дәрігерлерді шақырып, көмегіне жүгініп, консилум шақырып, сәбилердің өліміне жол бермеулерің керек еді - деді А. Баталов.

«Дәрігер, тіпті басшылық қызметте жүрсе де, әрқашан дәрігер болып қалуы керек. Өзінің кәсіби қабілетін жоғалтпай, қайта оны жетілдіріп отыруы тиіс. Адамның өмірін құтқарып, денсаулығын жақсарту үшін үнемі тәжірибе жинап, өзін-өзі шыңдап отырғанда ғана ол дәрігер болып қалады. Ең бастысы – жұмысына, адамның өміріне немқұрайлы қарамау керек. Бұл жағдай денсаулық саласына жетекшілік ететін әкім орынбасарының тарапынан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тиісті деңгейде қадағалаудың жоқтығын көрсетіп отыр, - деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар облыс әкімі әрбір медицина маманы өзінің жұмысын ой елегінен өткізіп, кәсібіне жіті көзбен қарауы қажеттігін де тілге тиек етті. Сол сияқты А. Баталов егер қажет болса келесі жылдың бюджетінен шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалатын қосымша құрал-жабдықтар алуға қаржы қарастыратынын да айтты.

Қорытынды сөзінде өзінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа жүргізілетін тексерулерді айрықша бақылауына алып, тексеру қорытындылары мен алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу бағытында қабылданған шаралар туралы он күн ішінде хабарлауды тапсырды.

Естеріңізге салсақ, өткен аптада Қарасай аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде 2 сәби өлімі тіркелген болатын. Оның бірі туғанына 1 апта болған қыз бала, екіншісі өмірге келген үшемнің бірі. Қазір арнайы тексеру шаралары жүріп жатыр.