Астана жұртшылығы жетісулық жәрмеңкеден дәм татты

Бүгін Астанада Алматы облысының күндері басталды. «Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан» тақырыбымен өтетін мәдени-әлеуметтік шара барысында бірқатар игі істер атқарылу көзделген. Бүгін осы мәселеге орай Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті.

Брифингте Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтіп жатқан облыс күндерінің аясында Жетісу жерінің жетістіктері жайлы сөз болды.

Брифингте облыс әкімінің орынбасары Алматы облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы мен өңірдің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

Журналистер алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімнің орынбасары Б. Өнербаев Елбасының тапсырмасына сәйкес Алматы облысында аграрлық кешенді дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатқандығын да тілге тиек етті.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, біздің облыс аграрлы өңір болып санала ұзақ жылдар бойы еліміздегі қызылша өсіретін өңір мәртебесін иеленіп келді.

Былтыр 4020 гектарға тәтті түбір отырғызылса, биыл 6500 гектарға орналастырылды. Сондай-ақ, бірнеше жыл тұрып қалған Көксу қант зауыты былтыр инвесторлардың арқасында қайта іске қосылды. Биыл бұл кәсіпорында жаңғырту жұмыстары орындалды. Ал Ақсу қант зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Биылғы жылы өңірдің қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалары мол өнім алуды жоспарлауда. Атап айтар болсақ, өткен жылы орташа өнімділік гектарынан 300 центнерді құраса, ағымдағы жылы диқандар әр гектарынан 350 центнер өнім алуды көздеуде. Осылайша, Алматы облысы болашақта еліміз тұрғындарын өзіміздің қантпен қамтамасыз ету және біртіндеп экспортқа шығару мақсатында қолда бар мүмкіндікті белсенділікпен пайдалануда. Үстіміздегі жылдың 7 айында ауылшаруашылығы саласы жалпы өнімінің көлемі 176,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлемнің индексі 102,7%-ды құрады, - деді облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Әлтайұлы.

Алматы облысы әкімінің орынбасары өз сөзінде өңірге инвестиция тарту, туризмді дамыту, сондай-ақ мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлу, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысын белсенді жүргізу жұмыстары облыс басшылығының басты назарында екендігін жеткізді.

Брифинг барысында Бахтияр Өнербаев мемлекеттік қолдаудың арқасында облыс орталығы Талдықорған қаласын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғандығын, оны соңғы кездегі қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығымен түсіндіруге болатындығын түсіндірді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Астана қаласында «Қуатты өнір - қуатты Қазақстан» атты Алматы облысы  күндеріне жоспарланған бағдарлама аясында Астана қаласы Оқушылар сарайы  ғимаратының жанында Алматы облысы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі  өтті. Оған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.

Жәрмеңкеге облыстың 16 ауданы, 3 қаласы және «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-ы  қатысты.

Астана тұрғындары мен қала қонақтарына жалпы көлемі 340 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерінің 38-ден астам түрі ұсынылды. Алматы облысынан жеткізілген тауарлардың жалпы құны 160 млн. теңгені құрады.

Оның ішінде: жылқы еті - 1,8 тонна, құс еті - 7,0 тонна, балық өнімдері - 11,8 тонна, көкөніс - 100,2 тонна, алма, жеміс-жидек - 30,5 тонна, картоп - 47,0 тонна, сүт өнімдері - 13,8 тонна, шұбат пен қымыз - 2,9 тонна, күріш - 16,5 тонна, ұн - 5,8 тонна, қант –6,0 тонна, бал - 3,9 тонна, жұмыртқа - 16,0 мың дана, бакалея өнімдері - 2,4тонна және басқа өнім түрлері 106,9 тонна.

Тұтынушылар жетісулық өнімдер бағасының қаладағы бөлшек сауда бағасынан 15-20 пайызға төмен және өнімдердің сапалы екендігі жайында ойларымен бөлісіп жатты.

Сонымен қатар, Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Алматы облысының Астанадағы «Қуатты аймақ - қуатты Қазақстан» атты күндері аясында бірнеше ауқымды шаралар болып өтті. Ұлттық кітапханада «Жерұйық мекен – Жетісу» атты жетісулық ақын-жазушылар кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер киелі Жетісу жерінің ақын-жазушыларының қаламынан туған шығармаларымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ осы күні Ұлттық мұражайда да көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Алматы облысы мұражайларындағы экспонаттар, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қолданған жеке заттары, көне ыдыстар, тұрмыстық және зергерлік әшекей бұйымдар, өзге де көптеген экпонаттар қойылды. Сонымен қатар көрмеге жетісулық қылқалам шеберлерінің портер, пейзаж және тарихи тақырыптағы шығармалары да қойылды. Бүгінгі күнге жоспарланған шаралар соңы «Жастар» театрының сахнасында Алматы облысының Б. Римова атындағы драма театры әртістерінің орындауындағы «Керей - Жәнібек» атты спектаклін қоюмен өз мәресіне жетті.

Осылайша Алматы облысының делегациясы облыс күндері шеңберінде әзірлеген бағдарламасының бірінші күні Елордалық тұрғындар мен қала қонақтарының көңілінен шығып, ыстық қошеметіне бөленіп үлгерді.

Ертеңгі күні де астаналықтарды таңның атысынан кештің батысына дейін қызықты шараларға толы күн күтуде...