Боқаев пен Аян 5 жылға сотталды
2016 ж. 28 қараша
3650
50
Бүгін 28 қараша, Атыраудағы 2 сотта сот процестері аяқталған Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа сот үкімі оқылды. Сот үкімін Азаттық радиосы тікелей эфирде көрсетті.
Қамшы порталы хабарлағандай, облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев сот залының тарлығына байланысты БАҚ өкілдері сыймай қалғанын айтып, сотқа қатысушылардың кейбірін басқа бөлмеден арнаулы мониторлардан бақылауды сұрады. Бұған дейін сотқа қатыса алмаған журналистер үкім оқылатын болған соң сот залына кіргізілді. Сотқа жиналған адамдар өте көп болды.
Сот айып тағылған Талғат Аян мен Макс Боқаевқа жалпы режимде жазасын өтеуге 5 жылдан жаза кесті.
Айта кететін болсақ, 21 қараша күні жарыссөзде прокурорлар Қасым Садықов пен Марат Хабибуллин Боқаев пен Аянға тағылған "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, "олардың кінәлары толық дәлелденгенін" айтты.
Прокурор Макс Боқаевқа сегіз жыл бас бостандығынан айыруды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салуды сұрады. Мемлекеттік айыптаушылар Аянды да сегіз жылға соттауды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қоюды және 250 теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл белгілеуді сұраған болатын.
Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысымен келіспейді.