Қазақ заңдары Сырдың соттарының сирағынан да келмейді...
2016 ж. 26 қараша
2220
5
2.Заңды жалпағынан басатын Жаппасбаев
немесе жазықсыз жанды жылатудың жаңа жолы
(«Был бы человек, статья найдется»
37-жылдар фольклоры)
«Жаптым жала, жақтым күйе!»
Қазақ қиссаларында патшалардың: «Кеше түн мен бір түс көрдім, түсімде сұмдық іс көрдім» дейтін сөзінің жиі кездесетіні оларды оқып өскен аға ұрпақтың есіңде шығар. Қызылорда облыстық сотының қызметкері Жанат Махамбетованың басынан кешкені де сол адам айтса сенбейтін сұмдықтың бірі. Болған оқиғаны оқырманға мүмкіндігінше қысқаша түсіндіріп өтуге тырысайық.
Қызылордадан Қармақшы аудандық сотына қызметке ауысатын болған Ж.Маханбетова жекеменшік пәтерін Э.Абилдаева деген көрші тұрған ескі танысына сатпақшы болғанда, алушының өтінішімен ақшасының екі бөліп алуға келіседі. Э.Абилдаева оның пәтерін барлық жиһазымен бірге жалға алады. Сонымен, 07.06.2011ж. нотариус бекіткен келісім-шартқа сәйкес Ж.Маханбетова 2,916 млн.теңгені кепілпұл ретінде алады, Э.Абилдаева қалған 5,103 млн.теңгені 01.01.2012ж. дейін төлейтін болады. Осы соманы шарттағы мерзімге сәйкес алған кезде Ж.Маханбетова үйді Э.Абилдаеваға сататын, айнып қалса кепілпұлды екі есе қайтаратын, ал, шартты Э.Абилдаева орындамаса, онда кепілпұл Ж.Маханбетовада қалатын болады. Кепілпұл жайлы келісім-шартта көрсетілген нәрселер осы ғана, басы артық ештеңе жоқ. Бәрі түсінікті.
Қараша айында Ж.Махамбетова қызмет бабымен Қызылорда қалалық сотына ауысып келеді. 01.01.2012ж. Э.Абилдаеваға телефон соғып, «мерзім өтті, уәде қайда, ақша кәні?» дегенде «Ақшаның жайын күйеуім біледі» деген жауап естиді. Қаңтардың 3-іне нотариустен сұрағанында, ол Э.Абилдаеваны көрмегенін айтады. Ж.Махамбетова 4-қаңтарға дейін қарыз тұрмақ нақты жауап ала алмаса да, ақшасын қолымен беріп, аяғымен іздеуге үйренген ақ көңіл, кең пейіл қазақтың қызы емес пе, «қарыздар адам қимылдар» деген оймен, 4-іне Э.Абилдаеваға шарттың бұзылғаны жайлы хат жібереді. Сіз де болсаңыз сөйтер едіңіз ғой, қадырлы оқырман, солай емес пе?
Ал, қарсы жақтың орнында болсаңыз (қазақтың көбі) не істер едіңіз? Әрине, ақшаңызды алып Ж.Махамбетоваға жүгірер едіңіз, кешірім сұрап, сол күні істі бітірер едіңіз, бітіріп, бұрынғы көршіңізбен бірге отырып «жуар» едіңіз. Ақшаңыз дайын болмаса да барып, «айналайын, әзірге барын ала тұр, бір-екі күнде қалғанын тауып берем» дер едіңіз. Бір-екі күн болмаса да, бір-екі аптада оны да адамшылықпен аяқтап, екі жақ бір-біріңізге «береке тап!» «құтты болсын!» десіп тарасар едіңіз.
Бірақ, Э.Абилдаева көп қазақтың бірі болмай шығады. Оның не істегенін сіз 10 күн ойлансаңыз да таба алмайсыз. Себебі, ол... шабуылға шығады. Дәлірегі, жала жабады - қаңтардың 10 күні сотқа арыз береді. Өзінің ақшасы дайын екенін, екі ай бойы да, Жаңа Жылдан кейін де Ж.Махамбетованы іздеп таба алмағанын (?), қаңтардың 4-күні телефон соққанында Ж.Махамбетованың жөнді жауап бермегенін, сотқа барса шықпай қойғанын, «...5,103 млн.теңгені әлі күнге төлей алмай отырғанын» жазады. Онымен де қоймайды, Ж.Махамбетованы ақшаны алудан қашып жүр деп айыптап, одан:
1) екі еселенген кепілпұлды - 5 832 000 теңгені, кредитті жабу үшін 168 600 теңгені (пәтердің айлық жалдық ақысы үшін 28 мың теңгеден 6 айға банкке төленген ақша, бұл жөнінде екі арада ауызша келісім болған) қайтарып беруді (бұл жерде және ары қарай қарайтқан біз – автор) немесе қалған 5 103 000 теңгеге Қызылорда қаласы, Бұхарбай батыр көшесі №58 үй 63 пәтерді сатуға мәжбүрлеуді сұрайды.
Э.Абилдаева 27.02.2012 ж қосымша арызында «...5 832 000 теңгені, 168 600 теңгені қайтаруды, өкілге төлеген 300 000 теңгені, мемлекеттік баж 58 320 теңгені,
Ж.Махамбетованың атындағы үйді өзіне сатып, құжаттарын оның атына өткізіп беруді сұраса;
14.03.2012 жылы 3-ші қосымша талап-арызында: «...кепіл пұл ретінде берген 2 916 000 теңгені өндіруді және кепіл пұлға берген ақшаны заңсыз пайдаланғаны үшін 192 948,62 теңге және кредитті жабу үшін төлеген 168 600 теңгені (пәтердің айлық жалдық ақысы үшін 28 мың теңгеден 6 айға банкке төленген ақша, бұл жөнінде екі арада ауызша келісім болған), өкілге төлеген 300 000 теңгені, *ДарМирАудит* ЖШС-не айыпақы есебі үшін төленген 7000 теңгені, баж салығы 63006 теңгені, бітімге келген жағдайда 5 103 000 теңгені алып, Ж.Махамбетованың атындағы үйді талапкерге сатып, құжаттарын оның атына өткізіп беруді сұрайды.
Сот не істейді? Сот (судья С.Жаппасбаев) Қазақстан Республикасы АІЖК-нің 215-221 бабтарын басшылыққа алып, талапкер Э.Абилдаеваның пайдасына « ...жауапкер Ж.Маханбетовадан кепілпұл ретінде берген 2 916 000 теңге, банкідегі қарызы үшін төленген 168 600 теңге, тұрақсыздық айыпақы 192 948,62 теңге, өкілдің көмегіне төленген 300 000 теңге, мемлекеттік баж 35 775 теңге, барлығы 3 613 323 /үш миллион алты жүз он үш мың үш жүз жиырма үш/ теңге өндіруге;
Талапкер Э.Абильдаеваның талап арызының жауапкер Ж.Маханбетовадан өзінде қалған 5 103 000 теңгені Ж.Маханбетова алып Қызылорда қаласы, Бұхарбай батыр көшесі 58/63 пәтерін өзіне сату жайлы бөлігін қанағаттандырусыз қалдыруға.
...Ж.Маханбетованың қарсы талап арызының Э.Абилдаевадан 2 000 000 теңге моральдық зиян өндіру жайлы бөлігін қанағаттандырусыз қалдыруға» шешім етеді.
Э.Абильдаеваның талаптары орынсыз екені тайға таңба басқандай көрініп тұрған бұл дау басталмай жатып шешілудің орнына судья С.Жаппасбаевтың заңды белден басқан осы шешімінен кейін өршіп кетеді. Өршігені сонша, күні бүгінге дейін оның жалыны жазықсыз жандарды күйдіріп отыр. Неге?
Біріншіден, Э.Абилдаева ҚР АК-нің 402-бабының 2-бөлігінде көзделгендей дауды сотқа дейін шешудің тәртібін - 30 күн мерзімді сақтамай сотқа жүгінеді, ал, сот оны өндіріске заңсыз қабылдайды.
Екіншіден, ең бірінші кезекте қай тарап өз міндетін орындады, қайсысы орындамады, сот соны анықтауы тиіс еді. Тиіс, бірақ, анықтамаған. Неге?.. Істе Э.Абилдаеваның өз міндетін орындамағаны көзге ұрып тұр. Сот та өз шешімінде: «Талапкер Э.Абилдаеваның 07.06.2011 жылғы кепілпұл келісім шартына сай өзінде қалған 5 103 000 теңгені 01.01.2012 жылға дейін беру үшін Ж.Маханбетованы таба алмадым, 04.01.2012 жылы нотариуске барып болған жағдайды айттық, нотариус телефонмен Ж.Маханбетовамен сөйлескенде, ол телефонды тастай салды, ал Ж.Маханбетованың 01.01.2012 жылы 07.06.2011 жылғы кепілпұл келісім шартының талаптары орындалуын және орындалмағаны жөнінде Э.Абильдаевамен хабарласып ескерткенінде, оның өзін іздеп таба алмағаны, сосын өзіне беретін қалған ақшаның дайын екендігін білмейтінін, ақша дайын шығар, мен білмеймін, күйеуім Алтынбаев И. қазір үйде жоқ, сол біледі, келген соң айтамын деді деген уәждері тиісті дәлелдемелермен бекітілмейді» деп, Э.Абилдаеваның орындамағанын көрсетіп тұр!..
Ең басты міндет орындалмағаны себепті одан кейінгі міндеттер де туындамайды, сот та іске құқықтық тұрғыдан баға беріп, оны осы жерден-ақ әділ шешуге тиіс еді. Сот олай істемеген. Неге?..
Үшіншіден, сот: «Тараптар арасында жасалған кепіл пұл келісім шарты жасалған кезден бастап заңсыздығы байқалады» дейді. Ау, екі тарап та кепілпұл шартының заңсыздығы жайлы талап қоймаған ғой? Сот болса заңды бұзып, талап шегінен шығып кеткен. «Жауапкер Ж.Маханбетова банкі алдындағы міндеттерін толық орындамай, қарызын төлемей тұрып банкінің келісімінсіз банкіде кепілде тұрған пәтерді сату мақсатында кепілпұл келісімін үшінші тұлға талапкермен жасаған. Кепілпұл ретінде алған 2 916 000 теңгені банкі алдындағы қарызы үшін төлемей, үйді
талапкерге сату үшін банктік кепілден шығармай талапкерден алған ақшаны заңсыз пайдаланған».
Жұмсартып айтсақ, С.Жаппасбаев жалған сөйлеп тұр. Өйткені, бір жылға дейін жалға берілетін пәтер әділет органдарында тіркелмейді, сондықтан банктың келісімі керек емес. «Ақшаны заңсыз пайдаланған» деген тұжырым жасау – ҚР АІЖК-нің 16-бабының 2-бөлігінің «сот үшін ешқандай дәлелдеменің күні бұрын белгіленген күші болмайды» деген талабын өрескел бұзу болып табылады.
Төртіншіден, сот одан ары қарай: «Талапкер кепілпұл келісімінде көрсетілген(?) мерзімі ішінде алты ай бойы Ж.Маханбетованың атынан оның банкілік қарызының 168 600 теңгесін төлеген» деп, ҚР АІЖК-нің 219-бабының 2-бөлігінің «сот істі талапкер көрсеткен шеңберде ғана шешеді» деген талабын бұзып қана қоймай, қып-қызыл өтірік айтуға (келісімде не көрсетілгенін жоғарыда жаздық) барып отырса (ал, бұл қылмыс емей немене), одан кейінгі: «Бұған қарағанда талапкер өз міндеттемесін толық болмаса да ішінара тиісінше орындаған» деген тұжырымы арқылы Ж.Маханбетова туралы теріс шешім жасауға, ал, Э.Абилдаеваның теріс ісін ақтауға дайындалған. Әйтпесе, міндетін орындамаған адамның пайдасына Ж.Махамбетовадан кепілпұлды өндіруге судьяның қандай хақысы бар? Ж.Махамбетова кінәлі болса, неге шартққа сәйкес 2 есе етіп өндірмеген?! Бұл сұрақтарға судьяның жауап берер кезі келеді деп ойлаймыз.
Бесіншіден, Э.Абилдаеваның өзі «2011 жылдың шілде айынан бастап Ж.Т.Маханбетовамен арада болған келісім негізінде оның кредитін ай сайын 28 100 теңгеден, алты айға 168 600 теңге ақшаны «Банк ЦентрКредит» банкісіне төлеп тұрғанын» талап-арызында көрсеткен жағдайда, оны қайтарып беру заң талабына қайшы емес пе?
Алтыншыдан, ең бастысы да осы, бірінші саты соты:
«...Абильдаева Эльмира мен Алтынбаев Ибрагимді Қызылорда қаласы, Бұхарбай батыр көшесі 58/63 пәтерінен отбасы мүшелерімен басқа тұрғын үй-жай берместен шығаруға.
...Ж.Маханбетованың Э.Абильдаевадан кепілпұл ретінде алған 2 916 000 теңгені Э.Абильдаеваға толық өндіріп болғанша Э.Абильдаеваның отбасы мүшелерімен оның пәтерінде тұра беруіне мүмкіндік беруге» деген бір сөзі екінші сөзіне қарама-қарсы шешім шығарады.
Ау, сонда Ж.Маханбетованың отбасы қайда тұратын болады? Бұл туралы сот жұмған аузын ашпайды.
Қызылорда облыстық сотының апелляциялық алқасы (судья Н.Бесбаева) 16.05.2012 жылы бірінші саты сотының шешімінің 192 948,62 теңге тұрақсыздық айыпақы туралы бөлігінің ғана күшін жойған, қалған заңсыздықтың бәрін заңдылық деп тапқан.
Қызылорда облыстық сотының кассациялық алқасы (төрағалық етуші Б.Сариев, судьялар Б.Қиязов, М.Имандосов) одан да асып түскен – бірінші саты сотының шешімі мен апелляциялық алқаның қаулысын өзгеріссіз қалдырған. Және алқаның қаулысын түгелге жуық көшіріп басамыз деп жүріп, барып тұрған кәсіби сауатсыздыққа ұрынған – бірінші саты сотының шешімінің бір бөлігін апелляциялық алқа өзгерткенін де байқамаған!
Соңғы үміт – Жоғарғы Сотта (судьялар Д.Тұмабеков, Б.Жұмағұлов,Г. Рыспекова). Өкінішке қарай, ол да оны ақтамаған! Бұнда да сол – кассациялық алқаның қаулысын талғамай жұту. Осы соңғы екі сот сатысы да апелляциялық алқаның: «Кепілпұл шартында қаралған мерзім 2012 жылғы 01 қаңтарда өткеннен кейін кепіл алушы кепіл берушіге шарт тараптары орындалмағандықтан бұзылатындығы туралы ескертпе жолдаған. Кепіл беруші пәтер құнының қалған сомасын төлеу үшін Ж.Маханбетованы іздеп, оны таппаған соң нотариус Сүйеубаеваға барып, оған ақша дайын екендігі туралы хабар бергізгенін көрсеткен. Нотариус Сүйеубаева бұл жағдайдың растығын бекіткен. Сот
тараптардың әрекеттеріне баға бере келіп, талапкер міндеттемесін толық болмаса да орындаған, ал жауапкердің тарапынан кепілпұл шартын едәуір бұзу орын алған деп түйіндеген. Бірінші сатыдағы соттың бұл қорытындысына кепілпұл шартында пәтердің кепілдікте тұрғаны көрсетілмеуі, шартта қаралмаса да сатушының сатып алушыға банк есепшотына несиесін төлетуі, төлем уақыты болғанда(?) сатып алушыдан қашқалақтап, сатып алу-сату шартын жасау үшін қалған ақшасын алмауы, кепілпұлды банк несиесін жауып, мүлікті кепілден босатуға жұмсамауы негіз болған» деген қорытындысын сол күйі көшіріп басу арқылы аталмыш алқаның Ж.Маханбетованың әрекетінің дұрыстығын мойындай отырып, оны «кепіл пұл шартын едәуір бұзған» деген қасақана өтірік, дәлелсіз жасалған тұжырымымен келіскен.
Ең сорақысы мынау: бірін-бірі толықтырып, демеп отыруды ұмытпаған сот алқалары ең басты, ең даулы нәрсені – бірінші саты сотының Э.Абилдаеваға Ж.Маханбетованың пәтерінде тұруына рұқсат беріп, ал, Ж.Маханбетованың отбасының өз үйіне кіру-кірмеуін көрсетпегеніне тоқталуды ұмытып кеткен! Адам тағдырына алаңдаушылық білдірмеушіліктің шектен шығуы деп осыны айтпаса, басқа нені айтуға болады?
«Жыласаң – тағы ұрамын!»
Отбасымен далада қалған Ж.Маханбетова өз үйіне өзін қоныстандыруды сұрап арызданады. «Жауапкерлердің өздеріне отбасы мүшелерімен талапкердің пәтерінде тұра беруіне мүмкіндік берілуі сот шешімі бойынша кепілпұл ретінде алған 2 916 000 теңгені өндіру тәсілі деп түсінулері негізсіз және жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес талапкер Ж.Маханбетованың меншік құқын заңсыз шектеу болып табылады» деп шешкен судья Р.Шамшиев арызды қанағаттандырады.
Бірақ, Ж.Маханбетованың қуанышы ұзаққа бармайды. 27.12.2012 ж. Апелляциялық сот алқасы (судья С.Жуынтаева) бұл шешімнің күшін жояды: «Яғни, заңды күшіне енген сот шешімімен талапкерлердің өз пәтерлеріне қоныстану мәселесі шешілген, атап айтқанда, Ж.Маханбетова Ә.Абилдаевадан алған 2 916 000 теңге ақшасын қайтарғанда, талапкерлердің өз пәтерлерін иелене алатыны өз шешімін тапқан». Оу, С.Жаппасбаевтың шешімінде «ақшаны қайтарғанда талапкерлердің өз пәтерлерін иелене алатыны» деген сөз жоқ қой?!
Мынадай сұмдықты естіп, өз құлағына өзі сенбеген (қаулыны әлі қолына алмаған) Ж.Маханбетова ертесіне, 2012 жылдың 28-желтоқсанында С.Жуынтаеваға кіреді, неге олай еткенін сұрайды. Судья шешімді алқа болып қабылдағанын алға тартып, ақталуға тырысады. «Сонда мен өз үйіме өзім кіре алмайтын болғаным ба?» деп күйінген сот қызметкері жылап-еңіреп шығып кетеді.
Күйінудің арқасы 7.01.2013 ж. Ж.Маханбетоваға ҚР Бас прокурорының атына арыз жазғызады. Сондай арыз кеткенін естісе керек, С.Жуынтаева Қызылорда облыстық сотының төрағасы Н.Қайырбековке Ж.Маханбетованың әрекетіне қатысты 11.01.2013 ж. Мәлімдеме түсіреді. 14 күн өткен соң барып!.. Дегенмен, сыпайы ғана: «Маған «дұрыс шешім қабылдамадыңыз, еш жерде менің өз үйіме кірмеуім жөнінде айтылмаған, мен ешнәрсеге де қарамай үйіме кіріп аламын» деді». Оның мазмұнының бар-жоғы - осы. Ең соңында «сот қызметкерінің әрекетін назарыңызға саламын» деген.
Соған қарамай, бүкіл сот жүйесі Ж.Маханбетоваға шүйлігеді. Қызметтік тексеру 24.01.2013 аяқталып, Ж.Маханбетованың тәртіптік мәселесі Мемлекеттік қызмет агенттігінің облыстық басқармасының Тәртіптік кеңесінде 26.02.2013 жылы қаралып, қорытындысы облыстық соттың кеңсесіне 04.03.2013 жылы түскен. Бұл кеңсенің Тәртіптік комиссиясы 19.03.2013 ж. Ж.Маханбетова ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің 3-бабының 12-ші, 13-ші тармақтарының талаптарын өресккел бұзғандығы байланысты атқаратын қызметінен босату туралы шешім қабылдайды. 26.03.2013 ж. Кеңсе басшысы А.Жұмамұратов «судья С.Жуынтаева Ж.Маханбетоваға тиісті шара қолдануды сұраған» деп өтірік негіздеме жаза отырып, Ж.Маханбетованы қызметінен босатады. Бұл жерде де бірнеше рет заң бұрмаланған. Біріншіден, Өйткені,
ҚР Мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесіне сәйкес «тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады». Мемлекеттік қызмет агенттігінің Тәртіптік кеңесі өзінің 26.02.2013 ж. күнгі шешімінде «Ж.Маханбетованың жасаған әрекеттері (егер ол шын мәнінде кінәлі болғанның өзінде – авт.) Қызылорда облыстық кеңсесі тарапынан жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесімен дәлелденген» деп жазып отыр. Яғни, 24.01.2013ж. «анықталған» ғана емес, «дәлелденген» де! Демек, А.Жұмамұратовтың бұйрығы 24.02.2013 ж. қалмай шығуы керек еді. Ортадағы сөздің бәрі – желеу ғана. Ендеше, ол бұзылуы тиіс! Қызылорда қалалық соты да (судья – А.Есдәулетов) 02.08.2013 ж. өзінің шешімінде: «Осыған байланысты, талапкердің өзін тәртіптік жазаға тарту мерзімі өтіп кеткені жөніндегі уәждері негізді болып табылады» деп мойындап тұрып, бұйрықты бұзбаған. Қарама-қайшы шешім шығарғыш Жаппасбаевтың жолымен кеткен.
Екіншіден, Тәртіптік кеңес айтып отырған Ар-намыс кодексінің 3-бабы «Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы» деп аталады. Ау, айналайындар-ау, қайдағы сыбайлас жемқорлық? Бұл бабтың 12-тармағы: «Мемлекеттік қызметшілер жеке мүліктік және беймүліктік пайда табу үшін өзінің лауазымдық өкілеттіктерін және онымен байланысты мүмкіндіктерді қолданбауға тиіс» десе, 13-тармағы: «Мемлекеттік қызметшілер мүдделер қақтығысын болғызбау үшін шаралар қолдануы тиіс» дейді. Қайдағы мүдделер қақтығысы, қандай пайда? Ж.Маханбетованың бар айыбы «...28.12.2012 жылы қызмет бабын пайдаланып облыстық соттың күзет бекетіндегі азаматтардың судьяларға кіріп-шығу журналына тіркелместен немесе алдын ала судьяның келісімінсіз судья С.Жуынтаеваның қызметтік кабинетіне» кіргені болып отыр ғой. Бірақ, алдын ала келіспегенмен, С.Жуынтаева рұқсат еткен соң кіріп отыр, рұқсат етпесе кіре алмас еді ғой! С.Жуынтаева тіпті ешқандай шағым, арыз да жазған емес. Шара қолдануды да талап етіп отырған жоқ! Тәртіптік кеңестің ұсынысы да ұсыныс қана, құқықтық актіге жатпайды, орындалуы міндетті емес! Ж.Маханбетованың тәртіп бұзғаны ары барса ескерту, сөгіспен бітетін шаруа.
Ендеше, мәселе неде? Мәселе – біздіңше Ж.Маханбетованың С.Жуынтаеваның шешімі әділетсіз деп Бас прокуратураға арыз жазғандығында! Бірінші сатыдағы соттан бастап Жоғары Сот (26.2.2014-ке дейін) судьяларының бәрінің бірдей жабылып, өздері өзінің жеке меншік үйіне кіргізбей қойған қаршадай қызды, пәтерден пәтер жалдап жүргені аздай, түймедейді түйедей етіп жұмыстан қууларының сыры осында ғана! Қатардағы сот маманы судьяның үстінен арыз жазады, бұл не деген сұмдық?! Қалай батылы барды?! Ендігәрі ешкім ондай «ерлікке» бармақ түгілі ойына да ала алмайтын болсын! Сондықтан барынша қатал жазалау қажет! (Әрине, әрине, судья Есдәулетов атап өткендей «...адамгершілік және парасат, ақылға қонымдылық және әділеттік қағидаларын басшылыққа ала отырып»!) Ашық айтылмайтын, бірақ елдің бәрі айтпай түсініп отырған «ішің білсін, әлуәй» осы.
Ж.Маханбетоваға тәртіптік жазаның төрт бірдей сатысы жайына қалып, бірден қызметтен босату түрі қолдануының, судья Есдәулетовтің: «...талапкердің кепіл пұл шарты бойынша өз міндеттемесін қасақана орындаудан жалтаруы» деп, деректерді ашық бұрмалауға баруының, апелляциялық алқаның (судья Ж.Оспанова) «еш жерде менің өз үйіме кірмеуім айтылмаған, мен ешнәрсеге қарамай үйіме кіріп аламын» деген сөзді «дөрекілік көрсеткен» деп бағалауының, кассациялық алқаның (төрағалық етуші Б.Киязов, судьялар Б.Сариев, С.Баймаханов) «Тәртіптік жаза қолданудың бір айлық мерзімі судья С.Жуынтаеваның мәлімдеме берген күнінен бастап емес, ол бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп теріс қылық дәлелденгеннен кейін мемлекеттік қызмет агенттігінде қаралып, қорытындысы жауапкерге келіп түскен күннен (?!), ягни 4 наурыз 2013 жылдан бастап есептелуі тиіс» деп шешуінің, Жоғарғы Соттың ол тұжырыммен келісуінің және «...рұқсатсыз кіріп (С.Жуынтаева айтты ма?), шешіммен келіспейтіндігін мәлімдеп, дөрекі (қандай?) сөздер айтып, теріс әрекеттер жасаған» қорытынды жасауының құпиясы осы ғана...
Сол себепті де Ж.Маханбетова бүгінгі күнге дейін әділдікке жете алған жоқ. Бірақ, ерте ме, кеш пе, оған жетеріне күмән жоқ. Себебі, әділдіктің, Б.Момышұлы атамыз айтқандай «міндетті түрде келетін, бірақ, кешігіп жүретін» қасиеті бар. Өз үйіне кіруі екі жылдан аса мұң болғанымен, ақыры оң шешмін тапты ғой. Бұл да сондай болады. Тек... Тек, еліміздің тұрғындарында сотқа деген сенімсіздік бұрынғыдан да гөрі күшейе түсетін болады. Өткен мақаладағы кейіпкеріміз Г.Жаманбаева да: «Құрбым Ж.Маханбетоваға не істегендерін көріп отырғаннан кейін мен үй-жайымды сотта қорғауға бел шеше кірісе алмадым, адвокатқа тапсырып қойдым, соның салдарын бүгін тартып отырмын» дейді.
Ал, соттар неге білгенін істейді? Өйткені, байқамай болсын, қасақана болсын, қабылдаған қате шешімі үшін ешқандай жаза тартпайтынын жақсы біледі. Ж.Маханбетованы екі жыл әуре-сарсаңға салғандардың қылшығы қисайған жоқ. Ертең С.Жаппасбаев жұмыстан қуылады деп отырсыз ба?..
P.S.Біз екі мақалаға қойған ортақ тақырып - «Қазақ заңдары Сырдың соттарының сирағынан да келмейді...» - қазақ заңдары Сыр бойындағы сот атаулының бәрінің бірдей сирағынан келмейді дегенді білдірмейтіні түсінікті болар деп ойлаймыз. Дегенмен, түсінбеген түр танытып, бұл сөзді тікелей өз адресіне қабылдап қалған судьялар болып жатса, ол мырзалардан алдын-ала кешірім сұраймыз.
Ө.Әбдіуәліұлы