көлеңкеде қалған Дәстүрлі өнер

Әр заманның ағымына байланысты тыңдарманның талғамы өзгеріп отырады. Бүгінде эстрада жанры шоқтығы биік, тыңдарманның таңдаулысы болып тұрған өнердің бірі. Алайда эстрадалық өнеріміз шарықтап тұрғанымен дәстүрлі әндеріміз кенжелеп, қатардан қалып бара жатқаны белгілі. Көптеген әншілеріміз домбырадай киелі аспапты өздеріне серік етіп, өнер жолын бастап келіп, соңынан осы қасиетті серігін микрофонмен алмастырып, тез танымал болудың оңтайлы жолын қарастырады.

Яғни, мағынасы тереңге бойлайтын, әрбір сөзінен көңілге медеу табатын дәстүрлі әндеріміз бен жыр-термелерімізді арзанқол эстрадалық сарынға ауыстырылып жатыр. Себебі, әншілеріміздің көбі өз сойылын соғып, қаражат табудың амалымен тойға шығып «Мен сені сүйем, күйем» деп келетін жеңіл әндермен халықты қарық қылып, дәстүрлі әндеріміздің обалына қалып жатады. Сол тойларда да, елді тәубесіне келтіретін, имандылыққа, сабырлылыққа тәрбиелейтін әндерді орындаса болады емес пе? Жоқ, тойға деп арнайы ән жаздырып «Құтты болсын тойларың», «Тойың тойға ұлассын», «Болыңдаршы бақытты» деп шырқай жөнеледі. Бүгінде дәстүрлі әндерді ешкім тыңдамайды деген жаңсақ пікірді жанымызға желеу етіп алғанбыз. Соның салдарынан дәстүрлі әндеріміз тасада қалып бара жатыр. Көптеген әншісымақтарымыз тойдың әуеніне салып, жұртты билетіп, секірткеніне мәз. Өмір тек ойын мен күлкіден, қуаныштан тұрмайды ғой. Ал, кейбір әншілеріміз ән жаз­дыруға еріне ме, атадан балаға мұра болып келе жатқан әндерімізді эстрада бағытына бұрып айтып жүр. Тіпті кейбіреулері әннің мәтінін немесе әуенін өзгертіп алған. Бұл автор мен халықтың алдында өнер үшін жасалған қиянат болып саналмай ма? «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ағамыз айтқандай, ән халықтың баға жетпес қазынасы, оны бұрмалап өзгертуге ешкімнің қақысы жоқ. Айталық, Ақан Серінің «Балқа­ди­ша» әні, кезінде тұрмысқа шыққалы жатқан қызға арнап, оның бойындағы сүйкімділігін, сұлулығын, тартымдылығын әнге қосқан, оған ғашықтығын білдірмеген. Мұны көптеген зерттеуші-ғалымдарымыз дәлелдеп бағуда. Әйткенмен, бүгінде бұл әнді сексен үш жасқа келген қариямыз Ақан Серіні жас қызға ғашық етіп, қайғылы әуенге салып, «Жігіттер» квартеті орындап жүр. Ал, «Дауыс интернешл» тобы қазақтың «Құралай көз» әнінің әуенін өзгертіп алған. Бұл әннің бұрынғы нұсқасын тыңдағанда бойыңды ерекше бір сезім билеп, алпыс екі тамырың шымырлап кететіні рас. Бірақ, әнші қыздарымыздың орындауынан кейін қайран қазақтың әні-ай деп іштей ғана қынжыласың. Сонымен қатар, «Аяла» тобы халықтың халық әні «Күміс құмған-ай» әнінің әуенін эстрадаға салып, ырғағын жылдамдатып, бір өзгеріс әкелгендей мәз болуда. Қазақтың әрбір әні-өз алдына тарих. Мәселен, «Елім-ай» әні осы уақытқа дейін еш өзгертусіз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, осы ән арқылы еліміздің басынан кешкен ауыртпалығын біліп, сезіндік емес пе? Ата-бабаларымыз әрбір әнді та­­рих­пен сабақтастырып шығарып кеткен. Сондықтан да оны сол қал­пын­да сақтап, еш өзгертусіз келесі ұр­паққа таза күйінде жеткізу біздің міндетіміз. Онымен қоса, кейбір жұлдыз­дарымыз өз ұлтының әндерінен гөрі, шетелдің әндерін орындау арқылы, басқалардан оза шабамыз деп ойлайды-ау шамасы. Соның салдарынан еститініміз арзанқол әндер. Мысалы, әнші әрі композитор Ринат Гайсиннің бір әнін алып қарасақ «Мені ойлай берме» деген сөз бастан -аяқ айтылып, бір ән болып шыққан. Сейфуллин Жолбарыс ағамыздың өлеңін тыңдап отырсақ, іліп аларлық бір сөз таппайсың, түсініксіз. Қазіргі жастардың тыңдап жүргені «Пах-пах! Қандай ғажап иіс», «Бір шанс бер!», «Ақ тамағыңнан бір иіскетші», «Сені сағындым жаным», «Ешкімге ұстатпаймын», «Мені өзіңмен алып кет», «Мен еркемін ешкімге бағынбаған», «Өмір солай» деп келетін әндер. Мұны тыңдап өскен жастардан қандай ұрпақты күтеміз? «Пах-пах! Қандай ғажап иіс» деп жастарды азғындатып, өз қолымызбен жамандыққа итермелеп жатқаны­мызды неге ескермейміз? «Мен еркемін ешкімге бағынбаған» деп Айлан есімді әнші қызымыз шырқап жүр. Қай қазақтың қызын көрдіңіз ешкімге бағынбай, өз бетімен жүретін! Оған қоса, осы әндерге бейнебаян түсіріп, жастарды уландырып жатыр. Өйткені, халықтың таң атқаннан қас қарайғанша көретіні теледидар, сиқырлы көк жәшіктен берілетін әуендердің барысы осы әндердерге түсірілген бейнебаяндар. Ол бейнебаяндардың барлығының желісі бір бағытта жігіті тастап кеткен қыз немесе қызы тастап кеткен жігіт, соның салдарынан көліп апатына ұшарап, баянсыз аяқталатын махаббат. Осындай әндердің орнына таңнан таңға ұрып тірі дауыста ән айтып жүрген дәстүрлі әншілерімізді орындатса ғой, әрбір сөзінен рухани ләззат алып, ерекше сезіммен тыңдайсың. Тіпті халық әндеріне түсірілген бейнебаяндар саусақпен санарлық, қандай бейнебаяндар бар еді деп, ойланып барып бір-екеуі ғана ойымызға оралады. Біз бас салып әншілерді жамандайық деп отырған жоқпыз, күнделікті көзбен көріп жүрген жәйттарды айтып, осы келеңсіз мәселелер өз шешімін тауып қалар деген оймен жазып отырмыз. Әншілеріміздің барлығына бірдей күйе жаға алмаймыз, олардың ішінде де асылы жауқары бар. Айталық, Қыдырәлі Болманов «Қайтсем қазақтың қара домбырасын қазіргі жастарға насихаттап, болашаққа аманат етіп жеткіземін деп, домбыраның қоңыр үніне гитара мен скрипканы қосып, Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Нұрғисаның күйлерін, ұлттық мұрамызды эстрадаға сүйене отырып орындап, елдің көңілінен шығып жүр. Өмірқұл Айнязов, Алма Аманжолова және тағы да басқа әншілеріміз құлақтың құрышын қандыратындай дәтүрлі әндерімізді орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді. Сонымен қатар, «Кеш Үоu» тобы, «Сүгірдің термесін» тыңдарманның жүрегіне жеткізе орындағанын естігенде бір серпілік қалдық. Әнді халықтың жүрегіне ұялата білу-үлкен өнер және әннің бағын ашатын әнші. Сондықтан да, әншілеріміз халық қазынасындағы әндерді бұзбай, сол қалпында орындағаны абзал. Әртүрлі сарындағы эстрадалық әндерден жүйкесі жұқарған халыққа рухани байлық сыйлайтын әндерді көбейту керек. Өнер ордасының басы-қасында жүрген ағаларымыз халық игілігі үшін осы жайттарды ескерсе, нұр үстіне нұр. Әсел РЗАЕВА