МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДЕГІ МЕДИАФОРУМ
2016 ж. 23 қараша
1765
0
1993 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен әлемге әйгілі «Шеврон» мұнай өндіру корпорациясының басшысы Кеннет Дерр «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Сол кезде бұл құжат «ғасыр келісімі» деген атқа ие болған-ды.
Тәуелсіздігімізбен тетелес бұл кәсіпорын сол жылдардан бері тарихи құжатқа сәйкес ауқымды істер атқарып келеді. Өндірістік жоғары көрсеткіштерімен бірге ТШО әлеуметтік жауапкершілікті де қатар көтеріп, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленуде. Бұл туралы «Қазақ үні» газеті бірнеше рет жазған болатын. Елімізде шетелдікпен бірлескен кәсіпорындар аз емес, олар да түрлі салаларда жұмыс істеп жатыр. Осының бәрі еліміздің экономикасын дамытуға бағытталғаны айтпаса да түсінікті. ТШО-ның өзгелерден бір ерекшелігі бар, ол – ақпараттық ашықтық. Компания басшылары жылына екі рет Алматы қаласына келіп республикалық БАҚ өкілдеріне атқарылып жатқан жұмыстары мен жоспарлары жайында ашық әңгімелеп береді.
«Жүз рет естігеннен бір рет көрген жақсы» демекші, жақында ТШО БАҚ өкілдерін мұнайлы өлкеге арнайы шақырып, өндіріс барысымен тікелей таныстырды. Атырау қаласында кәсіпорын қаржысына салынған нысандарды аралатып көрсетті. Мұндай медиафорумдар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрмақшы.
Зейнолла Абажанов
qazaquni.kz