ӘЗЕРБАЙЖАН ЕЛШІСІ АХМЕТ ЯССАУИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ

Бүгін, 18-қараша күні, Түркістандағы Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов іс-сапармен келді.

Оқу орнына арнайы келген Елші Рашад Маммадовты университет президенті, профессор Уәлихан Әбдібеков қабылдады. Тараптар Ахмет Ясауи университетінде «Әзербайжан тарихи-мәдени орталығын» ашу туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, аталмыш орталықтың іске қосылуы жөнінде пікірлесіп, атқарылуға тиісті дайындықтар төңірегінде келісімге келді. Дәстүрге сай тараптар өзара бір-біріне кәде-сый ұсынды.

Халықаралық статусқа ие оқу орнында қазіргі таңда Түркі әлемінің 30-дан астам ұлттары мен ұлыстарының жастары білім алады. Олардың қатарында 60-тан астам әзербайжандық студенттер де бар. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген жастар саясаты саласында тиімді ынтымақтастықты жолға қою арқылы зияткерлік элитаны қалыптастыруды межелеп отырған келісім негізінде түрлі бағытта әріптестікті дамыту істері қолға алынбақ.

Құрметті қонақ өзінің сапарын университет Мәдениет орталығында жалғастырды. Оқу орны қалашығының жобалық макетімен, «Түркі халықтарының мұражайымен» танысып, лебіз кітабына қолтаңба қалдырды. Елші, cтуденттердің «Түркістан Халықаралық БҰҰ моделі» республикалық конференциясының пленарлық мәжілісіне қатысты. «Түркістанда ашылған 25 жылдық тарихы бар Ахмет Ясауи университеті түркі әлемінің бағына ашылған оқу орны. Бұл түркі дүниесінің ең үлкен жемісі деп білемін»,-деді өз құттықтауында. Мұнан әрі Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі университеттің кітапханасында студенттерге лекция оқыды. Р.Мамедов өз дәрісінде Әзербайжан мен Қазақстан елдері арасындағы ынтымақтастық байланыстар және Әзербайжан Республикасының саяси-экономикалық әлеуеті төңірегінде мәліметтер берді. Елші Рашад Мамадовтың лекциясына оқу орының вице-президенттері М.Куталмыш, М.Эрен, Б.Ахметов, Т.Раимбердиев, Б.Мухамеджанов және факультет декандары қатысты.

Елші, сапар бағдарламасы бойынша оқу орнында білім алып жүрген Әзербайжан елінің жастарымен де кездесті. Мұнан әрі еуропалық үлгіде жасақталған оқу орнының жаңа кітапханасымен танысты.

А. Сәдібеков,

qazaquni.kz