Қазақ заңдары Сырдың соттарының сирағынан да келмейді...
2016 ж. 18 қараша
2322
2
«Бей своих, чтоб чужие боялись!..»
Орыс мәтелі
Қызылордалық соттар шешім шығарған төмендегі 2 іспен танысып отырғанда баяғыда бір аңғал ағамыздың: «Біз де әйелімізді сабайтын едік, бірақ, мынадай арбаға байлап қойып сабағанды көрмеген едік» деген сөзі еске түскені. Том-том құжаттардан үзінді берер болсақ, сайттың бір нөмірін тұтас алып кететіндіктен, баяндау түрінде ғана жазуға мәжбүрміз.
1.Сот банктың сойылын соғуының қандай сыры бар?..
Қызылдорда қаласының азаматы, «Динара Б» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы Бақытбек Джаманбаев 2006 жылы «Банк Каспийский»» банкінен несиелік желі ашады. Сол жылы 2 млн.теңгені 1-траншта алады, оны жабады, 2-ші рет алады, оны да жабады. 3-рет 5 млн.теңгеге тағы ашады. 2007 жылы оның 3 млн.теңгесін алады. Оны ашарда кепілге әпкесі, облыстық соттың қызметкері Гүлнәр Жаманбаеваның 2 бөлмелік пәтері мен өзі азаматтық некеде тұрып жатқан Жанат Мотышеваның 4-бөлмелік пәтерін кепілге қояды. 5 млн.теңгенің қалған 2 млн.теңгесін алар кезде банк: «3 млн.теңгенің төленбеген 750 мың теңгесін құйыңыз, сосын барып береміз» дейді. Бақытбек оны да түгел қайтарады. Банктен 2008 ж. 19 ақпанында 2 млн.теңгені алып, оған берешегін бірнеше ай бойы кесте бойынша құйып тұрғанда, 2008 ж. мамыр айында өкпесіне электр араның сынған тісі қадалып, жарақаттанып қалады. Ауруханада 9 ай емделеді. Ауырып қалған соң банкке ай сайын қарызын қайтарып тұра алмайды. 2009ж. «Банк Каспийскийдің» атауы «Kaspi Bank» болып өзгереді. 2009 ж. наурыз айында банктің өзі шығарған, «барық төленбеген қарыздарды тоқтата тұру туралы» өкім бойынша банк қызметкерлері ауруханаға келіп, Б.Джаманбаевтан 1,7 млн.теңге қарызы қалғанын және оны тоқтата тұру жайлы арыз жаздырып алады. Жаздырып алуын алғанымен ауруханада ксеркс құралы болмағандықтан, «ауруханадан шыққан соң келіп көшірме мен несиені төлеудің жаңа кестесін аласыз», деп арыздың көшірмесін бермей кетеді.
Бұдан арғы әңгімені Гүлнәр Жаманбаеваның аузынан естиік. «Содан інім Б.Джаманбаев ауруханадан шыққан соң, банкке барғанда: «бізде сіздің несиеңіз жайлы ешқандай құжат жоқ (?), арызыңыздың көшірмесін де, жаңа кестені де Алматыдағы бас кеңседен барып аласыз» деген жауап естиді... Адам мыйына сыймайтын жауап бұл – атауы ғана өзгермеген, іс жүзінде жаңа банк болып қайта құрылған банк барлық заемщиктерінің құжатттарын да қайтадан тексеріп алмай ма, кім қарыз, кім қарыз емес, көрмей ме? Банк сол бойы жаңа кесте жасап та бермейді, қарызыңызды неге төлемей жатырсыз деп мазаламайды да. Содан бір жарым жыл бойы жанымен қайғы болып жүрген азаматқа да ешқандай арам ой келмейді. Арыздың көшірмесін банк «таба алмай қалдық» деген желеумен сол бойы жоғалтып жібереді.
Содан соңғы рет есепшотына 2009 жылы қаңтарда сырттан 50 мың және 49 мың теңге түскен (оларды банк «комиссияға(?)» деп ұстап қалады) серіктестіктің салыққа төлемеген қарызы көбейіп кетеді. 2013 жылы маусымда салық органдары жұмыс істемей жатқан оны «банкрот» деп тануын сұрап, сотқа арыз түсіреді. Сот арызды өндіріске алғаннан кейін жан-жаққа хабарлайтыны белгілі. Міне, сол кезде 4 жылдан бері үн-түнсіз жатқан банкке де бірден жан бітеді - ол 2013 ж. 20 маусымында Б.Джаманбаевқа хабарлама жібереді де, 12 шілде күні кәсіпкердің қарызы «көбігін» қосқанда 36(!) млн.теңге болды, сол қарызды жабу үшін 2 пәтерді алып қою туралы арызды сотқа сарт еткізеді. Ең бастысы, банк бұл жерде қарызды баяғы 1,7 млн.теңгеден емес, 5млн.теңгеден есептеп шығарады. Оның 3 млн.теңгесі төленіп қойылғанын, өздері содан соң барып қана 4-траншпен 2 млн.теңге бергендерін де есепке алмайды.
Серіктестіктің жеке бухгалтері болмай, бухгалтер бұл мекеменің есебін өзге де бірнеше мекемемен қосып жүргізгеннің салдарынан алғашқы сот отырыстарында біз 3 млн.теңгенің төленгені жайлы түбіртектерді іске тіге алмадық. Жоғарғы Сот отырысына тауып алған 700 000 теңге аударылған соманың түбіртегін алып барғанда, олар «біз істе тігулі құжатттарға сүйеніп шешім шығарамыз» деп жауап береді.
Конккурстық басқарушы да, банк секілді, қарыз алушы мен қарыз беруші арасындағы «Салыстыру актісін» жасамайды. Реестрге «Б.Жаманбаев 40 млн.теңге қарыз» деп енгізіп қояды. Екі пәтерді алып қойғанның үстіне! Сонда бұл қарызды біздің ұрпағымыз да төлеп отыратын бола ма? Басқарушының үстінен қарызды төлету үшін ешнәрсе істемегені, әрекетсіздігі үшін біз былтыр арыз бергенбіз. Экономикалық тергеу қызметі (бұрынғы қаржы полициясы) ҚР ҚК-нің 237-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс те қозғалды сол кезде. Биылға дейін тым-тырыс.
2013 жылдың 7 тамызында Қызылордалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты «Динара Б» ЖШС-ін банкрот деп таныды. әйтсе де 2014 ж. 11 наурызда Қызылордалық қалалық сотының судьясы А.Есдәулетов ҚР АК-нің 317-бабының 2-бөлігіне сүйене отырып, банктың талабы кепілдік мүліктің бағасына «анық сәйкессіз» деп танып, одан бөлек кепілдік мүлік – «жауапкерлердің отбасы өмір сүріп жатқан жалғыз баспанасы екендігін ескере отырып», талапкердің арызын «мезгілінен ертелігіне» байланысты қанағаттандырмай тастады және «жауапкерлерге қарызын төлеуге мүмкіндік беру қажет» деп атап көрсетті! Бұл шешімді банктің талабымен қараған апелляциялық сот 2014ж.15 мамырында оны күшінде қалдырғанымен, Н.Қайырбеков төрағалық еткен (судьялар Б.Қиязов, С.Баймаханов) кассациялық сот 2014 ж. 1-шілдеде бұзды-дағы, сот екі пәтерді банкке әперу туралы шешім жасады. Кассациялық сотта баяндамашы болған судья С.Баймаханов кәзір Жамбыл облысында жұмыс істейді.
2014 жылы 8 тамызда судья Ж.Оспанова апелляциялық алқада тағы қарап, бізді банктің өкілі А.Мусаевтың берген түсінігі бойынша, банкке 10872470 теңге қарызы бар және осы сомаға екі пәтерді алып қоюға деп шешім шығарды. Бірақ, бұл соманы неге сүйеніп шығарғанын негіздемеді!
Апелляциялық сот отырысының бірінші күні, 6-тамызда судья Ж.Оспанова, банк бағалау жасайтын мерзім өтіп кеткенін біліп қалды да, сот отырысын әдейі бір күнге кейінге қалдырады. Бізді мәжбүрлеп бағалау жасату жайлы ұйғарым шығарады. Ол ұйғарымды мен көрген де жоқпын, оны маған емес, сол отырысқа қатысқан адвокатыма беріпті. Ертесіне, 7-тамызда таңертең судья Ж.Оспанова мені шақырып алып: «Сот шешімін орындамайтын сіз кімсіз? Банк бағалаушылары үйіңізге барады, неге үйіңізде емессіз?» деп айқайлап берді. Мен: «Бұған дейін олар бағалаймыз деп бір де бір рет үйіме келген емес. Мен өз тарапымнан оларға ешқандай кедергі келтірген емеспін. Ендеше, неге тап бүгін бармаса болмайтын болып қалды? Ұйғарымды алған жоқпын. Олардың баратынын да білмеймін. Әрі жұмыстамын кәзір» деп едім, Ж.Оспанова өзінің кабинетінен банкке қоңырау шалып: «Кәзір Г.Жаманбаева үйіне барады» деді. Мен барамын дегенше, әлгілер біздің үйдің жанында тұр. Менен коммуналдық қарызым бар-жоғын сұрады. «Оның бұл жерге қандай қатысы бар?» десем, «ертең үйіңіз саудаға шығады, банк оны білуі керек» дейді. «Ертең саудаға шығатынын сендер қайдан білесіңдер?» деген сұрағым жауапсыз қалды.
Келесі күнгі, 2016 жылғы 8 тамыздағы сот отырысында адвокатым: «Бізге бағалаудың қорытындысын беріңіз, біз ол бағамен келісеміз бе, келіспейміз бе, белгісіз, өзіміз тәуелсіз бағалаушылар шақыруға уақыт беріңіз» деп өтініш (ходатайство) жазды. Судья Ж.Оспанова оны қабылдамай тастады.
Бізді сот шешімін қолына алғаннан кейін күштеп шығарумен айналысқан жеке сот орындаушы Б.Қзылбаев облыстық апелляциялық сотта біздің ісімізді қараған Светлана Жуынтаева деген судьяның күйеу баласы. Біздің екі үйімізді электрондық саудаға салумен айналысқан «Би-Логистикс» алаңының ұйымдастырушысы Райхан Тұңғышбаева – судья Баймахановтың заңды жұбайы.
14-тармағында, «бір лот бойынша сауда-саттыққа жақын туыстық қатынастарда тұратын тұлғалар, сонымен қатар, заңды тұлғалармен аффилирлендірілген тұлғалардың қатысуына рұқсат етілмейтіні» көрсетілсе, 2-тармағының 1-тармақшасында «аффилирлендірілген тұлғаға шешімдерді айқындауға және (немесе) осы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде жазбаша нысанда жасалған мәмілеге ықпал етуге мүмкіншілігі бар кез келген жеке немесе заңды тұлға жататыны» көрсетілген.
Ал, өткізілген сауда-саттыққа қатысқан Е. Зурбаев сол кезде Қызылорда қаласындағы «Kaspi Bank» СБ (қауіпсіздік қызметі) қызметкері, А. Амирова аталмыш банктың Хард коллекшн (борышкерлермен жұмыс істеу) бөлімінің бастығы болып осы уақытқа дейін қызмет атқарады. «Тыйым салынған мүлікті электронды аукцион түрінде сауда-саттықта өткізу Ережесіне» сәйкес сауда-саттыққа қатысуына құқысы болмаған А.Амирова бір күнде, бір мезгілде өткізілген екі саудаға да қатысады! Менің пәтерімді Е.Зурбаев сатып алды болып танылады, ал, А.Амирова қатысқан екінші лотта «бір ғана сатып алушы болды» деп, пәтердің бағасын төмендетіп, екінші рет сатылымға жібереді.
Осы заң бұзушылықтар жайлы мен арыз жазғанмын. Оған жауап ала алмай жүргенмін. Биыл, 19-қыркүйек айында тергеуші Ф.Күздеубаев шақырып алып, қайтадан арыз жазғызып алып еді, 30 қыркүйек күні Б.Қзылбаев, А.Амирова, Е.Зурбаев, Е.Есенгелдиев пен В.Абдугалиевтің үстінен қозғалған №№15430021000084 қылмыстық істі Қызылорда қалалық ІІБ қарауына жолдаған қаулы шығарыпты. Сол жерде ол қолыма конкурстық басқарушыны тап-таза еткен қаулыны да берді.
Менің үйімді «сатып алды» деп танылған Е.Зурбаев оны сатуға қойыпты. Мені де, Жанат Мотышеваны да биыл 21 шілдеде күштеп үйімізден шығарды. Мотышеваның пәтерін «сатып алды» деп танылған А.Абдугалиевтен А.Обышқанова деген азаматша сатып алыпты. Ал, А.Обышқанова – алғашқы сатылымға Kaspi Bank өкілі болып қатысқан, соның заңгері Е.Есенгелдиевтің туған әпкесі... Бұның бәрін істеп отырған – банк пен жеке сот орындашы Б.Қзылбаев. Мен бұл жайлы прокуратураға арызданғанмын. Облыстық прокуратураның прокуроры Кемел Асқар маған «шығарыпсалма» жауап берумен келеді. «Неге жауап бермейсіз?» десем, «мен сіздің үйіңізге жібердім» деп мені мазақ қылады. «Арызымда үйімді тартып алғанын айттым, сіз мені танисыз, неге сотқа жібермедіңіз?» «Онда жауапты поштадан барып алыңыз».
Сот, прокуратура неге банктің сойылын соғады? Жоқ, әлде олардың да банктен алған кредиті бар ма екен?..
Мен жаңадан табылған құжаттарды қанша ұсынып арыздандым, аудиттің қорытындысын да көрсеттім, нәтиже жоқ. Біз сотқа «несиелік досьені банктен алдыртыңыз» деп қанша өтініш-ходатайство жазып, алдыра алмай қойғанбыз. Содан Бас прокурорға 2015 жылы арыз жазған соң, досьені алдырыпты, көруге шақырды. Оның ішіндегі біздің арыздарымыз алынып тасталған деп есептеймін, өйткені досье беттері бірнеше рет өшіріліп, түзетілгені көрініп тұрды. Тіпті, жазуды өшірген резеңке қалдықтарын да жинамаған, соның ішінде жүр. Көргенімізде досье ең соңғы, 244-бетте 15.06.2010 ж. деп қолмен жазылған көшірмемен сонымен бітіп тұрған. Одан бөлек, бас жағында «Банк Каспийский» деп, аяқ жағында «Kaspi Bank» деп мөртаған басылған, 2007 жыл деп көрсетілген көшірме болды. 2007 жылы банктің атауы«Банк Каспийский» еді ғой! Мен осынының бәрін айтып, досьені оқуға қатысқан Бас прокурордың көмекшісі А.Оңғарбаев пен кезекші прокурордың куә екендігін алға тартып, «досьеде жалған құжаттар тұр» деп Бас прокурорға арыз жазып кетіп едім, оған да «отписка» келді.
Енді кешегі, 24-28.10.2016ж, тағы да сол Ж.Оспанова төрағалық еткен апеллляциялық алқа сотында біз екі (!) жыл алдырта алмаған несиелік досьені алдыруға банк өзі өтініш жасап еді, бір күн ішінде, конкурстық басқарушының құжаттары бар, басқасы бар, 364 бет етіп алып келді.
Мен оны мұқият қарадым. Жоғарыда көрсетілген,15.06.2010 ж. деп қолмен жазылған көшірмені алып тастаған. 2007 жыл деп қол қойылған көшірмені де ауыстырып, оның орнына 177-178 бетке екі жерде де «Kaspi Bank» деп мөртаған басылған, бірақ, 2007 жыл деп көрсетілген көшірмені тігіп қойыпты. Тіпті, қағазының да жап-жаңа қағаз екені көзге ұрып тұр! 9 жыл болған қағаз секілді емес.
Мен сотқа соны айттым: бұл дегеніңіз барып тұрған жалған құжат жасаушылық қой! 2007 жылы банктің атауы басқа еді ғой! Ең бастысы ол кезде құжат айналымы тек қағаз нұсқамен жүретін. Неге банк 2007 жылдың құжатын электрондық нұсқамен, көшірме, түбіртек ретінде тігеді? Неге сол кезде қолданыста болған қағаздық нұсқа тігілмеген? Қағаздық нұсқасын алдырыңыз дедім. Оған банк: «за истечением срока бумажные носители уничтожены» деп, әкелмей қойды... Бұның өзі қаншалықты заңды? Банктің есептерін, құжат қозғалысын компьютерден шығартып алдырдық.
Мен «онда біздің қолымызда бар құжаттардың қағаз нұсқасын да алдыртыңыз» дедім. Судья оны алдыртпады. Онымен де қоймай, судья менің қолымдағы құжаттардың көшірмесін банк қызметкеріне түсіріп беріңіз деді. Түсіріп бердім. Ал, олар солар бойынша түні бойынша жазып, көшірме жазып әкеле салыпты. Аңқаулығым ғой. Банк қызметкеріне: «Қағаздық нұсқа мерзімі өткен соң жойылып кеткен» деп әкелмеп едіңіздер, бір күннің ішінде мына нұсқа қайдан шыға келеді? Менен алғандарыңа қарап жазып әкеліп отырсыздар ғой? Бұндай құжаттар архивте сақталуы тиіс. Ең болмағанда «Кассалық кітап». Судья архивтен алдыртпады. Демек, алдыртпаған оған тиімді, әйтпесе, не кедергі? Сот қызметкері ретінде менің білуімше, банк өзінің клиентіменжасаған келісімін сол келісім мерзімі бітпейінше жоя алмайды. Тіпті, ол мерзім біткен кейін тағы 5 жыл сақталуы тиіс.
Дәл бүгінгі таңда жағдай мынадай. Банк әкелген құжаттарда «мына келісім-шарттың қарызы – мынау» деп көрсетіліп тұрған жоқ. «Полное погашение займа, полное погашение вознаграждения, полное погашение пени» деп екі рет көрсетіліп тұр. Одан бөлек өз қолымен әкеліп салған 750000 теңге деп тұр. Демек, екі алдыңғы қарыз толық төленіп, 3-ші қарыздың толық, 4-қарыздың, 2 млн.теңгенің 750 мың теңгесі төленген ғой. ЖШС-ның есепшотында 1млн.255 мың теңге тұр.
Енді осы 19.02.2008ж «Динара Б» ЖШС-ның қарызы 1,255 млн.теңге деп көрсеткен банктік көшірме (выписка) мен аудиттік анықтаманы (суретте) «жаңадан ашылған мән-жай» ретінде көрсетіп, судья Ж.А.Оспанова төрағалық еткен апелляциялық соттың 2014 жылғы 8 тамыздағы шешімін бұзуға арыз жазсақ, оған тағы да сол Ж.А.Оспанова төрағалық еткен алқа 2016 ж. 28 қазанында қанағаттандырусыз қалдырады. Енді біз кімге, қайда барып әділдік іздеуіміз керек?
Айтып тұрмын ғой, бұлардың бәрі бір-бірімен әбден байланысып қалған, екіншісі не істейтінін үшіншісі алдын-ала біліп отыр. Мен Жоғарғы Сотқа Ж.Оспанованың осындай судьялық этикаға жатпайтын қылығы жайлы арыз жазып едім, олар «комиссияда қарадық, ол күні Ж.Оспанова ешкімге кабинетінен телефон соқпапты» деп жауап берді. Бірақ, телефон стансасының анықтамасын маған көрсеткен жоқ. Мен тағы арыз жаздым – судьяның күні бойына ешкімге телефон соқпауы мүмкін емес қой! Ол арызым да жауапсыз қалды...
Осы Ж.Оспанованың шығарғар шешімінің негізінде бізді үйімізден мәжбүрлеп шығаруға берген Kaspi Bank-тің талап арызын судья Н.Төлеш те біздің уәждерімізді негізге алмай, тіпті, зерттемей бір жақты шешім қабылдады. 24.03.2016 ж. судья Н.Төлештің шешіміне келтірген апелляциялық шағымымызды да қанағаттандырусыз қалдырып, банк тағы да бір жеңіске жеттік деп қуанғаны соншалықты, сол күні апелляция алқасына іс қарағанда қатысқан облыс прокурорының сол кездегі орынбасары Р.Райханов банктің өкілі А.Мусаевпен сол соттан соң бірін-бірі коридорда құттықтап жатқанын өзіміз көрдік. Рас, бұны дәлелдей алмаймын. Бейнекамераға түскен болу керек, бірақ, бұлар ондай жерінің бәрін өшіріп тастайды ғой...
Көріп отырсыз, қаншама заңсыздыққа қарамай, біздің екі үйімізді тартып алды. Біздің кәзір тұрақты мекен жайымыз жоқ... «Бет көрсе, жүз ұялады» дейді қазақ. Бұлар күніге бет көрісіп жүрген, бір шаңырақтың астында қызмет істейтін маған осыны істейді, басқаларға не істемейді?..»
Біздің Гүлнәр Жаманбаеваның бұл сөзіне әзірге алып-қосар ештәрсеміз жоқ. Бізге керегі жалғыз-ақ нәрсе – әділеттің салтанат құруы. Ал, заңсыздық, оның ішінде сот тарапынан орын алып отырған жағдайда әділеттік туралы қандай сөз болуы мүмкін?..
Ө.Әбдіуәліұлы