ОҚО тұрғыны 50 миллиард теңгесін қайда жұмсарын білмей жүр
2016 ж. 17 қараша
5959
19
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны өңір экономикасының дамуына 50 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуға дайын екенін мәлімдеп, аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевты таң қалдырды, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
ОҚО әкімі әрі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиал төрағасы Жансейіт Түймебеавтың қабылдауына келген Бәйдібек ауданы, Ақтас ауылының тұрғыны Байбек Шымырбеков аймақ басшысына инвестиция тартуға дайын екенін жеткізді. Қарапайым ғана ауылдан келген Шымырбеков өз қалтасынан өңірдің дамуына 50 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр.
«Сіздің бұл әрекетіңізге алғысымды білдіремін және қолдаймын. Сіздің жобаларыңыз маңызды... Оңтүстікте инвесторларға барлық жағдайлар жасалған. Бір ғана Шымкентте үш индустриалды және бір экономикалық аймақ бар. Біріншіден, бізге келген инвесторларға құжаттарын жасауға көмектесеміз. Екіншіден, жер береміз. Үшіншіден, өндіріс орны орналасқан жерге инфрақұрылымын жүргізіп береміз. Инвесторыңызды алып келіңіз, кез келген уақытта кездесуге дайынмын», - деген Түймебаевқа тұрғын инвестор өзі екенін және мұнша қаражатты қалтасынан шығаратынын айтты.
«Директор өзім. 50 млрд теңгеге дейін инвестиция кіргізе аламын, тегін... Өндіріс саласы бойынша екі жобам бар. Электр энергиясы өзімнен. Шығарған соң айтамын, әзірге құпия» деп облыс әкімін қызықтырып қойған ауыл тұрғыны ауыл салып, онда су, көгілдір отын секілді инфрақұрылымды өзі жеткізіп беретінін де айтып қалды.
Қалтасы қалың азаматқа тек жер мәселесі кедергі болып отыр. Мұны естіген аймақ басшысы жерді беруге дайын екенін айтты.
«Рұқсат, келіңіз. Біздің индустриалды аймақтарда өзіміздің және шетелдік инвесторлар жұмыс істеуде. Оларды қолдаймыз. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы отыр. Сізге барлық жағдайды жасайды. Сіздің бұл әрекетіңіз облыс үшін үлкен көмек», - деді Түймебаев.
Екіжақты келісім бойынша алдағы бір айда мәрттік танытқан инвестор жобаларын жүзеге асыратын болды.
Айта кетейік, мұндай күтпеген жаңалықты естіген Жансейіт Түймебаев қабылдауына келген азаматтың бұл әрекетіне қатты таңырқап, «Сізді бұрыннан неге білмейміз?» деп сұрақты төтесінен қойды. Айтпақшы, Байбек Шымырбековтің сөзіне сенсек, ол бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартып беріпті.