ТАСМАҒАМБЕТОВ ТАЛХИЗ ТАРИХЫН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ
2016 ж. 01 қараша
2894
1
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы облысы Талғар ауданындағы «Талхиз» орта ғасырлық қалашығының сақталуы мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.
Көпшіліктің көңілін алаңдатқан бұл мәдени мұра нысанын сақтап қалудың өзектілігі өте маңызды саналады. Еске сала кетейік, 2014 жылдан бері қарай тарихи нысан халықаралық мәртебеге ие, оны пайдалану, қорғау, сақтау және басқаруда 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісім – Әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау жөніндегі Конвенцияның тәртібі мен нормасы қолданылып келеді. Арнайы өткізілген көшпелі кеңес барысында осынау Конвенцияны ратификациялау осы мұраны қорғау, сақтау, қайта қалпына келтіру және насихаттау үшін құқықтық, ғылыми, техникалық, әкімшілік және қаржылық шараларды қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жауапкершілік пен міндеттемелерді жүктейтінін атап өтті вице-премьер. Алайда, Талхиз қалашығының бүгінгі жұртты алаңдатқан мына жағдайында жоғарыда аталған миссияны орындауда мемлекеттік органдардың алдын-ала келісілмеген іс-қимылы нысанды әлемдік мұра тізімінен біржола алып тастауға тікелей себеп болмақшы. Тіпті жол салу жобасын қолдаған кейбіреулер Талхиздың орнының тарихқа қатысы шамалы, құндылығы жоқ деп тіл тигізуге дейін барған-ды. Тас жол салуға басқа жер таба алмағандай, тарихымызға қиянат жасайтындай не күн туыпты? Туған тарихымыздың тұтас бір тарауынан айырылып қалу қаупі төнгені анық еді. Әйтеуір, Құдай сақтап, Тасмағамбетов қолдап бұл жолы қатердің беті теріс қараған секілді.
– Бұл орайда, тарихи нысанның ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұра тізімінде қалуы және терең археологиялық зерттеуге берік негіз қалыптастыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Сондықтан, алдағы тәжірибелік іс-қимылдарды орындауда нақты нәтижелерді білу үшін ғылыми-барлау зерттеулерден тұратын кешенді шараларды жүзеге асыруымыз қажет, – деді Иманғали Тасмағамбетов.
Премьер-министрдің орынбасарының ұсынысы бойынша кеңесте келесі шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар берілді: Біріншіден, Талғар (Талхиз) қалашығының маңындағы барлық құрылыс жұмыстары тоқтатылсын; екіншіден, Алматы облысының әкімдігі тарихи құндылықтарды қорғау аймағынан тыс жаңа айналма жол құрылысын жобаласын және жүргізсін; үшіншіден, жергілікті жердің бедерін қалпына келтірсін, атап айтқанда, жол төсемін салу үшін қазылған арықтарды топырақпен жапсын; төртіншіден, қорғалған аймақтың айналасына қоршау орнатсын, сондай-ақ, ғимараттың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз етсін, оның ішінде жер асты суларынан қорғау, ескерткіш маңындағы арықтарды құрғатсын; бесіншіден, әкімдік қосымша археологиялық зерттеулер жүргізу үшін облыс бюджетінен қаржы бөлсін; алтыншыдан, Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясымен бірлесіп тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша тиімді жоспарлау және басқаруды қамтамасыз ету мақсатында ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлесін.
Сөйтіп, соңғы кезде бір жағынан көпшілік, тарихшылар, археологтар мен екінші жағынан құрылысшылар мен әкімдер арасында өрбіген дау-дамай шешімін тапқан секілді. Ашығын айтсақ бұл әділ шешім болды. Өйткені Талхиз қалашығы қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Қытай аумағында орналасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы орта ғасырлық 33 қалашықтың бірі саналады. 2014 жылы Талхиз ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
Енді алдағы айда осы мәселені қолына алған Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов орын алған жағдайды шешу мақсатында Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан тиісті шаралар жүргізіліп жатқандығы жөнінде ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Боковамен келіссөздер жүргізеді.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz