«Ұлттық» арна кімдердің сойылын соғып отыр?

ҚР Үкіметіне, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігіне!«Қазақстан» арнасы 100 пайыз қазақша сөйлеуі керек! Н.Ә.Назарбаев. (2010 жылдың 28-ақпанда БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтқан сөзі)

телев

Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік саяси жағдайы Мемлекетті қазақтандыруға, ал, ақпараттық ахуал қазақтілді аудиторияны кеңейтуге өте-мөте зәру болып отырғанда «Ұлттық» деген статусы бар жалғыз қарашаңырақ «Қазақстан» Телерадиосының бүгінгі кадрлық, ұлттық, кәсіби-шығармашылық, қаржылық саясаты тынысымызды күн сайын тарылтуда. Қазақтандыру мәселесін әуелі қазақтілді ақпарат құралдарын, қазақтілді кадрларды көбейту, оған бөлінетін қаржыны үстемелеу арқылы жүзеге асырмай ма? Ендеше, неге жалғыз ұлттық арнамызды тым болмағанда 80 пайыз қазақша сөйлете алмаймыз, неге кілең қазақ журналистері қудалауға ұшырауда, миллиардтаған қаржы неліктен қазақтың мұқтаждығына емес, бөгде продюсерлік орталықтарға, журналистік саладан тыс әртістерге ағыл-тегіл жұмсалуда? Қаржы да, эфир де жекелеген адамдардікі емес, халықтікі емес пе? «Қазақстан» РТРК-ның тізгінін ұстағандарға ойына келгенін істеуге қандай заң ерік беріп отыр? Жетекші арнамыздың таңдаулы кадрларына да, эфиріне де үздіксіз жасалып келе жатқан мақсатты «шабуылдардың» соңы 2010 жылдың қараша айында 150-дей қазақ деп жүрген, кәсіби журналистерді «қаржы үнемдеу керек» деген желеумен қысқартуға ұласты. «Көкпар», «Мәдени мұра» сияқты ұлттық идеологияға жұмыс жасаған жобаларды сылтау тауып жабумен аяқталды. Ұлттың дәстүрлі өнерін насихаттауға айырықша көңіл бөлуге тиісті «Ұлттық» арна «Сегіз қырлы» секілді халықтық жобаға түскі мезгілде орын бөліп, есесіне, екі тілде сөйлейтін, «Пай-Пай Шоу», «Екі жұлдыз», «Айналайын», «Сен сұлу» секілді қостілді көшірме жобаларға миллиардтап қаржы шашып, оларға айырықша мәртебе беруден аянып қалмады. Бұған дейін салиқалылығымен танылып келген «Қазақстанның» бүгінде шетелден ұрлаған жобалары аздай, енді «Ел» продюсерлік орталығының ойлап тапқан «Қазақтың 1000 әні» жобасын «Қазақтың 100 әні» жобасына айналдырып, дап-дайын идеяны атауымен қоса ұрлаудан қымсынбады. Бейне бір ойлау қабілетіміз тоқтап қалғандай, 20-30 жыл бұрынғы «Кеш жарықты» қайталауға көшті. Қысқасы, кілең көшірме, қайталау ток –шоу, поп-шоу, ойын-сауыққа көміліп қалған «жетекші» арнаның бетінен рухани талғажауға жарайтын жобаларды табу арманға айналды. 2006-жылға дейін 80 пайыз қазақша хабарлар таратып келген арнаның бүгінгі мемлекеттік тілдегі қазақша өнімі асыра айтқанда 60-65 пайызға жетіп жығылатын болар. Тәуелсіз Қазақстандағы көше толы, кеңсе толы орысшамыз аздай, енді «Қазақстанның» да эфирі орысшасы мен қазақшасы мидай араласып кеткен жобаларға толып қалғанына қарап, қай тілдің басымдығын, қай елде өмір сүріп отырғанымызды анықтау қиынға соғып барады. Аты қазақша болса да, тілі аралас жобаларды қазақша деп жаңылысудың жөні жоқ. Телеарна басшылығы қит етсе, бетке ұстайтын «Геллап Медианың» зерттеу компаниясының сауалнамасына қатысушы 70 пайызы орыстілді, 30 пайызы ғана қазақтілді көрерменнің жауабы «Ұлттық» арнаның шынайы рейтингін анықтай да алмайды, анықтауға да тиісті емес! 2001-2006 жылдардың аралығында жоғары рейтингілі қазақ телеарнасын жасап, халық махаббатына ие болған «Қазақстан» телерадиосының содан бергі бес жылда тек қана ауыс-түйіс, қудалау, қысқартулар мен шағымданулармен аты шығып келе жатқаны өкінішті. Ақырында, бір «Қазақстанның» басындағы мұншалық даулы жағдайлар жалпы Қазақстанды алаңдататын жағдайға жеткізіп отыр... Осы «Қазақстан» РТРК-ның құрамында жұмыс жасайтын 90 жылдық тарихы бар Қазақ радиосында осының басшылығы ауысты соңғы төрт жылда төрт рет. Бүкіл бір Қазақ радиосына бөлінген жылдық қаржы «Екі жұлдыз» сияқты әлем-тапырық жобаға бөлінген қаржыдан бірнеше есеге аз екендігі, Қазақ радиосына да заңды түрде назар аударатын уақыт жеткенін талап ететін жағдайда. Басқарма төрағасы болып отырған Ж.Омаровтан бастап, Басқарманың әкімшілік директоры А.Абнизова, Басқарманың Кадрлер бөлімінің жетекшісі Е.Бестужева, Телеарна директорының орынбасары Г.Сайтова сияқты мемлекеттік тілде бір ауыз сөз сөйлей алмайтындардың қолында «ұршықша» үйріліп отырған қазақ журналистерінің өз жерінде «қудалауға» ұшырауы жалпы қазақтың намысына тиетін жайт екендігі сөзсіз. Түптеп келгенде, мұндай жағдайлардың барлығы да «Қазақстан» арнасы секілді қазақ үшін стратегиялық маңызы зор ақпараттық жүйені қалыптасқан бағытынан жаңылдырып, ұлттың дауысы болып отырған қарашаңырақтың үнін біртіндеп көмескілендіруге алып келеді. Демек, бұл тек сондағы қызметкерлердің ғана жанайқайы болып қалмай, бүкіл қазақ халқы, қазақтың зиялы қауымы болып бірігіп көтеретін мәселеге айналып отыр! Сондықтан: 1. Тәуелсіздігімізге 20 жыл толу қарсаңында жалғыз қарашаңырағымыз Қазақстан «Ұлттық» телерадиосын мұндай жағдайға түсіру Елдігімізге үлкен сын! Бейберекет қаржы шашулар мен соңына қалар ізі де, қазақққа берер нәрі де жоқ көшірме жобалар тоқтатылсын! 2. Іс-қағаздарының 90 пайызға жуығын кілең орыстілділер орыс тілінде жүргізіп отырған «Қазақстан» Ұлттық Телерадиосының бүгінгі жағдайы салаға лайық Басшылыққа зәру! Басқарманы басқаруға ұлттық құндылықтарға мұрын шүйіріп қарамайтын, тілі қазақ, қазақ дейтін ұлы халықтың қажетіне жұмыс жасай алатын, ұлттың зиялы қауымымен санаса білетін кесек тұлға қажет! 3. «Национал Бизнес» журналы жариялаған көрсеткіш бойынша «Қазақстан» РТРК 2010 жылғы жылдық кірісі бойынша Қазақстандағы ең бай әрі ірі 500 мегиахолдингтің ішінде 181-ші позицияда тұр, жылдық кірісі 53,6 миллион $ (8 миллиард теңге). Осыншалық ен-тегін қаржының көрермен халық пен ондағы қызметкерлердің мүддесіне қаншалықты әділетті немесе әділетсіз жұмсалғанын текскертуді сұраймыз. Телеарнаға қатысы шамалы сырттың адамдарына кетіп жатқан қып-қызыл қаржы кімдердің қалтасына кетіп жатыр? 4. Көбісі көшіру мен ұрлаудан тұратын «Ұлттық» арнаның қазіргі жобалары қазақтың табиғи сұранысына жауап бере алмайды. Отандық жобаларға, жаңа идеяларға жол беріліп, телеарна тарихында қалатын салиқалы жобаларға сусаған зиялы көрерменнің сұранысына жұмыс жасауды талап етеміз. 5. 2010 жылдың қараша айында өткен «қысқартудан» соң негізгі жұмыс күшін көтеріп отырған қатардағы қызметкерлердің бір жылда алатынын бір айда алып отырған қаптаған шенеуніктер қалды да, күнкөрістік қана мөлшердегі аз-маз напақаға қыруар жұмыс жасап келген нағыз кәсіби кадрлар кетті. Еңбектік те, адами да, әлеуметтік те құқы тапталған қазақ журналистеріне жасалған әділетсіз шешімді ҚР Еңбек Кодексі мен оңтайландырудың шынайы мақсатына сәйкес қайта қарап, тексертуді сұраймыз. 6. Аралас тілді жобаларды біркелкі мемлекеттік тілге көшіруді, Мемлекетімізді қазақтандыруға күш салатын, өзіндік интеллектуалы мол, дәстүрлі өнерді, әдебиетті тұрақты түрде насихаттайтын (ара-тұра емес) зиялы қауымның сұранысына жауап беретін классикалық жобалардың ашылуын, бағдарламалар кестесіне түбірлі өзгерістер енгізуін талап етеміз. 7. Қорыта айтқанда, «Қазақстан» РТРК-ының қазіргі ұлттық, кадрлық, қаржылық, кәсіби шығармашылық саясаты Ұлттық идеологияға, Мемлекеттік кадрлық саясатқа, ҚР Еңбек Кодексіне, БАҚ-ты дамыту принциптеріне, Конституциялық талаптарға сәйкес емес. Тәуелсіз Қазақстанның «Ұлттық» арнасы жетекші ұлтқа жұмыс жасауға, Мемлекеттік қаржы баршамыздың игілігімізге жұмсалуға тиісті!