МӘДЕНИЕТКЕ МӘДЕНИ САЯСАТ ҚАЖЕТ
2011 ж. 14 наурыз
1734
0
Өзіндік тарихы бар Мәдени саясат және өнертану институты жабылуға бет алды. Инститтутың дүниесі буылып-түйіліп, оның жабылатындығы айқындалды. Институт орналасқан Алматы қаласындағы (Достық15) ғимараты бұрын гимназия болатын. Ол гимназияда кезінде болашақ революционер Ораз Жандосов оқыды. Кейіннен кітапхана, Халық шығармашылық үйі болды. Сол тұста бұл киелі шаңырақта қазақтың мәдениетін көркейту мәселері көтерілді. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов еңбектері талқыланып, ұлт зиялылары осы жерде бас қосты. Аталмыш институт 1934 жылы Ұлт мәдениетін зерттеу институты ретінде ашылған болатын. Ол ұзақ жылдар бойы атына заты сәйкес қазақ мәдениетінің алтын ордасына айналды. Онда сол жылдары Құдайберген Жұбанов, Санжар Аспандияровтар қызмет атқарды. Алайда, кеңестік жүйе бұл институтты 1936 жылы КРСО академиясының Қазақ филиалына қосып жіберіп, қазақ ұлтжандылығына соққы берді. Егемен ел болған тұста қазақ руханиятының жанашыры, сол кездегі вице министр Ерлан Арын тарихи әділеттікті қалпына келтіріп, институтты қайтадан ашты. Бұл 1998-жыл болатын. Дулат Исабеков директор болып тұрған кезде институттың жұлдызды сәті туып, ол кетісімен қайта құлдырады. Институттың басына бұлт үйірілді. Бұрынғы бастық қаржы полициясының қармағына ілініп, тергеуде жүр. Осы тұста Алматы қаржы полициясының табандылығының арқасында біраз нәрсе айқындалды. Мәселен соңғы жарты жылда институт қызметкерлеріне айлық төленбеген, біраз қызметкер ақысыз демалысқа қуылған. Алты ғылыми бағдарлама түгелдей жабылған. Оның ішінде қазақтың дәстүрлі музыкалық фольклорын жинауға және өңдеуге қатысты, сондай-ақ қазақ домбырасының акустикалық ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған бағдарламалар болатын. Өкінішке қарай, қазақтың қара домбырасы үнінің орнына Мәдениет комитеті «Векторы культурной интеграции» тақырыбын қолдап отыр. Онсыз да орыс мәдениетінің көлеңкесінен шыға алмай келе жатқан қазақ мәдениеті енді жаhанданудың құрбаны болғалы тұр. Қорыта айтқанда қазақ халқының әупіріммен сақталып келген қара дамбырасы мен қоңыр күйі бүгінгі таңда, Мәдениет министірлігінің Мәдениет комитетінің пайымдауынша, ешкімге керек емес. Соның салдарынан қазақ мәдениетінің бағыт-бағдарын айқындап, өзге мәдениеттерге жұтылып кетпеу жолын көрсететін, бүтін бір елдің мәдени саясатын зерделейтін Мәдени саясат және өнертану институты жабылмақ. Біз бұл мәселенің бұлайша сипат алуын құптамаймыз. Сондықтан көтерілген жәйтқа зиялы қауым өкілдерінің де назар аударып, тиісті мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуін қалаймыз. Сондай-ақ жоғары билік те бұл мәселеге назар аударады деп ойлаймыз.
М.ШАХАНОВ, «Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалысының төрағасы; Д.ИСАБЕКОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты; Ә. МЕҢДЕКЕ, сыншы, Халықаралық» Алаш» сыйлығының лауреаты; Ш. ПАТТЕЕВ, «Түркістан « газетінің бас редакторы;