Ат төбеліндей ағайынның алакөздігі алаңдатады...

 

Жәди Шәкенұлы:

Жәди Шәкенұлы 1967 жылы 5 мамырда ҚХР ШҰАР-да туған.

1991 жылы ШҰАР ағарту институтын, 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік унверситетінің аспирантура бөлімін тауысқан.

1997 жылы атажұртқа бір жолата оралған. «Шалқар» газетінде тілші, кейіннен «Шалқар-2»-ге өзгергенде бас редактордың орынбасары, «Үн» журналының бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы секілді қызметтер атқарған. Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

– Жәди Шәкенұлы сізді әде­биетші ғана емес, шетелдегі қазақтардың отанына оралуына еңбек сіңіріп жүрген ұлт зиялысы ретінде де бағалаймыз. Жалпы отаныма не бердім деп ойлайсыз?

– Елбасымыз бір сөзінде алыстағы ағайын отанынан не аламын деп емес, не беремін деп келуі керек дегенді айтқан еді. Өзім туралы айтар болсам, 1920 жылдар ішінде осы отан топырағынан жат жұртқа қуғын-сүргін көрген бай табы - «халық жауының» ұрпағымын. Бала күнімізден туындаған отанға оралу арманы еліміздің егемендігінің арқасында іске асты. Бірақ өз басым бірдеме алу үшін келгенім жоқ. Әрине шығармашылық адамының үлкен сыйы ұрпаққа, болашаққа берер хаты – кітабы ғой. Алғашында балаларға арналған «Ақбота» атты кітап жазып, оны 1500 таралыммен өз қаражатыммен шығарып, Алматы мектептеріндегі қазақ балаларына тегін тараттым. Кейіннен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұсынысымен «Қытайдағы қазақтар» деген кітап жаздым. «Балқаймақ», «Бір уыс сәуле» атты кітаптарым жарық көрді. Шетелдегі қазақ әдебиетін отанымызға жеткізу мақсатында «Талбесік», «Күнгей бет», «Жиһаншах», «Қауымдастық қазақтың қара шаңырағы», «Жас толқын» (екі том), «Армысың атамекен», «Оспан батыр», «Ер Жәнібек», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» секілді көптеген кітаптарды құрастырып шығаруға еңбек сіңірдім. Шығармаларым әдебиет зерттеу еңбектеріне, «Ана тілі» оқулығына кірді. Осының бәрі қарлығаштың қанатымен су сепкендей болсада осы ел, осы жер үшін істеп жатқан болмашы еңбегім деп есептеймін.

– Осыдан бұрын Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығында «Ата­жұрт» баспа орталығын басқарып, алыстағы ағайынның ақ батасын алып жүр едіңіз. Ол жұмысыңызды тастап кетуіңізге не себеп болды?

– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мемлекеттік мекеме емес, қоғамдық ұйым. Деседе тендрмен нан жеп отырғаны себепті «шеңберде» жұмыс атқарады. Ал мен болсам ел тағдыры, жер тағдыры туралы ащы сындарға көбірек барып, ақпаратта «ашық ауыздылау» болдым. Атажұрт Қазақстанға келудегі бір арманым азда болса арттағы ел үшін қызмет ету еді. Күрмеуі күрделі мәселелер төңірегінде сөз қозғағанда, оралман мәселелерін өзек етіп, талай дауға жегілген едім. Көп санды БАҚ өкілдері де мені оралманның жоғын жоқтаушылардың бірі ретінде қарайтын. Талай рет бетпе-бет «Додаға» шығып қарсыласымның қабырғасын қайыстырғаным бар.

Әсіресе, қытайдағы қазақтар көшінің тоқырап қалғаны жөнінде аз шырылдаған жоқпын. Бұл «мінімді» айтқандарға да «шірене» қарадым. Көзқарас ұқсамастығы көп отыруыма мүмкіндік бермей, жұмыстан өз еркіммен кеттім. Арттағы елдің тағдырын ойлағанда менікі қате болғанымен, өз жеке шығармашылығым үшін дұрыс шешім деп қарадым. Жасампаздық адамдарында болатын тентек мінез, «өр көкіректік», «бас игісі келмеушілік» осыған мәжбүрлеген шығар. Бар пәле менің «шатақ мінезімде». Бұған ешкімде кінәлі емес.

«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Хайролла қажы Мағауияұлы жұмыстан кеткенімді естіп бауырына тартты. «Жас қазақ үні» газетінің иесі, көрнекті ақын Қазыбек Иса жұмысқа шақырды. Соған қарағанда ел-жұртқа керек сияқтымын. Ақ пейіл азаматтарға Алла разы болсын. Адал еңбе­гі­мен жүрген адамға қайдан болсада Алла бұйырған бір кісілік орын бар екен. Соған тәубемді үйіремін.

– Жалпы әдеби шындықтарға байланысты батыл сындарға барғаныңызды да білеміз. Таяқ жеген кездеріңіз болды ма?

– Ер Жәнібек айтыпты дегендей, сөз жүйесін білетіндерден жеңіліп көргенім жоқ деп ойлаймын. Ал сөз білмейтіндерден күніне жеңіліп жүрген шығармын. Барлығының жауабын адал еңбек айтады. Нағыз шығармашылық адамы алып мұхитқа түскен кеме сияқты. Жүрер бағыт, жетер көмбең айқын болса дауыл соқсын, жауын жаусын әсері аз болады. Жылжи бересің. Сыртқы дүние сені шайқайды. Бірақ құлата алмайды. Менің ұстанымым осы. Ал ең соңғы нәтижені уақыт – төреші өзі көрсетеді.

– Деседе кезінде мүйізі қарағайдай үлкен жазушыларға дейін сынап, әдебиет әлемінде дүбір тудырғаныңызды да ұмыта қойғанымыз жоқ. Ақсақал ағаларыңыз ащы сындарыңызды сіңіре алды ма?

– Ағаларымыздың мен жазған сындарды әдебиеттің таласы емес, рулардың қақтығысы етіп көрсеткісі келіп, ат арытып, тон тоздырғаны да рас. Қабдеш Жұмаділовқа жазған әдеби сыныма бола аға-іні болып жүрген біраз азаматтардың менен алыстағаны да өтірік емес.

Мені әдеби ортадан аластап тастағысы келгендер де табылды. 2007-2008 жылдар ішінде «Әдебиет айдыны» газеті бірде-бір шығармамды басуға батылдық ете алмады. Қазақстан Жазушылар Одағына бір кітабы жарық көрмеген авторлар мүше болып жатқанда, бақандай бес кітабы шыққан мені мүшелікке қабылдауға дәрменсіздік танытты. «Жазушылар одағының мүшелерінің бәрі жазушы емес қой. Ал мүше еместер жазушы бола алмай қала ма!?» – деп өзімді өзім жұбатсам да, қалың қазақтың арасындағы жалғыздықтың көңіл құрғырды құлазытқан кездері де болды. 1920 жылдардың ішін­де ұлы әкем Мұқай Баршабаев Кеңес қызылынан қашып ары өтсе, араға 70 жыл салып Қытай қызылынан қашып мұн­да келгенімде ат төбеліндей аға­йынның ала көздігі жүректі қалай ауыртпасын?! «Білместі кешпесең, білгендігің қайда» дейді, бәріне де кешіріммен қарауға тырысасың.

Оның бәріне өкпелі бола берсең, өкпеңнен не қалады. Аға өзіңдікі, әдебиет өзіңдікі, ел өзіңдікі. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың ғой.

– Сізді жақтап, қолдап-қуаттаушылар болды ма?

– Бейне Қасым Аманжолов­тың: «Айрылсам ала көңіл он досымнан, жолдастың алам қайта жүзін жинап» дегеніндей болды. Аллаға тәубе, шындықты сүйетін, жалғандыққа жаны қас азаматтар мені іздеп тауып жатты. Мұндайды қазақ «Алла аққа жақ» деуші еді, рас екен.

Менің сын мақалаларыма қа­тысты өрбіген даулар төңі­регінде мені ақтаған, еңбегімді бағалаған онға тарта мақала жарық көрді.

Кезінде Түркия еліне босып барған қазақтарға ондағы түріктер ыстық құшағын ашып, бүгінгі оралмандарға біз жасай алмаған жақсылықтарды жасаған еді. Маған да бір шапағат солардан бұйырды. 2008 жылы Анкараға барған сапарымда Евразия жазушылар одағының төрағасы Яқұп Делиөмірұғлы арнайы қабылдап, шығармаларыммен танысты. Бірнеше кітабымның сол жақта шығуына мұрындық болатынын білдірді. Евразия жазушылар одағына мүшелікке тартты. Махмұт Қашқаридың 1000 жылдық мерейтойына арналған халықаралық әңгіме мүшәйрасының Қазақстандағы қазылар алқасының төраға­лығына тағайындады. Халық­ара­лық қаламгерлер ұйымының ыстық ықыласы жаныма шабыт сыйлап, марқайып қайттым.

– Бір басылымда сұхбат беріп, Әсет Найманбаевтың шығар­ма­шылығындағы ағаттықтар туралы айтқаныңызды естіп едік. Осы туралы айта кетсеңіз екен?

– Шынжаңда «Әсет шығар­ма­ларының» екі томы жарық көрген болатын. Өкінішке орай Жанұзақ Шыңанұлының 1916 жылы Қазанда шыққан «Бақтияры» және 1916 жылға дейін Қазан баспасында көп рет басылып таратылған «Шәкір-Шәкірат» Әсетке телініп, осы жинаққа жаңсақ кіріп кетіпті. Бұдан басқа да Қазақстан мен Шынжаң арасында Алаш зиялыларының талай шығармасында ауыс-күйіс жүрген дүниелер көп. Кешегі өткен көзі жоқтарды айтпаған күннің өзінде бүгінгі біздің жинап-терген дүниелеріміз де талауға ұшырап жатады. Бәрі бір ұрпақ, болашақ оны орнына қояды ғой.

– «Біздің жинап-терген дүние­леріміз де талауға ұшырап жатады» дегеніңіз қалай? Сіздің қораңызға да ұры түскен бе?

– Аздың кінәсын айтпасаң, көптің күнәсін тимайсың. Қалам­дас аға-інің өзіңдікі бол­ғанмен, әдебиет пен тарих халықтікі ғой. 2007 жылы «Арда» баспасынан шыққан «Оспан батыр» кітабын мен құрастырып, кейіннен демеуші тауып, материалдар қосуына байланысты Өркенбек Нәбиұлы, Дәулеткерей Кәпұлы қосылған. Сөйтіп алғашқы нұсқаның құрастырушылары Ж.Шәкенұлы, Ө.Нәбиұлы, Д. Кәпұлы болып жарық көрген болатын. Кітап екінші рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен қайта басылғанда менің атым түсіп қалыпты.

Бұған өкпелі болып жүргенде жақында Талапбек Тынысбекұлы, Серікқазы Қорабай, Тұрдықұл Шаңбай сынды үш азаматтың құрастыруымен «Ер Жәнібек» атты кітап жарық көрді. Бұл менің 2008 жылы құрастырып шығарған «Ер Жәнібегімнің» өңі аударылған көшірмесі екен.

Сілтеме – әдебиеттер тізімі атымен жоқ. «Ер Жәнібек» кітабы пайдаланылды» деген жалғыз сөйлем кіргенде дау болмас еді.

Бүгінгі әдебиет пен ғы­лым­да балапан басына, тұрым­тай тұсына тартатын келең­сіздіктер етек алды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Әркім білгенін істеп жатқан сияқты. Сондықтан да қасиетті шаңырақың астын паналаған аға-бауырларымызды жазғырғаннан көрі заманды кінәлағанымыз жөн сияқты. Мүмкін бір түсінбестік, бір қателік болған шығар.

– Бір сөзіңізде «сөз жүйесін білетіндерден жеңі­ліп көргенім жоқ, сөз білмей­тіндерден күніне жеңіліп жүрмін» деп едіңіз. Сол сөзіңіз осы нәр­селерді меңзеп отырған жоқ па?

– Азды көпті сын жазып жүргенім рас. Бірақ ол ешқандай жеке бастық мақсат үшін емес. Және де жеңу немесе жеңілу үшін де емес. Есті адам есіл сөзге құрметпен қарап, мен шындықты айта алсам, онда мақсатымның орындалғаны деп білер едім. Ұрпаққа, болашаққа адалдық қалса, әдебиетіміз бен тарихымыздың ары таза, арнасы тұнық болса, одан өзге арман жоқ.

– Алыстағы ағайынның отанына оралуына шыр-пыр болып жүргеніңізді талай естідік. Бүгінгі қазақ көші жөнінде не айтар едіңіз?

– Ең негізгісі көші-қон мәсе­лелері бойынша алыстағы ағайындар жиі отырған елдермен мемлекет аралық ешқандай келісім шарт жоқ. Бір ғана Қытайдағы ағайындар мәселесін айтайық. Сырқы істер министрлігі ондағы ағайынның тағдыры үшін әлі күнге дейін дәрменсіздік танытып келеді. Бар болғаны: «Қытай жағына өтініш білдіргенбіз, жауап болмай жатыр» деген екіұшты жауап айтады. Мақұлға жауап жоқ деп білетін қытай қулығының көп нәрсеге, күрмеуі күрделі істерге: «Ақылдасып жатырмыз, тұра тұрыңдар. Шешеміз» деп жауап беретіні рас. Деседе басқалар баланы алдағандай сыңаймен қараса, тағдыр сынына ұшырап, тәлкекке түскен қаракөз қазақтар жат жұртта жаутаңдап отырса, қол қусырып қарап отыруымыз керек пе! Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегендей бізгеде нақтылы шешім табатын жолдар керек.

– Сізше, бұл мәселені шешудің ендігі жолы қалай?

– Алыстағы ағайынға, тағдыр тауқыметін мейлінше тартып көкірегіне шер шемені байланған мұңлы жандарға иманды пенденің жылы жүрегі, бауырмал құшағы, атамекеннің аялы шуағы, ана топырағының алақандай жері керек. Біз көп жағдайда осыны біле бермейміз.

Алыстан оралған ағайынмен жұмыс істейтін құзырлы орын­дарға ұлтшылдар отырсын. Жанында шетел қазағының өкілдері болсын. Орманды көрмегенді ағашшыға қойғандай, ағайынның мұң-зарына бүйрек бұрмайтын, жүрегі езілмейтін жандар ештеңе тындырып бере алмайды. Бальзактың: «Өмірі бір қыздың қолынан ұстамаған жазушының махаббат тақырыбында бірдеме жазуы мүмкін емес, жазған күннің өзінде ол басқалар жағынан таяқ жейді» деген сөзі бар. Қазағым демейтін, қарындасым демейтін, қандасының қазасына жылап, қуанышына қуанбайтын жандардан мейір күту қиын. Көш бұйдасын ұстауға көсем ойлы, пайғамбар мінезді адал жандар керек.

– Бүгінгі құзырлы органдар осы талаптардың мүддесінен шыға алмай отырғаны ма?

– Құзырлы органдардың тал­пынысы бар, дәрмені жоқ. Білгірсуі бар болғанмен білуі жоқ. Президент көштің көлікті болуы үшін оң тапсырмалар береді. Тапсырманы орындау үшін жүрегімен, шын ниетімен емес, қорыққанынан жүгіретіндер көп. Қорқақтардың бір мінезі өтірік айту, алдау. Сөйтіп олар жоғарыда президент пен үкіметті, төменде халықты алдауға кіріседі. Қаражат беретіндерді алдап-сулап өкіметтің қалтасын қағуға тырысады. Қарынға түскенді қайта қорытқысы келмейді. Өз құсығын өзі жұтып, ит тірлік кешеді. Жұмсалған ақша туралы кәнігі сұрқиялықтарға барып, бухалтерлердің «шеберлігі» сынға түседі. Бармақ басты, көз қысты «көмескі касса» талай нәрсені жұтып үлгереді. Қара халық қан жылап жатады.

Енді бір адамдар бар, жү­гіргісі, бірдеме тындырғысы ке­леді. Дәрмені жоқ, білетіні шамалы. Алла бермегенді адамнан қалай тапсын, жүрегі ақ болғанмен жүгірісі тегін кетеді. Өзінде өзгені де шаршатады. Іс бітпейді, уақыт қайырылмайды. Қайта ойланғанша талай тағдыр құриды. Талай пенде жер бетінен аттанады. Заң тозады, заман ауысады.

– Жәди аға, қазақ тарихына қабырғаңыздың қайысып ,қан жылап жүргеніңізді білеміз. Сөзіміздің соңында болашақ шығар­машылыңыз жайында айта кетсеңіз?

– Бәріміз де пендеміз. Пен­дешілік, күндестік араласқан күйкі тірліктің өсек-аяңының бәрі артта қалады. Сені дә­лелдейтін адал еңбегіңнің тәтті жемісі ғана. Менің арманым, ары таза әдебиетші болу. Елім мен жерімнің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, бүгінгі әдебиеттің биігіне талмай ұшатын жазушы болу. Осы мұрат үшін күресіп кітаптар жазып жатырмын. Менің халқымды жақсы көретінім сияқты халқымның да мені жақсы көретін қас-қағым сәттерін көрсем болды деп ойлаймын. Бұдан артық бақыт та болмаса керек. Осыларды ойлаған сайын ел мен жерге деген борыштарлығымды одан ары сезіне түсемін. Халқымның қарызын өтеу үшін қолымнан қаламымды тастағым келмейді.

– Әңгімеңізге рахмет. Ақ тілегіңіз періштенің құлағына шалынып, Алланың назарына іліксін!

Сұхбаттасқан

Бектұрған Лақадыл