Тосыннан келген топан су

cunamiРихтер көрсеткіші бойынша 8.9 балдық зілзаладан кейін Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауында цунами басталды. Цунами толқындарының биіктігі 10 метрге жеткен. Нәтижесінде көліктер, кемелер және ғимараттар су астында қалған. Жер сілкінісі Токиоға жақын жердегі мұнай мен болат зауыттарында өрттің шығуына себеп болған. Хабарларға қарағанда, табиғи апаттан жүздеген адам қаза болып, көптеген кісі жарақат алған. Токиода ең үлкен жер сілкінісі бұдан бұрын 1923 жылы тіркелген еді. Жерасты дүмпулері Токиода сезілді - ғимараттардың ішінде жиһаздар құлап, терезе шынылары қатты дірілдеді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапониядағы табиғи апаттың құрбандарына байланысты көңіл айтты. Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министр Наото Канға жолдаған жеделхатында Назарбаев Жапониядағы жер сілкінісі кезінде болған сұрапыл апаттың құрбандарына байланысты қайғыға ортақтастығын білдіріп көңіл айтқан. Қазақстан Сыртқы істер министр­лігінің мәліметінше, елдің Токиодағы консулдығында 95 қазақстандық тіркелген, олардың зардап шеккендігі туралы хабар түспеген.