Б.Сағынтаев: ауыз су бағдарламасына қаржы мемлекеттен де, жергілікті бюджеттен де бөлінуі керек
2016 ж. 18 қазан
2097
0
Бүгінгі Үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев министрлерге Қазақстандағы су құбыры бағдарламасын талдап, «Елді мекендерді кім сумен қамтамасыз етеді?» деген мәселені шешу керектігін айтты. Сондай-ақ, ол су шығару мәселелерін де қозғады, деп хабарлайды BNews.kz.

«Әлемдегі экономикалық ахуалға байланысты су құбыры бағдарламасын қаржыландыруды қысқартуға тура келді. Ауыз суды қаржыландыру көлемі де едәуір азайды. Соңғы 3-4 жылда ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 51%, қалада 87%-ға дейін орындалды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ, біз қол қусырып қарап отрымауымыз керек», – дейді министрлер кабинетінің басшысы.
Ол су құбырын қамтамасыз етуге мемлекеттен және жергілікті бюджеттен де қаржыландыру жүрсе, екі жақтап қолға алған жұмыс жақсы нәтиже беретінін айтты.
Сондай-ақ, Тараздағы су шығару құбырының жұмысына қатысты алаңдайтынын білдірді.
«Таразда су шығару құны бар-жоғы 8 теңге. Сол 8 теңгеге не істеуге болады? Қандай жөндеу? Ол тек жалақыға ғана жететін шығар. Басқа қалаларда 96 теңге тұрады. Айырмашылықты көріп тұрсыздар ма? Дегенмен, 8 теңге мен 96 теңгенің айырмашылығының мәнін анықтау керек. Мүмкін, 8 теңге жететін шығар? Үлкен тариф береміз, ал шығынымыз қандай дегенді қарастыру керек», – дейді Премьер-министр.