Алматы облысында қаза болған үш ағайынды жігіттің өліміне қатысты жаңа дерек шықты
2016 ж. 14 қазан
3893
2
Алматы облысында мал саудалап, артынша мәйіті табылған ағайындылардың өліміне қатысы барлар екеуден көп деп хабарлайды КТК арнасы.
Ұлы үш адам өлтірді деп айыпталып жатқан ана ұлының мұндай қылмысқа барғанына сенбей отыр. Көршілерінің көзіне түспеуге тырысып, күнде жылаумен жүр. Алты бала өсірген зейнеткер перзентінің өзі пендеге зиян келтіруі мүмкін емес дейді. Айтуынша, біреулер Мұрат Оңалбаевты қорқытқан.
"Менің баламның денсаулығы жоқ. 3-ші топтағы мүгедек. Басында жарақаты бар. Бір көзі жоқ. Өз жанын өзі зорға бағып жүрген жігіт. Бір кісіні ұрып жығатын күші жоқ. Енді ол жерден тірі шыға ма тегі, тәңірім десей?", - дейді күдіктінің анасы Мұрат Оңалбаевтың анасы Күлән Оңалбаева.
Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайынды мал базарынан шыққан бойда екінші күдікті Талғат Сүлейменовтің үйіне кірген. Үй иесінің 20 бас қойы, жылқысы бар екен. Тағы мал алуға банктен сол күні 3 миллион теңге несие рәсімдепті. Ал марқұм ағайындылар мұнда 6 миллион аламыз деп келген. Бірақ күдіктіде қалған ақша болды ма, әлде саудагерлерді алдап әкелген бе, бұл түйін әлі шешілмеген күйде қалды.
Марқұм 3 жігіт келгенде күдіктінің отбасы төрт көзі түгел үйінде отырған. Бірақ ешбірі де оқиға туралы тіс жармай отыр. Десе де, сол күні ауылға сиырмен бірге еріп келген бір топ бөтен адамды көргендер көп.
Сұраншы батыр ауылының тұрғыны Шәмен Қырғызбаевтың айтуынша, 4-5 жігіт болған. Олардың барлығы ауыл адамдары емес, бөтен кісілер екен. Олар малдарды жарты сағат бойы түсіріп, манағы үйдегі жігіттермен әңгімелескен екен.
Бас сиырдың тең жартысын үйлерінде қалдырса, ал қалған жартысын жүк көліктеріне тиеп күдіктілер міне осы жолмен тауға қарай әкетіпті. Ал тауға кіреберіс жерде шекара заставасы тұр. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, қазақ-қырғыз арасын күзеткендердің түн ортасында оларды көрмеуі мүмкін емес. Сол себепті, осы қанды қылмысқа қатысы бар өзге де сыбайластарды іздеп табуға шекарашылар да көмектессе деп отыр.
Қандықол ұрылар арам ойын осы таудың ішінде іске асырған. Әзірге екі адам қамауда отыр. Ал полицияның бір мылтықтан басқа дәйегі де жоқ сыңайлы. Тергеудің басталғанына үш аптадай уақыт болса да, сараптама нәтижесін әлі күтіп жүрміз деген жауап қана айтып отыр.