Тамара Дүйсенова: Мұнай саласында еңбек ететін жұмысшыларды қысқарту күтіп тұр

Бүгінде министрліктің қолдауын қажет ететін жұмысшылардың үш тобы анықталып отыр. Бұл туралы үкіметтің кезекті отырысында Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп xабарлайды Baq.kz.

Тамара Дүйсенова: Мұнай саласында еңбек ететін жұмысшыларды қысқарту күтіп тұрАрнайы жұмыс тобы өткізген зерттеу шаралары нәтижесінде 99 мұнай-сервистік компанияда жұмыстан босату қаупі бар екені анықталды. Бұл мекемелерде 44 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

«Бірінші топта 1239 адам бар. Олар 52 кәсіпорында қызмет етіп, биыл жұмыстан шығарылған болатын. Аталған жұмысшылардың басым бөлігі Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында», - деді Дүйсенова.

Министрдің сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін сан алуан бағдарламалар бойынша жұмыссыз қалған 325 адам тұрақты жұмыс тапты. 355-сі қайта даярлау курстарынан өтті. Олардың ішінде уақытша жұмысқа тұрғандар да бар. Тағы 100 адам өздігімен жұмыс тауып алды. Қазіргі кезде қалған 500 адамды жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр.

«Екінші топқа 22 кәсіпорынның жұмысшылары кірді. Себебі олардың жұмысы тұрақсыз кестеге ауыстырылды. Ондай жұмысшылар саны 3 200 адамды құрап отыр. Олардың 1316-сы жұмыс істемейді. Өйткені кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған. 1290-ы мерзімсіз демалысқа жіберілсе, 594-і толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ», - деді министр xаным.

Ал үшінші топқа алдағы уақытта жұмыссыз қалады-ау деген азаматтар еніп отыр. Олардың барлығы – Атырау облысындағы кәсіпорындардың жұмысшылары. Алдағы екі жылда аталған облыста 3 804 адам жұмыссыз қалады деген болжам бар.

Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, алдағы уақытта Теңізшевройлды кеңейту жобасы аясында қосымша 20 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осының есебінен жұмыссыз қалған азаматтарды қызметке тұрғызу жоспарланған. Бұдан бөлек, индустриялдық-инновациялық бағдарлама мен жұмыспен қамтудың басқа да шараларын қолдану қарастырылып отыр.