Бас мүфти пәтер жалдап жүрген сегіз балалы отбасыға баспана салып берді (фото)
2016 ж. 05 қазан
4358
6
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен дін қызметкерлері пәтер жалдап тұратын 8 балалы отбасыға жұмыла көтеріп, үй салып берді. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлайды.
«Бүгін ақ түйенің қарыны жарылған күн. Өйткені, отандық телеарналардан көмек сұраған көпбалалы ана туралы жаңалықты көргенен кейін, қол ұшын созып жәрдем береміз деп шештік. Екі жарым айда осы үйді салып, отбасының игілігіне беріп отырмыз. Бұл атқарып жатқан игі жұмыстарымызды көпшілікке көрсетпеуімізгеде болатын еді. Бірақ, бұл жұмыс басқа қалталы азаматтарға ғибрат болса екен деген ниетіміз бар. Алла Тағала осы жанұяға береке берсін. Кіштентай бүлдіршіндер халқына қызмет ететін азамат болсын», – деп батасын берді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Баспана қиындығын бастан өткізген Гүлнұр Рахымжанқызының қуанышында шек жоқ. Өйткені, енді ел қатарлы өмір сүріп, балаларым қоғамға пайдалы азамат болып өссе дейді. Қуаныштан көзіне жас алған көпбалалы ана Діни басқарма қайырымдылық аясындағы шаралардан қалдырмай қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.
«Имамдар келіп үй салып береміз дегенде қатты қуандым. Қуанышты хабарды балаларға келіп айтқанымда «уақытында көреміз ана, асықпаңыз» деді. Бірақ, үй салынып болған соң алғаш қоныстанғанымызда балалардың шаттығында шек болған жоқ. Балалар өз үйінен шығып мектепге барғанға риза. Мектепке дейінгі дайындық сыныбында оқитын Рамазан есімді балам жексенбі күні «ертен сабаққа барамын» деп қатты қуанады. Бұдан асқан бақыт барма?! Бір аралықта күйеуім ауырып, төсектен тұра алмай қалғанда қатты қиналдық. 15 жыл пәтер жалдап тұрдық. Ізгі жандардың демеуімен енді бәрі артта қалды. Иманды, мейірімді жандарға алғыс айтамын», – дейді көпбалалы ана Гүлнұр Рахымжанқызы.
Нұра елдімекенінде үй ауыз су, жарық секілді мәселе өз шешімін тапқан. Жаңа қонысқа көшкен отағасы енді үйінің алдына қақпа орнатуды жоспарлап отыр. Үй үлкен жолға жақын орналасқан және мал шаруашылығымен шұғылдануға қолайлы.
Игі шараға Бас мүфтимен бірге Талғар ауданы, Нұра ауылдық округінің әкімі Данияр Күнгей, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ іс басқарушысы Ербосын Орын, «Зекет» қорының директоры Әлішер Спанов қатысты.