ОҚО-да емхана орнына өзіне коттедж салып алған экс-шенеунік сотталып кетті

Бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктің шаруашылық басқармасын басқарған Жамбыл Байғонов 5 жылға сотталды. Бұл туралы ТВК арнасына сілтеме жасап Skifnews.kz порталы хабарлайды.

ОҚО-да емхана орнына өзіне коттедж салып алған экс-шенеунік сотталып кеттіОның сондай-ақ, барлық мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік наградалары кері қайтарылады.

Жамбыл Байғонов 2010 жылы облыстық әкімдіктің шаруашылық басқармасын басқарған. Осы қызметте отырып ол үлкен көлемде алаяқтық жасап, мемлекет қаржысын қалтасына басыпты. Тергеу мәліметтеріне сенсек, ауылға амбулатория салуға бөлінген ақшаға Байғонов өзіне коттедж салып алған. Салдарынан медициналық орталықты салып жатқан кәсіпкер 31 миллион теңгенің жетпей қалғанын айтып, сотқа шағымданыпты.

"Байғонов бізден 31 миллион 600 мың теңге алды, Оның 9 миллион 780 мыңын қолма-қол ақшамен бердік. Қалғанын құрылыс материалдарымен алды. Өзіне және өзінің басшыларына деп. Бізге әкімдік атынан кепілдік хат берді, соған сендік. Екіжақты келісімшартта 17 млн 500 мың теңге құрылыс материалдарына, 14 млн 350 мың теңге қажетті материалдарды әкімдікке жеткізіп беруге бөлінген. Бірақ, әкімдікке деген материалдарды алып, олар өздеріне үй салып алды: Байғонов пен тағы екі қызметкер", - дейді "Саятжан" ЖШС-ның басшысы Нүркен Айнабеков.

Дереккөздің хабарлауынша, сот үкіміне дейін басты күдікті бостандықта жүріпті. Енді ол алдағы 5 жылын темір тордың арғы жағында өткізеді. Ол аздай мемлекет пайдасына 20 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс.

Жамбыл Байғонов Шымкенттегі аудандарға біраз жыл бойы әкім болған.