Ақтөбенің жастары: NINETY ONE тобын Ақтөбеден қуып шығамыз
2016 ж. 28 қыркүйек
7115
4
Ақтөбеге 91 тобы келеді деген жарнамалар жергілікті асабалардың мазасын кетірген. Той басқарушылар бүгін журналистерді жинап, 91 тобын Ақтөбеге кіргізбейміз деп өз ойларын айтты.
Олардың айтуынша, мектептерде билеттер сатылып, жарнамалары ілініп қойған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«Мен қазақпын деген жастардың атынан сөйлеп тұрмын. 91 тобы еліміздің атына кір келтіріп жүр. Олардың Ақтөбеге келетінін естіп, жастар қарсы болып жатыр. Сырға таққан еркек дінге де, қазақтығымыз да қарсы. Қазір олардың билеттері мектептерде сатылып, жарнамаланып жатыр. Бірақ мәдениет саласы одан хабарсызбыз деп отыр. Бұл жастардың санасын ашық улау», – дейді ақын Оразбек Кимбаев.
Қарсы топ шағым айтып, облыс әкімінің орынбасарына дейін кірген. Бірақ, пікірлерін жергілікті билік тарапынан қолдап жатпағанын айтады. Асабаларды Ақтөбедегі мәдениет басқармасы «ол топ туралы ештеңе білмеймін» деп шығарып салған.
«Мәдениет басқармасы сахнаға кімнің шығатынын қарау керек. Ертең жастар оларға еліктеп бәрі қызтеке болып кетсе қайтеміз? Орда тобындағы Ерболат Беделхан Моңғолиядан көшіп келген жігіт. Олардың артында кім тұрғанын белгісіз. Мүмкін сол Ерболат қазақты аздыру үшін әдейі жасап отырған болар. Біз шағым айтып, мәдениет басқармасына бардық. Олар Астанаға бара жатырмыз деп арызымызды қайтарып жіберді. Біз облыс әкімінің орынбасарына дейін бардық. Бәріне ескертіп отырмыз», – дейді Нығмет Мұхамедов.
Олар «91» тобының сырт пішінін елді қызтеке болуға шақыру деп бағалайды.
«Қазақ әншілерінің арасында нашақорлар да бар. Не себепті “91”-ге шүйлігіп жатсыздар?»,- деген ақтөбелік журналистің сауалына олардың сырт пішіні ұнамайтындарын айтты.
«Басқа әншілердің сыртқы бейнесі дұрыс. Олардың жеке өміріндегі шаруаға араласпаймыз. Бірақ ұлттың алдына шығып, жас қыздардың басын улап жатқанына біздің жанымыз ашиды, – дейді асаба Дастан Сүлеймен.
«Оңтүстікте оларды қуды, Қызылорда қуып жіберді. Біз де оларды киелі сахнамызға кіргізбейміз. Кім біледі, олардың ар жағында кім тұрғанын? Бұл қазақтың ұлттық өнеріне шабуыл. Ешқандай мағынасы жоқ топ. Қазір Ақтөбеде асаба болып өнерде жүрген 200-ден астам адам бар. Егер 91 тобы Ақтөбеде концерт қоятын жағдайда, біз бәрін көтереміз. Бар амалды жасайтын боламыз», – дейді асабалар.