Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев үкіметке бір тиын да қайтармайтын болды

Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев үкіметке бір тиын да қайтармайтын болды

Өйткені судья 3 миллион 636 мың теңгені өндіруді талап еткен «Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар» басқармасының арызын, негізсіз деп шешті.

Мекеме өкілдері, Бауыржан Әбдішев пен тағы үш айыпталушы, жол төсеніштерін қымбат бағаға сатып, мемлекетке шығын келтірді деп сотқа шағымданған.

Сот тыңдалымына Серік Ахметов ісі бойынша сотталған үш экс-шенеуніктің біреуі де келген жоқ. Қорғаушылар айыпталушылар қатыспаса да болады дейді. Өйткені, "Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар" басқармасы түсірген арыз азаматтық сотпен қаралып жатыр екен.

Мәдени саябақ басқармасының өкілдері қомақты соманы облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтен өзге, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков пен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің экс басшысы Айдос Жакеновтен де өндіруді талап еткен. Сөздерінше, Қарағанды облысы бұрынғы әкімінің иелігіндегі«Евростандарт Қарағанды» компаниясы жол төсеніштерді қымбат бағаға сатқан. Осылайша, үкіметке 3 миллион 636 мың теңге шығын келтірді дейді.

"Ущерб нашему предприятию не причинен. Однако имеется упущенная выгода в виде 3 миллиона 636 тенге. Все", - дейді «Демалыс орны және мәдени саябақтар басқармасы» ҚМК өкілі Ержан Тұрымбаев.

Бірақ қорғаушылар шығынға батпаса компанияның сотқа шағым түсіруі, тіптен, негізсіз дейді. Сондықтан алқа билерден шығын көлемін де, арызды да жоққа шығаруды талап етеді. Өйткені дағдарыс қыспаққа алған жылдары жол төсеніштері Саябақ басқармасына арзан бағамен сатылды дейді. Керісінше экс-шенеунік Бауыржан Әбдішевке ескерткіш орнату керектігін айтады.

"Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне сертификатталған жолтөсеніштерін ең арзан бағаға сатқаны үшін ескерткіш орнату керек. Шығынға Саябақ басқармасы емес, "Евростандарт Қарағанды" компаниясы ұшыраған. Сондықтан бұл арыз негізсіз деп санаймын", - дейді қорғаушы Мейрам Шаймерденов.

Бірақ судья «Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар» басқармасы» түсірген арызды қанағаттандырмады. Яғни экс-шенеуніктерден 3 миллион 636 мың теңге өндірілмейтін болды. Айта кетейік, экс-премьер Серік Ахметов пен бұрынғы әкім Бауыржан Әбдішевтен «Горсвет» эпизоды бойынша да 202 миллион теңге көлемінде материалдық шығын талап етілуде. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтың арызы бойынша азаматтық сот отырыстары бір айдан кейін басталады деген ақпарат бар.