Студент күнделігінен немесе Сейітқұлды еске алу

Алпысыншы жылдары студент болған ағаларымыз бен апаларымыздың өнерге құштар болғанын, Шәмші әндерін сүйіп, Әуезовтің лекциясынан қалмай, театр мен концерт репертуарларын түгел білгенін үлгі ретінде түсінеміз. Сол кісілердің жалғасындай біздер де, 70-80 жылғы студенттер өнерге құштар болдық. Соның дәлелі ретінде студент кездегі (1972-1977 жылдар. ҚазМУ) күнделігімнің бетінен жазушы Сейітқұл Оспанов туралы үзінділер ұсынғым келді. Бәлкім, кітап оқымайтын, театрға бармайтын, кино көрмейтін, тілін құрметтемейтін, халқының салт-дәстүр, бай мәдени мұрасынан мақұрым компьютербас жастарға нарық заманы билеген уақытта барлық мәселе ақшаға тірелмейтінін түсінуге жәрдемдесер деген ойдамын. Әйтпесе, ауылдан келген Сейтеннің ізденгіштігі болмаса ғажайып жазушы болып қалыптаспас та еді.

Мылтықбай Ерімбетов, Жазушылар одағының мүшесі.

*** 3 сәуір, 1977 жыл, жексенбі. Әдеби кештен түйген ой 1. ...Жатақханада Темірхан Медетбековпен кездесу кеші болып өтті. Бесінші курс студенттеріне Темірхан өзінің ризашылығын білдіріп жатыр. Жігіттер, қыздар бірінен соң бірі шығып өлең оқыды. Мен де «Сыр», «Өмір», «Сүйгеніме» атты өлеңдерімді оқыдым. Осы кеште байқалған бір жылылық: өлеңге, жақсы өлеңге құштар жандардың көптігі. Тыңдаған үстіне тыңдағысы келе беруі. Жақсыға қуанып, өте-мөте көп нәрсе күтетінін аңғартуы. Тілектес екендігін сездіруі. Бір жақсы өлеңді баспасөз бетінен көрсе я автордың аузынан естісе риза көңілмен басқан ізін, жазғанын бақылауға көшуі. Әрине, творчестводағы басқан ізін, қалдырған, қалдырар жолын. Жақсы жазуға мүмкіндігі мол, таң қалдырар жырлар жазар, ерен еңбек етер жастық шақ қаһармандары Ұлықбек, Сейітқұл, Батық жаңа өлеңдерін оқыды. Сонда жүрегімнің түкпірімен сезінгенім – жұрт сенен жақсы өлең күтетіндігі. Өлең, поэзия ақында сөз айтуға маған әлі өте ерте болса да, бір нәрсе айқын екен, ол өлеңнің күнде жаңарып, күнде ілгері басып отырғандығы. Біз бүгінді жасауымыз керек. Қасым, Бернияз, Сұлтанмахмұттай талантты өкілдердің басқан ізімен қайта жүрген ұрпақ болып шықпауымыз керек. Олардың жырынан өз дәуірінің дамуы танылса – бізде ол жоқ. Неге? Демек, өлең құдіретін, ойды бере білу құдіретін, форма мен мазмұн сайма-сайлығын әлі меңгере алмай жүрміз. Махаббат, мұң ғасырлап айтылып келеді. Әр онжылдықтың өзінде, ғасырды былай қойғанда, әр ақын осы ұлы сезімді өздігінше жырлап үлгерді. 70-80 жылдар арасында өзгеше махаббат жыры тумады. Саяси әуенде де сол! Бүгінгіміз өткенді бағалап өзгеруге тиіс болса, жаңаруға тиіс болса – тек жақсы жағына, үлгілі, сапалы жағына қарай өзгеруге тиіс қой, бағыт алуға тиіс қой. Жиырмасыншы жылдардағы ақындар қайта туса, туһ, баяғы әуен, бір әуенмен әлі де өгізаяңмен келе жатыр екенсіңдер ғой демей ме?! Мен өлеңге өзгеріс әкелген Қадыр, Төлеген, Мұқағалиды айтып тұрғаным жоқ. Өз қатарымызды 20-25-тегілерді, ендігі туындап келе жатқан толқынды айтамын. Уақыт өте жылдам. Дәуір өзгерісіне түсінбей жүрмейік. Даңғазаға елітіп, бәрі тамаша деп жырлай берсек бола ма?! Біз естіген, оқыған, алған информациямызды ғана өлеңге айналдыратын компьютер, робот ақынға айналдық. Япыр-ау, ақын еркіндігі, ақын қиялының еркіндігі қайда?! Керек пе, «Чили коммунисіне хат» деп өлең жаза салдым. Сонда, тарихтың тереңінен сөз тартып толғағандар «Космонавт монологындай» лирикалық поэма, жазған Төлеген Айбергенов, «Ильич» сияқты тарихи дастан жазған Мұқағали Мақатаев – тек қана факт, естіген, білген информацияға сүйенеді ме?! Ақын қолмен ұстап, көзбен көрмесе де – жүрегімен сезіп, жырлай біліп, оқушысын сендірді ғой. Демек, осы жерде – ақын қаламының құдіреті туралы талдау сөз қозғаған дұрыс сияқты. Бізді көп оқитын, білімді жастар деседі. Дәуірге үн қату үшін – көп білуге тиіспіз. Қазір мұңға батып, бір қыз үшін жылайтын зарлы махаббат заманы емес, жүрегіңді Отан үшін соқтырып, өзгеріп жатқан даланың ертеңіне қуанып, жалынды жыр жазатын, қарыштап күн сайын өзгеріс тудырып жатқан ғылыми-техникалық революциялар, санадағы ұлттық сілкіністер заманы. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Литература газетаның» дөңгелек столы басындағы пікірлесуіне келген ақындармен Мәдениет сарайындағы кездесуде ойға түйген пікірім: Олжас пен Евгений Евтушенко оқшау көрінгенмен, одақ оқырманы біздің белгілі ақындарымыздың өзін онша білмейтіндігі таңдандырып еді. Тек орыс тіліндегі мықты жырлардың авторы Олжасты мойындаған оларға қарап, сол кештен соң –мен өзімді сайын дала, тұңғиық аспанда жүргендей сезіндім. Сол тереңнен маңдай терді маржандай төгіп, шың басына көтерілу – міне, ұлы да қажетті, бүкіл өмірді сарп етуге болатын мақсатты бағыт, еңбек майданы осы! Қиын! Өте қиын! Қиынымен – қызықты! 2. Ұлылар айтқан пікірлерді өмір сырын түсініп келе жатып мойындайсың. Еңбек жайлы, өмір жайлы, әдебиет жайлы қысқа да тұжырымды ойларды да осыған саямын. Сейітқұл Оспанов: - Ұлы адамдар жоқ. Ұлы еңбектер бар, – деп еді, енді өлеңді қойып, шағын әңгімелер жазып жүрмін. Осы дұрыс пікір. Бұның өзі де бір күні өзгеретініне шүбәм жоқ. Себебі, күндеріміздің өзі өзгеріс талап етіп келіп жатыр, өзгеріп кетіп жатыр. Классика саналған «Қазақ солдаты», «Миллионер», «Қан мен тер» оқылудан қалып барады. «Өлең, саған ғашықпын» деп жар салып жыр жазған күлкілі. Бірде Шәкизада Әбдікәрімовке өлеңдерімді оқып бергенімде, «өлең жайлы өлең көп екен» деп еді. Енді ойласам дұрыс екен. «Шын сезім ешуақытта айтылмайды» деп Шәмшия Жұбатова махаббатқа байланысты айтқанмен, сол пікір өлеңге де келетін сияқты. Әділғазы Қайырбековтің «Қаңбақтар», Мәди Қайыңбаевтың «Ертегідей аяқтала ма?», Аманхан Әлімовтің «Ақ қайың» өлеңдері поэзияға ойлы ақындар келе жатқанын білдіреді. Өлеңді сүйетін ақын – оны айтпай-ақ, әр жолымен, бір жолымен сездіріп кететін сияқты Ұлықбек Есдәулетовтен осы көрінеді, бүгінгі күн тынысы аңғарылады. Оның бүгінгі күн бейнесін ертеңге анық апаратын ақын - Ұлықбектен және бір аңғарғаным: барлық уақта қайнаған ойлар мен жоспарлардың ішінде, жұмыс қазанында қайнап жүретіні, өзіне қаталдығы. «Бейкүнәнің күнәсін» бітірсем – көп нәрсе тындырдым деуге болар еді деп еді өзінің бір шығармасы туралы. Творчество адамына мың да бір қажеті салқынқандылық. Асып таспау, сабырлылық. Ұлықбектегі ең жақсы қасиет, үйренер үлгі. Әйтпесе, “Болмай жатып Белинский, толмай жатып Толстой болып” жүргендер арамызда баршылық қой. Біздің заманымыз шығармасына өз өмірі айғақ болып, ал шығармасы жеке өмірінің айнасы болып, тұратын художникке (суреткерге) ғана бас иеді. В. Г. Белинский (Пушкин туралы). Үміткер оқырмандарым күтіп қалды-ау. Жақсы өлеңдерім аз менің. *** 16 сәуір, 1977 жыл, сенбі. Сенбілік. Тазалану. ... Бүкілодақтық сенбілік күні. КазГУградтың барлық жатақхана, барлық алаңдарын, арықшалар мен жол бойын тазалау басталды. Сенбілік – мереке сияқты. Арық тазалап болып Сейтен екеуіміз дем алып отырмыз. Әңгіме – күнделік жазу туралы болды. Себебі, Батық: Мылташ, сенбілікке шықтық, - деп жазып қой, - деп күлді. Сейтен күлген жоқ. Мен жаза алмай жүрмін. Ойсыздықтан қашудың бір жолы – осы күнделік. Бір күн ішінде жүрекке жиылған көңілді, көңілсіз сыр өз білген –түйгенің түседі. Ал осы көріп-білгенді түю қиынның-қиыны, азаптың азабы. Мыңдаған құбылыстарды дәл қабылдап жатқан миымызға сенеміз. Бірақ, қорытылып үлгеруге көнбейтін ия, өзіміз басты деп есептемеген соң, шалағай қорытылатын істер көп болады екен, - деді ашыла сөйлеп. - Тоғыз сағаттан кітапханада отырдым. Дипломның бір тарауын (15 бет) жазып шыққаныма – өзіме риза болып кеуде кере дем алдым. Сонда Джек Лондонның 19 сағат жұмыс істегені (тәулігіне) есіме түсіп жадыма оралды. Ол және творчествоның қазанында қайнаған ғой. Өте күшті де мықты! Өз шығармаларының денін осындай шабытқа толы 19 сағаттарда жазған ғой. Ал мен 9 сағат кітап ақтарып, көшіріп, өз жанымнан қосып 15 беттей жазғаныма шаршап, риза болып жүрмін. Әрбір күн, әрбір сағат қызу еңбекке айналуы қажет қой, - деп сөз қостым. - Ізденіс буына мас болып, шабыттың – еңбектің күйіне елтіп жүруіміз керек. Әрбір күніміз өлеңге айналсын. Сонда жақсы өлең де, жаман өлең де, орта өлең де туады. Шабытты күтіп жүрмеу қажет. Қайта шабытты күнделікті ұзақты ия қысқалы еңбекпен, ізденіспен шақыруымыз керек. Менің қазіргі ізденісім – жай нәрсе. Көптен ізденіп, әр форма, әр түрде өлең, әңгіме жазу керек, - деді Сейтен ойланып отырып. *** 18 маусым, 1977 жыл, сенбі. «Аспан қызы» - Сейтеннің айтатын әні Достарымның альбомына құттықтау сөздер, достық туралы өлеңдер жаздым. Осы бір аяулы жандар ортасында өткен қуанышқа толы күндердің де таусылмайтындай жаздым. Студенттік күндердің соңғы аптасы келгенін, бізді еңбек жолдары күтіп тұрғанын, сол жолдарға тез түсіп, оныңсәтті болуын жаздым. Аңсау толы осы бір сағаттарда көңілді жүрегім тек достардың арқасы – екенін жаздым. Достық жайлы тым-тым арзан жазып жіберген секілдімін. Сондықтан, өлеңнің біраз жерін өшіріп қайта жаздым. Таңертең оқимын, жөндеймін десем Сейтен Оспанов досым «өзімізге жарайды» деп қояды. Сейтеннің блокнотыма жазғаны: «Сәби көзіне тура қарау ең қиын нәрсе! Адалдықтың, кіршіксіздіктің көзіне тура қарау – адал болсаң ғана қолдан келер. Достық –сәбилік. Сәби алдында өзімді үнемі кінәлі сезінемін». Терең түкпірінде ешқандай бөтен ойы жоқ баладай адал Сейітқұл Оспанов досымның жақсы көріп айтатын әні бар еді. Оспанханның сөзіне жазылған «Аспан қызы» деген ән. Ол соны айтып отыр. Сейтен блокнотыма өзі жақсы көретін мына өлеңді қосып жазып қойды. Кешір менің жүрегімді, ақылдым, Әлде айтатын сырың бар ма көздеген?! Мен өзгеге ұқсамайтын ақынмын, Неге мені теңейсің сен өзгемен?! Жарасқан Әбдірашевтан. Сейтен, Жарасқанды барлық ақыннан жоғары қоятын. Әсіресе, «Ақ бұлақтар» өлеңін жатқа айтатын. Бір қолтаңбасында: - Мықа, өмірдегі ең қиын да, қызықты жол - әдебиетті бетке ұстапсың. Алдыңда асуы қиын асқарлар, өтуі қиын өткелдер, шытырман шимай тағдыр тораптары күтіп тұр. Маңдайдан терің төгіліп, жаның жылап егіліп қайраттанып еңбек ете бер! Өкіндіріп, жылатты, еңіретіп, Өмір өтіп барады, өмір өтіп. Өлшеулі күн, Санаулы ай, Жүрер жолдың, Азы қалған секілді көбі кетіп. Ж. Әбдірашев. Мылтықбай, әрқашан өзіңді осындай ой үстінде сезін. Жарасқанның «Ақ бұлағы» болуыңа тілектеспін. Ақ бұлақтар, алқынған ақ бұлақтар, Қазір көктем, алдың жа,з шапқылап қал. Қадамыңа үмітпен қараушы – Сейітқұл. * * * Сейітқұл Оспановтың «Құл­дар көтерілісі» повесі Желтоқ­сан қозғалысы туралы алғашқылардың қатарында жазылған шығарма. Студенттер образын беруде Сейтен асқан жазушылық шеберлік танытқан. Ол шығарманың шын бағасын сыншы халық, төреші уақыт береді. Студенттік күнделігіме қайта үңілемін. Сейтеннің қолымен 8 қазан, 1975 жылы: Жылағым келді солқылдап, Ауылдың иісі аңсатты. Сағыныш сазы еркімді ап, Көзімнен жастар қанша ақты, - деп басталатын өлеңін жазыпты. Дәл сол бетте Ұлаш (Ұлықбек) та: Мылтықбай! Отырмыз Зейнолланың сабағында, Сен маған бір бұрылып қарадың да, «Бір тілек дәптеріме жазшы» дедің, Жоқ еді дайын тілек қаламымда. Қақысы жоқ ақынның жыр жазбауға, Міндеттіміз жарқ етіп бір маздауға, Міндеттіміз тағдырдан биік тұрып, Қиындық пен қызықтан құр қалмауға!, - Ұлықбектен депті. Сегізінші қазан, 1975 жыл, сағат төртте Төрекелді Байтасовтың жазғаны осы күнделігімде әлі тұр. «Сәбидің өмірге басқан алғашқы қадамы - өлімге қарай басқан алғашқы қадамы» депті Сократ. Он сегіз-он тоғыз жастағы бозбала студент достарым-ай, неге бұлай жаздыңдар екен!