АЛДЫМЕН КҮЗЕЙМІЗ, СОСЫН ТҮЗЕЙМІЗ

5
1402

Емханаларда бала дәрігерлерінің қабылдауы қайта қолға алынатын болады Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.

– Біз қазір жергілікті билік органдарымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен балаларды қабылдайтын емханалардың бөліну мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы бағыт қазір талқылану үстінде. Балаларды педиатрлардың жеке қабылдауы бойынша сұрақты жылдың соңына дейін шешеміз деп ойлаймын, – деді Тамара Дүйсенова.
Біз осы қызық халықпыз. Қарапайым халықта кінә жоқ, бәрін бұзатын билік басына шығып алғандар. Алдымен дұп-дұрыс келе жатқан жүйені ақшаның күшімен жын соққандай тас-талқан етіп бұзады, сосын тағы да қыруар қаржы шығарып оны қайта қалпына келтіру үшін түзеуге кіріседі. Біздің басқа істейтін жұмысымыз жоқ па?
Егер бұл мәселені депутаттар көтермегенде қарапайым халықтың жанайқайын ешкім құлағына да ілмес еді. Ал жүздеген жылдар бойы нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан жүйені бұзғанда неге халық талқылауына салмады? Осы «жаңалығымыз» тұрғындарға тиімді бола ма екен?» деген сұрақ ойларына келмеді ме? Неге министр біздегі медициналық қызметті түземейді. Мысалы, керек дәрі-дәрмектер жоқ болып шыға келеді. Оның орнына сапасыз басқасын ауыстырады. Ота жасаған хирургтер ақша бермесең пышағын қолына алмайды. Сонда біздегі хирургтерге мемлекет тарапынан жалақы төленбей ме? Бір мүшеңді кесіп алып тастағаны үшін қыруар ақша төлеу қажет. Не үшін? Оған бір жылдық еңбекақың да жетпейді. Министр Дүйсенова осы бассыздықты тоқтатуға неге күш салмайды. Бұл жерде шетелге еліктеудің қажеті жоқ. Олардағы медициналық қызмет түгелдей ақылы. Олардың адамдарының жалақысы бізден жүз есе артық. Отбасылық дәрігер дегенді шетелге шыққан шенеунік қай елден алып келді? Алдымен оларда отбасылық дәрігер бір ғана отбасына қызмет көрсететінін қалай көрмеген? Жаңадан Бас уәзір болған Бақытжан Сағынтаев министрлерге шетелге шығуға тиым салғаны қандай жақсы болды. Әйтпесе біздің министрлер ендігі тағы бірнеше «жаңалық» алып келіп жұрттың басын қатыратын еді. Әсіресе Білім және ғылым министрлігіндегілер. Енді Сағынтаев «Ешқандай жаңалық ашпай, тапсырған жұмысты ғана тиянақты атқарыңдар» деген бұйрық жарияласа тіптен дұрыс болар еді. Өйткені біздің министрлердің «тапқырлығы» халықты титықтатып бітті.

Зейнолла Абажан

qazaquni.kz

5 ПІКІРЛЕР

  1. əнеугі 3тілділікті де ешкімге дес бермей кіргізді,бұлар осындай реформалар арқылы пайда таба ма,қанша айтса да қыңыр адам бір жақ дегендей іс қылады.

  2. Біздегі реформа жасаушылар осындай пайдасыз, қаржыны босқа шашатын қылмысы үшін неге жазаланбайды? Әлде ондай заң біздің министрлер мен әкімдерге жүрмей ме,неге сол үшін қылмыстың іс қозғалмайды? Өйткені қаншама қаржыны желге ұшырып жатыр ғой. Депутаттар неге осы мәселені қозғамайды?

  3. Бізде ота жасағаны үшін ақша төлеу керек деген заң бар ма? Неге тырнағыңды алып берсе де ақша талап етеді? Дүйсенова қайда қарап отыр? Әлде сол ақшаның бір бөлігі министрге беріле ме? Берілмесе өз саласында тәртіп орнату қажет қой? Істей алмаса шынын айтып орнынан кетеу дегенді білмейді біздің министрлер.

  4. Министрлердің ішінде жібі түзу, жөн-жосықты білетін Дүйсенова деген ойымыз бар еді. Енді оған да күмәнмен қарайтын болдық. Құдай бізге бір жақсы министр бермей-ақ қойды ғой.

  5. Осыны халық қаншама айтып келсе де билік тыңдаған жоқ. Министрдің өзін сол дәрігердің кезегіне апарып қою керек еді. Бұлар бірдеңені істер алдында ойланбайды ғой. Не деген мисыздар. Ұят жоқ реформаторларда.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз