ҚР Ішкі істер министрі Қ. Қасымов мырзаға: Қандықол қарақшылар әділ жазасын алсын!

Картинки по запросу калмуханбет касымов

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш кентінде 18 қыркүйек күні мал базарына мал әкелген 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді азаматтардың жоғалғанынан хабардар боларсыз.  Жергілікті полиция қызметкерлері мен жоғалған азаматтардың туыстары, достары мен еріктілер үш азаматты бір апта бойы іздестірді. Өкінішке орай, бүгін жоғалған үш азаматтың да қаза болғаны хабарланды. Бейсенбі, жұма күндері жоғалған жігіттердің екі бірдей көлігі табылды, кеше Ұзынағаш маңынан жоғалған жігіттерге тиесілі 40 бас ірі қара малдың 33-і табылған.

Жоғалған кісілерді іздеу жұмыстарына Алматы облыстық ІІД, Жамбыл аудандық ІІБ, басқа да аудандардың полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Алайда, іздеу жұмыстарының бір аптаға жуық уақытқа созылуы полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігіне күмәнмен қарауға мәжбүр етіп отыр. Зат емес, адам, бір ғана адам емес, үш бірдей азаматты, екі көлігі, 40 бас ірі қара малымен алақандай аудан ішінде осынша уақыт іздеу полиция қызметкерлерінің Елбасы қойып отырған кәсіби біліктілік талабының үдесінен шықпағанын көрсетеді. Бұл жерде жоғалған мал мен екі көліктің табылуын полиция қызметкерлерінің еңбек көрсеткіші дей алмайтынымыз да анық. Далада жайрап жатқан көлік пен қараусыз жайылып жүрген малды тұрғындар көріп, хабарлаған.

Картинки по запросу ұзынағаш қылмыс

Жоғалған азаматтардың туыстары мен оларды іздеуге атсалысқан еріктілер де полиция қызметкерлерінен осы оқиғаға қатысты толымды ақпарат ала алмағандарына шағымдануда. Соның салдарынан олардың арасында «Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі екен. Полицияның ол топқа шамасы келмейтін көрінеді» деген де әңгіме тарады. Осы орайда, аталған оқиға туралы оқырманға объективті ақпарат беру мақсатында Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінен де іздеу жұмыстарының барысы туралы мәлімет ала алмағанымызды айта кеткен жөн.

Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы!

Тек Алматы облысы аумағында ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы көз тіккен бұл оқиғаның қаншалықты қоғамдық резонанс тудырғаны туралы айтып жату артық болар. Сондықтан да Сізден осы істің мән-жайын анықтап, тергеу барысын жеке бақылауыңызға алуыңызды өтініп сұраймыз. Қоғам назары алдағы тергеу шараларына да жіті бағытталатынын, марқұмдардың туыстары, достары қылмысқа қатысы бар тұлғалардың анықталып, толықтай жазалануын талап етері сөзіз. Тергеу кезінде заңдылықтың, процессуалдық  талаптардың сақталмауы сынды кемшіліктер орын алса, жәбірленуші тараптың полиция қызметіне күдігін күшейтіп, тіпті, әлеуметтік араздық туғызатын жағдайларға алып баруы мүмкін.

qazaquni.kz