Ақиқаттың астары не?

«Тәрбие – бақытты өмірдің көркемдік бастауы һәм бақытсыздыққа ұшыраспаудың сенімді кепілі». Бұл сөзді б.з.б. 460-370 жылдары өмір сүрген ежелгі грек философы, атақты Левкиптің шәкірті – Демокрит айтыпты. Қазақ қоғамында айтылған орамды, айшықты сөздер бар. Десек те, біздің түйткіл етіп, мәселеге тоқталып отырғанымыз осы бала тәрбиесі мен өмірлік ұстаным турасында болып отыр. Адам өмірге алшаң басып, болашаққа алғашқы адым аттағаннан-ақ пендеуи сарынды өмірдің ала-бұжық сатыларынан өтуді, діни таныммен айтқанда сынақ өмірді бастайды. Біздің жоғарыда айтқан Демокриттің пәлсапасы, расында да, шідерсіз аяқ алысына жиырма жылдың жүзі болған қазақ ұлтының бүгінгі тұрпатына айтылар сөз. Күмән жоқ. Голощекиндік, Сталиндік, беріде Гитлерлік геноцидтердің (бұл тізімге Семей полигоны да кірсін) ұлт мүддесінің ертеңін күңгірттендіруге барынша ықпалын жасағанын, міне, ғасырға жуық уақыт асқаннан соң ғана танып-біліп, төбемізді қасып жатырмыз. Ендігі күмән сырттағы жаудан емес, іштегі жаудан. «Қазақтың жауы – Ұлтсыздық!» дейді Мұхтар Мағауин. Яғни ұлттық тәрбиенің жоқтығы. Кейінгісі біздің ауанымыздан шыққан ой. Ұлт тәрбиесі сонау орта ғасырлардағы шығыс түркі ақындарының үлгі-нама, өнеге-хикметтерінен бастап қанымызға сіңген. Яғни тектіліктің бір ұшқыны. Беріде, бүгінде бала тәрбиесінің бағытын бағамдап, дұрыс жолға қою аса маңызды мәселе.

БАҚ-ның, соның ішінде теледидар көрудің бала психикасына әсері туралы тақырыпты, сөз жоқ, әр-әр жерден әлдекімдер көтеріп-ақ жатыр. Айталық... 2010 жылдың соңына таман бір-екі телеарнамыз жасөспірімдер арасында суицид өршіп бара жатқанын көрсетіп қалып еді, қалған барлық арналар да сенсация қуу жолында қай жерде суицид оқиғасы тіркелсе, бірден соны күллі әлемге жар салып, айтуға көшті. Бұл жастар тәрбиесіне теріс әсер беруі болжанған, кейінде талай практикада дәлелденген тұжырым. Апта сайын КТК арнасынан «Астарлы ақиқат» деген Дина Төлепбергеннің бағдарламасын көріп отырып, жаға ұстаймыз. Атыс-шабыстар, адам өлтіру, зорлық-зомбылық, езгі, қанаушылардың құлқын иектеген қылмысы, суицид... Өмірі көрмеген сұмдық дерсіз... Жоқ. Мәселе онда емес. Бұл дерт қоғамда болған да, болады да. Бұл өз алдына басқа тақырып болса, оны теледидардан тең-тең етіп көрсетіп, қоғамның, оның ішінде жастардың санасына дәстүрлі, үйреншікті құбылыс етіп көрсету бір басқа. Бала психикасының күрт өзгеруі, сана-сезімінің салғырттануы, міне, осы мәселеге тікелей қатысты. Педагогикалық талап әдісі іс-әрекеттердің бір түрін тежеу, енді бір түрін мадақтау тәрбиеленушінің санасын дамытады. Л.Г.Макаренко: «Егер жеке адамның басына тиісті талаптар қойылмайтын болса, онда ұжымды құруға, ұжым ішінде тәртіп құруға да болмайтындығы, әрине, өзінен-өзі түсінікті нәрсе. Мен жүйелі түрде талаптар қойылуын жақтайтын адаммын», - деп педагогикалық талап әдісінің басқа әдістерге қарағанда ерекшелігін көрсеткен. «Былай жасау дұрыс емес» деп, теріс жолды нұсқап, одан өнеге беру принципінің психология теориясында өзіндік заңнамалық көрсеткіштері бар. Бала санасына ауыр тиетін түрлі көрнекілік, мәселен, адам өлтіру мен айыппұл төлеу, алдап-соғу мен келеке ету секілді өзара парықтары айқын дүниелердің теңдікте сақталмауы аса қауіпті. Жоғарыда айтқан «Астарлы ақиқат» бағдарламасында «суицид» тақырыбы кеңінен қозғалды. Моральдық нормаға сай келмейтін түрлі бейнебаяндардың жөн-жосықсыз қолданылуы, оның ішінде бес қабатты ғимараттан құлаған адамның видеосын қайта-қайта көрсету бала психологиясына әсер етпеді дей аламыз ба? Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2009 жылы 360-тан астам жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғасы тіркелсе, 2010 жылы 320-дай бала өз-өзіне қол жұмсаған. Атыс-шабысты сериялдар мен түрлі блогбастерлердің қазақы танымға, қазақы ділге қарсы екенін айтып жатқандар баршылық. Дегенмен іс жүзінде қарастырылып, қолға алынып жатқан жоқ. Дерексіз, тек психологиялық бейнебаяндарды көрудің өзі бала психикасына салғырттық пен дүдамал кейіпті рай танытады. Дүниетанымының реңктері өзгеріп, өзін өзі жоғалтады. Тәрбие әдістерінің ықпалын, оның сапасын және нәтижесін анықтау және талдау үшін мінез-құлық пен іс-әрекетке бақылау жасау, адамның өзін-өзі бақылауы және өзіне-өзі баға беру әдістерін айтар болсақ, жақында ғана өткен Сара Алпысқызының арнайы бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Өзін өзі тану» атты ашық сабақтар өте орынды қолданылды. Мұндағы негізгі мақсат - оқушылардың өзін-өзі тану дағдыларын дамыту, бір-біріне, қоршаған ортасына көңіл бөлуге және қамқорлық көрсетуге тырысуға, сезімталдыққа тәрбиелеу. «PLATON.KZ» сайтында «Жастарымыз бейімделуге бейім бе?» деген тақырыпта мақала жарияланды. Автор «Адамдық әлеует дегеніміз тек қана халықтың демографиялық әлеуметтік жағдайы ғана емес, сапалы әлеуметтік капиталдың құрамдас бөлігі болып табылады» деп өте орынды пікір айтқан. Яғни батыстық, я басқа да шет елдік фильмдердің жастар санасына айрықша дүмпу тудыратыны, ол ұлтымыздың сапында басқаша көрініс алатыны, қателіктен қатерге жол тартуы болып қалыптастады. Сондықтан да, тәрбие берудің басты құралдарына айналып отырған жаңа инновациялық технологияларды халықтың тұтыну процесінің айрықша назарда болуы психолог мамандардың негізгі ісі болуға керек. Тәрбие басы – ошақ қасы. Демек, жастар тәрбиесінің ұйытқысы – отбасы. Негізінен жанұяның шырқы бұзылған, ата-анасы маскүнемдікке салынған немесе жарамдық жағынан азғынданған ортада бала, жасөспірім қашанғы жиренішті көріністі, ондағы айқай-шу мен дау-жанжалға, ұрыс-керіске шыдап жүре бермек. Басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді, егер осы теріс жолға мүлде бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда негізгі кінәні кімнен іздейміз?! «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, елдің хал-ауқатын, ділін түзікке бұратын тәрбие жолын насихаттауды ұмытпайық...

 

 

Эльмира Орынбаева №2 Алматы Мемлекеттік Гуманитарлы Педагогикалық колледжі