Тақтан құлаған араб көсемдері тарихи сабақ болса игі…

0
951

…Біздің ауылдың күншығысында, күрежолдың бойында, Оймауыт каналының жағасында үлкен қарағаш өсетін. Ол діңгегі өте жуан, көлеңкесі аса саялы, жапырағы жайқалған, жүз жасаған, бәлкім одан да көп, өйткені қариялардың өзі оны қашан, кім отырғызғанын айта алмайтын, өте бір көрікті дарақ еді. Бір күні қатты дауылдан сол қарағаштан «айрылып» қалдық. Сөйтсек, сырт көзге мәңгі тұратындай көрінетін кәрі ағаштың ішін түгелімен құрт жеп қойған екен. Тамырдан жоғары тәжге қарай жүгірген нәр тек қабықтың бойымен ғана барып тұрыпты…

Екі ай болды, әлем демін ішін тартып алып араб елдерінен көзін ала алмай отыр. Тунисте, солтүстік Африкада халқының экономикалық ахуалы ең жоғары мемлекетте басталған толқу елді 23 жыл билеген Бен Әлидің аяғын аспаннан келтіріп қуып шығуымен аяқталды. Толқу президент елден қашып кеткен соң да тоқтамады. Мемлекет астанасындағы орталық алаңға жиналған жүз мыңнан астам халық уақытша үкіметтің басшысы Махмуд Ганушидің өз қызметінен кетуін талап етті. Себеп? Себеп біреу – Гануши кезінде елдің қашқын президенті Бен Әлидің оң қолы болған, он жылдам астам үкіметті басқарған адам. Халық жемқорлықтың символына айналған президенттің серіктестері жүз жерден мықты маман, менеджер болса да, жаңа өмір құрылысына олардың қатысқанын қаламайды, халық өзі арман еткен жаңа қоғамды ары да, жаны да, қолы да таза адамдардың басқаруымен құрғанды қалайды.
Тунисте билік ауысып үлгермей жатып, ең үлкен араб мемлекетіне – Мысырға «кезек келді». Бұл елді 30 жылдан бері Хұсни Мүбәрак уысында ұстап келе жатқан болатын. Аса маңызды стратегиялық нысанға – Суэц каналына ие Мысыр (Египет) елін Гамел Әдел Нәсірден соң билеген Әнуар Садат та, «Израилмен келісімге келдің, араб елдерінің ұлттық мүддесін сатып жібердің» деген экстремистің немесе патриоттың, оны кім қалай атайды – өзі біледі, қолынан осыдан отыз жыл бұрын әскери парад кезінде қаза тапқан соң оның орнына келген Хұсни Мүбәрак та АҚШ-тың стратегиялық әріптесі болғанды қалады. Батыстық демократияның екіжүзді екендігі, оның қалыптасқан, мызғымас қағида мен ұстанымдар бойынша емес, Уинстон Черчилль: «Ұлыбританияның достары жоқ, Ұлыбританияның тек қана мүддесі бар» деп ашық айтып кеткен мемлекет мүддесі жолымен жүретіндігі, өзінің мүддесіне сай келмесе «Азаттық! Теңдік! Бауырластық!» сияқты Ұлы Француз революциясы кезінен мұраға қалған қасиетті ұғымдарды оп-оңай сатып жібере салатындығы бүгінгі таңда ешкім үшін құпия емес. Дегенмен, бүгінгі Америка да кешегі Америка деуге келмейді, көп өзгеріс бар. Обама дүниеге келерден біраз жыл ғана бұрын бақиға аттанған Мартин Лютер Кинг өмірін құрбан еткен құндылықтың бірі негрлердің сайлауға, сайлана алуға құқығы болуы еді. Сол заманның мейлі ақ нәсілді, мейлі қара нәсілді америкалық үшін афроамерикалық (қазіргі заманда АҚШ-та негрлердің ұрпағын нек осылай атау қалыптасқан, негр деп атасаңыз адамды кемсіткеніңіз үшін заң алдында жауап бересіз…) азаматтың ел президенті болып сайлануы үш ұйықтаса түске кірмейтін нәрсе болатын. Мүмкін емес нәрсе мүмкін болды, демократ Барак Обама БҰҰ-ның ауанына қарап отырмай Либияға қарсы біржақты түрде санкциялар қабылдады. Сол Обама бүгінгі демократияның үлгісін көрсетіп, Мысырда толқу басталғаннан кейін бір апта өтер-өтпестен сенімді одақтасы Мүбәракқа «билікті бейбіт жолмен берген дұрыс!» деп жартылай кеңес, жартылай бұйрық берген бірінші Батыс қайраткері еді. Бірақ, ол ақыл-кеңеске құлас асқан Мүбәрак болған жоқ…
Әйтсе де, Мүбәрак пен халықтың текетіресі бар-жоғы 18 күнге созылды. Алдымен өз елінде біртұтас, шыңдалған, шыныққан оппозиция жоқ екенін жақсы білетін, сол себепті демонстрацияға шыққан отандастарын қолынан ешнәрсе келе қоймайтын қара тобырға балап, полицияның күшімен жуасытпақ болған, кейін өзінің жақтастарын оларға қарсы айдап салып, екі ортада бейбіт елдің қанының төгілуіне себепкер болған президент жүз мыңдаған адам «кет!» десе де кете қоймады. Сірә, «кет дегенде ит те кетеді» дейтін қазақ даналығы барын ешбір кеңесшісі оның есіне салмаса керек… Халқына етер бар «жақсылығы» – «мен ендігі сайлауға түспеймін, күзге дейін отырамын, билікте маған балама адам жоқ, өзім күзге дейін демократиялық елге қалай айналудың үлгісін жасап беріп кетемін» десе де халық бұл жолғы алдарқатқысына көнген жоқ. Еліне құтты бола алмаған «Мүбәрак дәуірі» осылай аяқталды…
Мысырдың Қызыл теңіздің екінші бетіндегі көршісі – Йемен қалаларының көшелерінде де теңіздей толқыған халық. Халықтың талабы біреу ғана – мемлекетті отыз жылдан астам басқарып отырған Абдулла ас-Салех орнына кетсін дейді. Мұнайы жоқ, газы жоқ, халқының 40 пайызының күндік табысы 2 доллардан аспайтын барынша кедей елдің президенті болса Мүбәрактың ізімен алдымен «мен 2013 жылғы сайлауға қатыспаймын, оған дейін елді билеп отыра беремін, өйткені оппозицияда биліктің тізгінін қолына ұстата қояр лайықты ешкім жоқ, халықты көшеге шығарып жүргендерге билікті берейікші, бір апта да елді басқара алмайды, бәрінен айрылып қалады» деді. Бір апта өтпей жетіп соның өзін халыққа көп көрсе керек, айтқан сөзінен айнып шыға келді. Енді «2013 жылғы сайлауға тағы қатысамын, менің қарсыластарым мықты болса мені сол сайлауда жеңіп алсын» деп қарап отыр…
Қазақ «қара өтірік айтса – өтірік, хан өтірік айтса – қылмыс» деген. Бірақ, бүгінгі заманның салехтары «ердің екі сөйлегені – өлгені» деген қазақ қағидасын неғылсын! Өз сөзі өзінікі, бүгін айтады, ертең қайтып алады, ойына келгенін істейді, білген б… жейді, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, өзі – би, өзі – қожа. Дәлірегі солай болып келген, солай болып қала берсе дейді, неге солай болып қала бермейді дейді, мына тобырға, яғни халыққа мұндай ақылды кім үйретіп отыр, біреу үйретіп отырмаса ол өз ойы, өз миымен ондай іс-қимылға баруы мүмкін емес дейді.
Йеменге көрші болмаса да тым алыста орналаспаған Бахрейннен де тыныштық кеткелі қашан. Ел королі кезінде «төңкеріс жасамақ болды» деп айыпталған оппозиция серкелеріне кешірім жасады, олардың көсемі Хасан Мушайма да Ливандағы қуғыннан оралды. Миллионнан сәл ғана асатын халқы бар бұл мемлекет тұрғындарының төрттен үшін шейіттер құраса да, билік басында сүнниттер отыр. Ондаған жылдар бойы. Және шейіттермен билікті бөліскілері келмейді. Шыдамы таусылған халық көшеге шықты және билікті толық қолына алмай тоқтамайтын түрі бар. Бахрейінді «АҚШ-тың суға батпайтын авианосеці» деп те атайды. Себебі, Парсы шығанағындағы (арабтар оны, әрине, «Араб шығанағы» деп атайды), стратегиялық орында тұрған бұл ергежейлі мемлекетте АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең үлкен әскери базасы орналасқан. Бұл әскери базаның басты міндеті аймақтағы араб мемлекеттері өндіретін мұнайды аман-есен Батысқа жетуін қамтамасыз ету. Ел астанасы Манама қаласындағы орталық Інжу алаңын мысырлықтарша бейресми түрде болса да қазір «Тахрир» , яғни Азаттық алаңы деп атап кеткен халық осы алаңды екінші үйі етуге айналды. Король бір рет полиция мен армияны алаңға төгіп көріп еді, ондаған адамынан айрылған ел есін жиып, екі-үш күн өтпей-ақ алаңға қайтадан жиналды. Әскерді қарусыз халқына қарсы жұмсағаны үшін бүкіл әлемнің наразылығына ұшыраған корольдің екінші рет олай етуге жүрегі дауалар емес. Оның орнына амалсыздан үкіметтегі біраз министрді орнынан ауыстырғанмен оған көне қоятын халық көрінбейді…
Бұл екеуіндегі ереуілдер соңғы екі аптада Либия (мемлекеттің дұрыс атауы – осы, біз Ливия деп орыстардың ізімен жазып жүрміз) оқиғасының тасасында ойыншық болып қалып қойды. Либия – 6 млн.ғана халқы бар, мұнай мен газға бай, халқы жан басына шаққанда 9 мың доллар деген ЖІӨ көрсеткішіне бізден бұрын жетіп қойған, біз армандап жүрген 50 елдің ішіне бізден бұрын кіріп қойған, 6,5 млрд.доллар (2009 жыл бойынша) сыртқы қарызы ЖІӨ 11-ақ пайызын құрайтын (бізде жаңылыспасақ 105 пайыз) ел.
1969 жылы төңкеріс жасап билікке келіп, содан бері тапжылмай отырған Муамар Каддафи ел ереуілінің 18 күніне шыдас бере алар, бере алмасы белгісіз. Толқудың себебін ең алдымен өзінен емес (кез келген «ақылым бар» дейтін адам осылай етуге тиіс қой), өзгеден көрген полковник әуелі бәленің бәрін істеп отырған «әл-каидалықтар» десе, артынша бұл жерде батыстың араласуы көзге көрініп тұр, біз оларды бұрын да жеңгенбіз, тағы жеңеміз деп даурықты. Толқу оған тоқтаған жоқ. Телеарналардың бірінен берілген репортажда қарапайым адамның аузымен айтылған ақиқаттағыдай – «ешкім оның сөзін тыңдамады». Бүгін таңда, ақпан айының соңғы күндері Муамар Каддафидің де биліктегі соңғы күндері болуы ғажап емес. Себебі өз халқына қарсы ұшақтан, танкіден, пулеметтен оқ боратқан, ол аз десеңіз «қарсылық көрсеткенді тоқтатпасаңдар мен сендерге тек өртенген жерді ғана қалдырамын!» деп айбат шегіп, уын шашқан басшының қасында тек үлкен ұлы мен ең жақын сыбайластары ғана қалды. Кіші ұлының өзі көтерісшілер жағына шығып кетті. Полковниктің қолында кәзір тек астана – Триполи қаласы ғана бар. Оның да барлық жері емес. Режим ұзын-саны 6 мыңнан 10 мың арасындағы орталық Африкадан алдырылған жалдамалы баскесерлер мен армияның әлі де халық жағына шықпаған бөлігіне ғана арқа сүйеп аман тұр. Елдегі ірі тайпалардың бәрі – ал Либия Халықтық Социалистік Жамихириясында мемлекеттік құрылым рулық-райпалық негізде құрылған – бірінен соң бірі билікке қарсы шығып жатыр. Газеттің бұл нөмірі басылып шыққанға дейін «Муамар дәуірінің» де құлағанының куәсі болуымыз мүмкін..
Либияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Абурахман Шалғам революция көсемін «ақылынан адасқан адам» деп атап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін Бас Ассамблеяның кезектен тыс Либияға байланысты шақырылған «шұғыл, батыл шешім қабылдап, менің елімді қырғыннан аман алып қалыңыздар» деп сөз сөйлесе, сол арқылы аталған шешімге қол жеткізуге біршама себепкер болса, елдің бұрынғы Әділет министрі Мұстафа Әбдел Ғалил бастаған Уақытша үкімет құрылды. Басқа емес, нақ Әділет министрінің бастауымен құрылуы да бекер болмаса керек…
Бұл оқиғаның бәрін біз неге тәптіштеп тізіп отырмыз? Пушкин: «Сказка – ложь, да в ней намек, добрым молодцам – урок!» деген болатын. Біздің жазып отырғанымыз ертегі емес, бүгінгі күннің дәл мағынасында қаны сорғалаған шындығы. Еліміздің Стратегиялық зерттеулер институты «Қазақстанда ондай оқиғалар қайталануы мүмкін емес» деген шешімге келіп те үлгеріпті. Ләйім, айтқаны келсін. Бірақ, «жақсыны айтып, жаманды таяп қой» демейтін бе еді дана халқымыз?
Тоқтар Әубәкіров ағамыз: «Президенттерді космосқа жіберіп алса, ұшып келгеннен кейін айналаға жіті көзбен мән беруші болар еді» дейді. Бұл не деген сөз? Бұл – билік басындағы адам баласы жерде жүргенде пендешілікпен өзін жарты Құдай санайды, ал сонау ғарышқа барып жұдырықтай ғана жер шарын көргенде өмірдің өткінші екенін, ең бастысы билік емес, ең бастысы артыңа абыройлы атыңды, шамаң келгенше жайнаған елің мен жеріңді қалдыруға тырысу екенін түсінер еді, басты құндылықтың билік дегеннен басқа нәрсе екеніне көзі жетер еді, өзінің шын мәнінде мынау шексіз ғаламда бар болғаны шаңның тозаңынан да кішкентай адам баласы екенін, барлық пендешілік тіршілігімізге төбемізден Жаратушының үнсіз сынай қарап тұрғанын ұғынар еді, ұғынған соң басқа ойға түсіп, басқа қимылға барар еді деген сөз…Талғат Мұсабаев бауырымыз да: «Мен ғарышқа бірінші ұшқанымда атеистік сеніміме селкеу түсті, ал екінші рет ұшқанда Алла-Тағаланың бар екеніне анық көзім жетті!» деген жоқ па еді…Ал, біздің елдің басшыларын – парламент депутаттарын, облыстық мәслихат хатшыларын (облыстық және аудандық депутататтарға қаржымызды қимасақ та), әкімдер мен министрлерді, президент әкімшілігінің жетекшілерін, бұлардың бәрі жиылғанда бір аэробус толмайды, ғарышқа ұшырмай-ақ жыл сайын мемлекет есебінен Меккеге қажылыққа қайталап жіберіп тұрсақ, олардың санасы сөзсіз өзгерер еді. Сол Мекке-Мәдина орналасқандығы себепті де Сауд Арабиясының билеушілері адамнан ұялмаса да, ұялатынын да жоққа шығаруға болмас, Құдайдан қорыққанынан Алла-Тағаланың сол өлкенің халқы үшін берген несібесін сол халықтың өзімен тең бөлісіп отыр. Король және оның отбасындағылар, король билікке алып келгендер, әрине, өздерін де ұмытқан жоқ, ұмытпақ та емес, бірақ халқымен бөлісіп отыр! Және бөліскенінің өзі саудиялықтардың жер үстіндегі жұмақта өмір сүруіне жетіп жатыр. Ал, бізде ше? Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында біздің басты байлығымыз – мұнай кен орындарының бар қызығын көріп отырған шетелдіктермен арадағы келісім-шарттар, тоқсаныншы жылдардың басында, мемлекетіміз қаржы тапшылығына тап болғандығы себепті алпауыт компаниялардың айтқанына көніп, айдауына жүріп, нағыз теңсіздік жағдайда қол қойылған келісім-шарттар қайта қаралатындығы көп әңгіме болған еді. Бірақ, әңгіме сол күйінде қалды – былтыр президентіміз «шетелдіктермен келісім-шарттар қайта қаралмайды» деп бір-ақ кесті. Бірақ, неге қайта қаралмайтындығы жайлы ұғынықты түрде бір де бір ресми ақпарат құралында түсінік берілмеді. Ал, бұл жол бізге дейінгі дамушы елдердің бәрі жүрген жол еді ғой. Араб елдері де мұнай орындарын алғашқы жылдары арзан бағамен игеруге берген болатын. Кейін сол келісім-шарттың бәрі қайта қаралды. Араб халқының мүддесі алдыңғы орынға қойылып қайта қаралды.
Ендеше, біздің билікке де мемлекет пен қоғамның өміріне қарапайым халықтың көзімен қарауды үйренетін кезі жетті. Бұл ең әуелі сол биліктің өзі үшін керек. Талдау мен сараптау жасай алған, сол арқылы ащы да болса ақиқитқа сай қорытынды жасай алған биліктің ғана өмірі ұзақ, еліне берері мол болмақ. Өйтпеген жағдайда, саяси өмірді референдумдар мен мезгілінен бұрын «босанатын» сайлауларға толы спектакльге (Шекспир), қоғамның шынайы болмысын иллюзияға, әлеуметтік-экономикалық саладағы нақты іс-әрекеттерді орындалмайтыны алдын-ала айдай айқын болып көрініп тұратын түрлі СИИР, ФИИР секілді имитацияға айналдырып, алысқа бармасымыз анық. Алысқа бармаудың салдары да сойқан болатыны тағы ақиқат. Бірақ, барлық сойқанда таяқ жейтін тек қара халық қой. Билік әрқашан солай ойлайды. Кім біледі, дұрыс та шығар…

 

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз