Аэроғарыш комитетінің төрағасы тағайындалды

Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып Еркін Шаймағамбетов тағайындалды. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазғарыштың төрағасы орнына Еркін Шаймағамбетов келдіЕркін Шаймағамбетов 42 жаста. Мәскеу мемлекеттік авиация институтының түлегі. Бұған дейін Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет еткен.

1974 жылы 7 маусымда Қазақ КСР Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тастүбек ауылында дүниеге келген.

1998 жылы «Ғарыштық ұшу аппараттары және үдемелі айдау блоктары» мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірді.

1998 жылдың наурызынан бастап Ғылым министрлігі - Ғылым академиясы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасында «Байқоңыр» ғарыш айлағы объектілерін пайдалану жағдайларын бақылау бойынша бөлімнің бас маманы (Байқоңыр қ.) болып жұмыс істеді. 1998 жылдың қарашасынан бастап аталған бөлімнің бастығы болып тағайындалды.

2005 жылы Білім және ғылым министрлігі Аэроғарыш комитеті «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы болып тағайындалды.

2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

2007 жылдың 8 маусымынан бастап, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары болды.

Марапаттары бар: «Ерен еңбегі үшін» медалі (2005 ж); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі (2011 ж).

Үйленген, ұлы бар.