ҰҚК: Қазақстанда құрықталған радикалдық топтар халықаралық лаңкестер ықпалында болды
2016 ж. 05 қыркүйек
1999
1
Қазақстанда жыл басынан бері сегіз радикалдық топ құрықталды. Олардың бір бөлігі халықаралық содырлардың басшылығымен байланыса отырып, әрекет еткен. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен ҚазАқпаратқа хабарланды.
Ведомство келтірген мәліметтерге қарағанда, 2016 жылдың маусым айында Қарағанды облысында бір-бірімен байланысты радикалды тұлғалардан тұратын екі топтың жолы кесілді.
«Бұл ретте олардың әрекетіне жалпы басшылық пен үйлестіру шаралары шетелдегі қазақстандық содырлар арқылы жүзеге асқан. Олардың бір мүшесі соғыс болып жатқан аймаққа баруға дайындалып, кейіннен Қазақстанның шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған жерінен ұсталды», - деп жазады Интерфакс агенттігі Антитеррористік орталық штабының өкілі Сәкен Мыңбаевтың сөзін келтіре отырып.
Оның айтуынша, аталған топтың мүшелері Қазақстан аумағында террористік шабуылдар жасауға дайындалған, соның ішінде Балқаш маңындағы ресейлік әскери бөлімді нысанаға алмақ болған. Жалпы арнайы операциялар барысында 8 адам тұтқындалып, біреуі ұстау барысында өзін өзі жарып жіберген.
«Сонымен қатар, радикалдар Балқаш қаласының маңынан, Гүлшат ауылынан және Балқаш стансасынан 4 жасырын қоймалар жасаған. Оның бірі, тіпті бір күдіктінің ата-анасының бақшасында қазылған. Террористің ата-анасы бұл туралы білмейтін де, одан күдіктенбеген де болып шықты. Жасырын қоймалардан қару-жарақтар, оқ-дәрілер, сонымен бірге, қолдан жасалатын жарылғыш заттардың көп мөлшердегі компоненттері, химиялық заттар, металл кесетін заттар алынды», - делінген баспасөз баянында.
ҰҚК мәліметтеріне қарағанда, террористік топ мүшелері адам жоқ айдалада ондай жарылғыш құрылғылардың қуатын сынақтан да өткізіп көрген.
«Топтың мүшелері «шахид белдігі» аталатын осындай жарылғыш заттың екеуін жасап үлгерген. Оның біреуі ұстау барысында өзін өзі жарып жіберген болатын. Ал тәркіленген компоненттер осындай 50-ге тарта жарылғыш заттарды жасауға жететін еді. Біздің сарапшыларымыздың бағалауы бойынша, жарылғыш заттардың мұншалықты көлемімен көпқабатты тұрғын үйді толық қирандыға айналдыруға болады», - деп атап өтті Мыңбаев.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың маусым айында Қарағанды облысының Балқаш қаласы мен Гүлшат ауылында қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы террористік актіні жоспарлаған радикалды топтың жолы кесілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Гүлшат ауылында қылмыскерлерді ұстау барысында терроршылардың біреуі өз-өзін жарып жіберіп, алған жарақаттардан көз жұмды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 257-бабының 1-бөліміне, 287-бабының 5-бөліміне сәйкес, 5 лаңкеске террорлық топ құрып, заңсыз жолмен қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғылар тасымалдады деген айып тағылды. Қамалғандардың үлкенінің жасы 37-де, кішісі - 26-да. Күдіктілердің барлығы - Қарағанды облысының тумалары. Лаңкестің топтың 2016 жылдың сәуір айында құрылғаны мәлім болды.