ОҢТҮСТІКТІҢ АГРАРЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ
2016 ж. 27 тамыз
2037
0
Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан облысында экономиканың аграрлық секторын неғұрлым заманауи ету және экономиканың индустриялық секторын қатар дамыту – негізгі міндеттердің бірі саналады.
Аталмыш бағытта жергілікті әкімдік ауылшаруашылық өнімдерін өсіру, дайындау, сақтау, қайта өңдеуге баса көңіл бөлуде. Сол сияқты жаңа агротехнологияларды, тамшылата суаруды, жылыжайлар салу және басқа да тиімді әдістерді пайдалану бойынша көптеген жобаларды енгізу арқылы саланың қарқынды дамуына күш салып келеді. Сондықтан болса керек, аймақта ауылшаруашылығы саласы бойынша ауқымды істер атқарылып, ел экономикасының дамуына зор ықпал етуде.
Аймақтарды аралап, іссапармен жүрген Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен өткен кездесу барысында кәсіпкерлерді, жалпы ауыл тұрғындарын микронесиелеу және жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Ол өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ықпал етілетіні баса айтылды. Осы тұста соңғы кездері Оңтүстік Қазақстан облысында Аграрлық өнеркәсіптік кешеннің барлық бағыттары бойынша тұрақты өсім байқалатынын айта кетуге тиіспіз. Мұның өзі де өңір жұртшылығының еңбексүйгішітігімен тығыз байланысты екендігі белгілі.
Аймақтық Индустриаландыру картасының 165 жобасының 65%-ы ауылдық жерлерге негізделіпті. Республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі басым бөлігін жеке қосалқы шаруашылықтар шығарады. Атап айтсақ, еттің 70% және сүттің 80% аталмыш шаруашылықтар өндіреді. Әйткенмен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алдынан кейбір мәселелер кесе көлденең шығатыны да жасырын емес. Сондай елді толғандырған келелі мәселелердің бірі – несие қаражатының жетіспеушілігі және ауыл шаруашылығы шикізатын дайындау және жинаудың әлсіз дамыған жүйесі болып отыр.
Елімізде шағын бизнесті, яғни оның ішінде шағын агроқұрылымдарды қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар жұмыс істейді. Солардың бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы. Осы ауқымды бағдарлама аясында ілкімді істер атқарылуы үшін мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бір ғана ОҚО-дағы ауыл кәсіпкерлігін дамыту мақсатында микронесие беруге 7 237,5 млн. теңге берілген. Бірінші жартыжылдық бойынша бағдарламаның 736 қатысушысы заем алуға ниет білдіріп, оның орташа мөлшері 2,6 млн. теңгені құрап отыр.
Үкімет басшысымен өткен басқосуда аграрлық сектор өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және сақтауға, сондай-ақ көлік тарифтеріне байланысты өзекті мәселелердің оң шешімін табудың жолдарын қарастыру турасында айтты. Сонымен қатар жиын барысында сапалы шикізат тапшылығы да әңгіме өзегіне айналды. Осының салдарынан аймақтағы көптеген кәсіпорындардың толық қуаттылықта жұмыс істей алмай отырғандығы да тілге тиек етілді. Мәселен, облыстағы сүт зауыттарының жүктемесі 81% -ды құраса, ет комбинаттарында – 73%-ға дейін жетеді.
Түрлі сала бойынша көптеген мәселелер талқыға салынған бұл басқосуда ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ.Айтуғанов, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетовтер сөз алып, әрқайсысы өз салаларындағы келелі мәселелерді ортаға салды.
Өңірде туындаған проблемаларды шешуге және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көлік-логистикалық орталықтарын ашудың маңызы зор екендігі сөзсіз. Осы мәселеге қатысты Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұлов қазіргі таңда Шымкентте халықаралық стандарттар бойынша көлік-логистикалық орталық құрылысы бойынша жоба әзірленіп жатқандығын атап өтті. Жоспарланып отырған кешеннің жалпы ауданы 90 гектардан асады. Аталмыш кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, орауға және жөнелтуге барлық жағдай жасалады. Ендігі жерде дәл осындай қоймаларды Түркістан қаласы мен Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында салу жоспарланып отырған көрінеді.
Аграрлық өнеркәсіптік кешеннің өкілдерімен өткен кездесулердің нәтижесін түйіндеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысының аграрлық әлеуетінің жоғары екендігін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, Кәрім Қажымқанұлы өңдеу кәсіпорындарының мәселелерін оңды шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кәсіпорындардың ұсыныстарын топтастырып, Үкіметке қарауға енгізуді тапсырды. Алқалы жиында айтылған аукымды мәселелер алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz