Әсет Исекешев Олимпиада жүлдегерлеріне көлік кілттерін табыс етті

2
1371

Рио-де-Жанейрода өткен төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын қорғаған спортшылар елордаға оралды. Оларды қарсы алуға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен ата-аналары, сондай-ақ жанкүйерлер келді. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

null

– Бүкіл мемлекет, халық болып сіздерге қолдау көрсеттік, сіздер төрт жылдықтың басты жарысында лайықты өнер көрсетіп, 22-орынға табан тіредіңіздер. Мен ата-аналарыңызды, бапкерлеріңізді осы ұлы жеңіспен құттықтаймын! Ең бастысы, сіздерді көріп, мыңдаған баланың бойында спортқа деген құлшыныс пайда болды. Осының барлығы Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дені сау және спорттық ұлтты тәрбиелеу бойынша саясаты үшін аса маңызды, – деді Ә. Исекешев.

null

Қала әкімі Риодан оралған барлық спортшыларды құттықтап, елордалық атлеттерге жеке алғысын білдірді.

– Сапарға аттанарда алтын медаль үшін таласуға уәде бердіңіздер. Нағыз капитан ретінде Данияр турнирді сенімді өткізіп, финалда әдемі жеңіске жетті. Біз сені мақтан тұтамыз, бәріміз де сен үшін уайымдап, қолдау көрсетуге тырыстық. Василий, біз сені олимпиада чемпионы деп есептейміз. Оны өзің де білесің. Өмірде бәрі де болады, дегенмен, алар бәйгең әлі алда екеніне сенімдімін, сен біз үшін чемпионсың. Гюзель Манюрова өзінің әлемдік дәрежедегі спортшы екендігін дәлелдеп, үшінші мәрте олимпиада жүлдесіне қол жеткізіп отыр. Осындай батыр ұл-қыздарымызды тәрбиелеп, өсірген ата-аналарға, жаттықтырушыларға және спортшыларымызға рахмет, – деді қала басшысы.

Елорда әкімі Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке, күміс жүлде иегерлері Василий Левит пен Гюзель Манюроваға «темір тұлпарлардың» кілтін табыстады. Спортшылар осы көліктермен әуежайдан үйлеріне жол тартты. Әсет Исекешев жоғары спорттық жетістікке қол жеткізгені үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен олимпиада жүлдегерлеріне елордадан пәтер берілетінін атап өтті.

Риодағы олимпиаданың еркін күрестен күміс жүлдегері Гюзель Манюрова өз қуанышымен бөлісті:

«Қымбатты астаналықтар! Кеш болғанына қарамастан бзді қарсы алып жатқандарыңызға рахмет. Сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз үшін рахмет. Біз Риода жүрсек те бәрін сезіп, біліп жүрдік. Үлкен рахмет сіздерге»,- деді ол. Спортшы жарысқа аттанарда сенім артып, сәттілік тілегені үшін елорда әкіміне алғысын білдірді.

Қазақстандықтардың мақтанышы,бокстан олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов барлық жанкүйерлерге және жарыста жанында болған бүкіл командаға ризашылығын жеткізді. Чемпионның айтуынша, олар да ортақ жеңіске қол жеткізу үшін елеулі үлес қосты.

«Мұхиттың ар жағында болғанымен біз сіздердің қолдауларыңызды сезіндік. Бізге жағдай жасағаны үшін Мемлекет басшымызға, Астана әкіміне рахмет. Осындай жетістікке қол жеткізуіміз жаттықтырушыларымыздың да ерен еңбегі, барлық бапкерлерге, менің жеке бапкерім – әкеме, бас жаттықтырушыма, қол ұшын созған азаматтардың бәріне: дәрігерлерге, психологтарға алғыс айтамын», – деді Д. Елеусінов.

Спортшылардың ата-аналарының атынан Татьяна Левит жанкүйерлерге қолдауы мен қазақстандық олимпиадашыларға құрмет көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Еске салайық, Рио-де-Жанейродағы жазғы олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы түрлі дәрежедегі 17 жүлдеге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте 22-ші орынға табан тіреді.

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз