РЕСЕЙ ТӘУЕЛДІЛІГІНДЕГІ қазақстандық БАҚ

Ресейдің тәуелділігінен шыға алмай отырған қазақстандық БАҚ саясаты оның қолшоқпарына айналуда.

- Неге қазақстандық басылымдар украиндер мен грузиндерді жаман етіп көрсететін мақалаларды ғана басады?
- Себебі, Қазақстан «кіші Ресей» емес пе?

(Екі адамның өзара әңгімесінен) 17-қаңтарда Украинада өтетін президент сайлауы алдында еліміздегі ақпарат көздерінен Украина жайлы, ондағы президент сайлауы алдындағы саяси-экономикалық ахуал жайлы салиқалы пікір, жағымды мақаланы әр сайлау сайын күтемін. Өкініштісі сол, бұл тілегім орындалмай келеді, әзір орындала қоймас. Бұл түсінікті нәрсе. Қазақстанға келетін хабарлар тек ресейлік ақпарат көздерінен алынады. Ресейлік БАҚ көздерінен Украина, Грузия, Балтық жағалауы елдері жайлы оң пікірлі мақала таба алмайсың. Басылымдарды ашып қалсаң болды, Ющенконы немесе Михаил Саакашвилиді жамандаған, Тимошенконы мазақтаған, оның қарсыласы Януковичті (Ресейдің саясатын қолдайтын) мақтайтын материал алдыңнан шыға келеді. Олардың кейбіреулерін оқи отырып, осы екі елді басқарып отырған екі президенттің дендері сау емес шығар деген де күмән ұялайды. Олай деуге, ресейлік басылымдардың осы елдердің президенттері жайлы, олардың «маниакальдық» мінездерін меңзейтін «қылықтарын» өй бір тәптіштеп бергенде, сенгің келмесе де сенесің! Мысалы, жақында грузиндердің Кутаисидегі, өткен жылғы эстондықтардың Таллинндегі ескерткіштерді орнынан ауыстыру жөніндегі әрекеттерін ресейлік ақпарат көздері қалай көркем сөзбен жеткізіп берді десеңізші. «Тбилисилік басшылықтың алжасқан саясаты», «масқара жабайылық», «қасиетті ескерткіштерді бұзған вандалдар» т.б. Құдды Ресейдің бір облысында жасалған оқиға туралы айтып отырған сияқты. Украина, Грузия, Эстония деген тәуелсіз мемлекет бар екен-ау, олардың өздері жүргізетін саясаты бар-ау, олар өз жерінде орналасқан ескерткіштерді қалаған кезде, қалаған жеріне аударып қоюға құқы бар ау деп ойлап-та тұрған жоқ! Соншама жамандай беретіндей бүкіл украин, грузин, Балтық елдері халықтарының Ресей алдында не жазығы бар? Тәуелсіз болғаны үшін, Ресейдің саясатын қолдамағаны үшін, Ресейдің басшылығына ұнамайтын президенттерді сайлап алғаны үшін бе? Ресей басшылығының М.Саакашвили мен Ющенконы, Тимошенконы ерекше жек көретінін білеміз. Себебі, олар өз халқының, елінің тәуелсіз саясатын Ресейге жалтақтамай жүргізіп отыр. Бірақ, сол үшін барлық грузиндер мен украиндерді, Балтық жағалауы халықтарын жек көруге бола ма? Президенттері ұнамағаны үшін грузиндер мен кавказдықтардың, басқа түстілердің Ресейде жүру қиыншылығының артып жатқанын қалай түсінеміз? Бара қалса неге орыс скинхедтерінен таяқ жеу қаупі көбейіп барады? Шындығына келгенде Ресей басшылығы Таллинн мен Кутаисидегі ескерткіштерге жаны ашып айқай көтеріп жатыр дейсіз бе? Қателесесіз. Шын мәнінде, Ресей үшін Таллинн мен Кутаисидегі ескерткіштер бұрынғы Ресей империясының символы, отар болғандығын бұрынғы «бұратаналардың» есіне салып тұратын ескерткіш-белгі ретінде қымбат. Халқының назарын тұрмыстың ауыр жағдайынан, бұрынғы «ағалық» ұлттық артықшылығына бұрып тұру жағынан тиімді. Ескерткіштерді қадірлегіш болса, өз еліндегі қаншама ескерткіштерді өз билігі (мысалы Химкидегі, Мәскеудегі отан қорғаушылар ескерткіштері) ауыстырып, бұзған кездерде орыс басылымдары неге үндемеді? Жарайды, бұл мәселе аталған елдер мен Ресей мемлекеті арасының шешетін өз істері делік. Ал бізге, қазаққа не жоқ? Біз кімнің шашбауын көтеріп жүрміз? Неге қазақтың ақпарат көздері, әсіресе орыстілді басылымдары Ресейдің Украинаны, Грузияны, Балтық жағалауы елдерін тек қана жамандаған, мазақтаған, ар-намысына тиген материалдарын күні-түні қазақтың құлағына құя беруі керек? Неге біздің елдің басшылығы қарапайым орыс халқы мен бұрынғы одақтас республика халықтарының арасына тұрақты түрде от салып отырған ресейлік саясатқа өз ақпарат кеңістігінде жол ашып отыр? Неге тек ресейлік ақиқат қана нағыз шындық деп саналады? Ресейлік БАҚ экспансиясына қашан тосқауыл қойылады? Мемлекеттік тілдің екінші сорт болуының басты себебі осы жерде жатқан жоқ па екен? Бұл саясатты Ақорда біліп отырып жүргізіп келеді деуге негіз бар. Бұл саясат халықтарды бөлуге, жік салуға, бірін-бірі жау санауға әкелері анық. Ресейде қайта оянып келе жатқан реваншистік, бұрынғы кеңестік империя шекарасын қалпына келтіру саясатына май құятын саясат. Оған қазіргі Ресей үкіметіндегі бұрынғы сталиндік репрессия мен зорлық саясатқа оң баға беріліп жатқандығы, билік басындағы жириновшілдік бағыттың күш ала бастағанынан аңғаруға болады. Тіпті, Путиннің өзі билік басына Шешенстанға қарсы басталған соғыстың нәтижесінде келуінің өзі айғақ емес пе? Бүгінгі Ресейдегі скинхедтердің саны мен күшінің бүкіл Европадағы барлық неонацистермен салыстырғанда олардан бірнеше есе асып, күннен күнге көбейіп жатқанын мамандар қазір жиі айтып жүр. Жәй халықты бір-біріне қарсы қою, яғни қарапайым орысты украинге, грузинге, прибалтқа, сары, қаратүстілерге айдап салу саясаты - билік басындағылардың, байлыққа қолы оңай жеткендердің ежелден қолданатын саясаты. Жәй халықтың басын уландырып, тұрмыстық жағдайын айтып келген ресейлікке: «Сенің тұрмыстық жағдайыңмен айналысуға уақытым жоқ, ең әуелі Ресейді толып кеткен келімсектерден тазартып алу керек» деген жымысқы, улы саясат. Осыдан барып жәй халық бірін-бірі жек көріп, түсі, көзіне қарап «қаракөтен», «қысық көз» деп бір-біріне ат қояды, бөлінеді, бір-бірін дұшпан санайды. Халықты бір-біріне осылай айтақтап салып қойып сыртынан мәз болған биліктегілер орнында қала береді, байлығы мен билігіне ешкім қауіп келтірмейді. Қазақстанға келетін болсақ, Ресей тәуелділігінен шыға алмай отырған қазақ басшылығы ресейлік ұлыдержавалық, империялық саясатының қолшоқпары болып отыр. Ресейлік ақпаратпен уланған қазақ жұртшылығы бұл саясаттың нәтижесінде прибалт елдерінің халқын әсіре ұлтшылдар, украиндерді орыстарды жек көруші, грузиндерді соғысшыл, бұзақы деп көз алдына елестетеді. Себебі, біздің ешқайсымыз украин, грузин, прибалттық БАҚ көздерінен, олардың ішкі-сыртқы саясатының шын жағдайынан хабарсызбыз. Бұл елдерден тәуелсіз хабар алып тұратын ақпарат көздеріміз, тілші, журналистеріміз жоқ. Нәтижесінде Ресейдің жаман дегенін жаман деп, жақсы дегенін іліп ала кететін өз пікірі, өз ұстанымы жоқ тотықұс-ел болып отырмыз.С.ЖҮСІП