Мәдениет министрі қай боксшының жеңілісі жанына қатты батқанын айтты
2016 ж. 22 тамыз
3705
1
Рио Олимпиадасында Мұхаммед Əлидің əдісімен өнер көрсетіп, жұртшылықты таң қалдырған шымкенттік боксшы Қайрат Ералиевтің жеңілісі еліміздің Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының да жанына қатты батқан.
"Қайрат Ералиевке қатысты айтар болсам, шыны керек, өте өкінішті. Өзбек жігітімен шықты ғой. Жеңілісіне ішің күйеді... Жалпы Ералиев мінсіз. Кейбіреулер секілді агрессивті емес. Əрине, оның жеңіліске тап болғаны, өкінішті-ақ",-деді министр. Одан өзге Мұхамедиұлы боксшы Олжас Сəттібаевтың да жеңілісі əділетсіз болғанын ашып айтты.
"Олжас Сəттібаев деген бар, ол да жеңіп тұрды. Өкінішке орай жеңілді. Ал Əлімханұлы өзі кінəлі. Біржан Жақыпов та өзі кінəлі. Ондай мүмкіншілік енді қайдан болады?"-деп пікірін білдірген министр Рио Олимпиадасында əділетсіздік орын алды дейтіндерге қатысты кеңесін де беріп өтті.
"Білесіздер ме, негізі заңдылық бар. Жеңгеніңді көру үшін соңына дейін жүру керек. Мейлі ол спорт болсын, өнер немесе өмір болсын. Тек қана бір жолы бар, жеңіске жету үшін басымдықпен жеңу керек. Мəселен, Елеусінов сияқты. Кездесуге жарақатпен шықса да бір де соққы жіберген жоқ. Солай жеңу керек",- деп ойын түйді Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, шымкенттік боксшы Қайрат Ералиев Рио Олимпиадасында əзірбайжандық боксшымен кездесу барысында танымал боксшы Мұхаммед Əлидің жұдырықтасу əдісін қолданып, көрермендерді таң қалдырған болатын. Алайда 15 тамызда Ералиев өзбекстандық былғары қолғап шеберіне есе жіберіп, ұтылып қалды.