Левитке Олимпиада алтынына берілетін сыйақы табысталады
2016 ж. 17 тамыз
2445
2
Рио Олимпиадасының күміс медалін еншілеген Василий Левитке 250 мың доллар сыйақы беріледі. Аталған сома Олимпиада алтынын алған спортшыға берілетін сыйақымен тең деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясының баспасөз қызметінен мәлімдеді.
«Василий Левит Олимпиада рингінің финалдық кездесуінде тамаша нәтиже, жеңіске де айрықша ерік-жігер көрсетті. Ол Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алғаннан кейін оған мемлекет 150 мың доллар сыйақы береді. Бұған қоса, Қазақстан Бокс федерациясының президенті Құлыбаевтың шешімімен аталған сомаға тағы да 100 мың доллар қосылады. Осылайша Левиттің сыйақысы «алтынмен» теңеседі», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ федерация Левитті Олимпиада медалімен құттықтап, оның Қазақстан Бокс федерациясының, жаттықтырушылар штабының және бүкіл елдің сенімін ақтағандығын атап өткен.
«АИБА ережесі бойынша төрешілер шешіміне наразылық танытылмайды және біз Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі ретінде бұл ережелерді сақтауға тиіспіз. Қазақстан Бокс федерациясы төрешілер шешімін сыйлайды», - деп атап өткен федерациядан.