Көне Отырарға қызығушылық артып отыр
2016 ж. 16 тамыз
3152
0
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астанада өтетіндіктен әлем назары біздің елге ауа бастады. Көрмеге келген қонақтарды туған жердің тұнған тарихы таңдай қақтырмай қоймасы анық. Әсіресе көне Отырар мен киелі Түркістан көпшіліктің назарында болатыны сөзсіз.
Осындай мақсатпен Отырар ауданына Дүниежүзілік банктің консультанттары Шаолянь Ванг пен Матс Андерсондар арнайы ат басын бұрды. Қадірлі қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайымен таныстырды. Сонымен қатар, меймандар мұражай маңынан бой көтеріп жатқан ХІ-ХІІ ғасырлардан сыр шертетін этноауыл кешенін тамашалады. Сөйтіп, сан ғасырлар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігімен жіті танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк өкілдері бабтардың бабы атанған Арыстанбаб кесенесіне де зиярат етті. Мұнда жаңа қонақ үй мен мұражайдың сызба жобаларымен танысты.
Сонымен қатар, Отырар қаласының төңірегіндегі «Құйрықтөбе», «Алтынтөбе», «Бесіктөбе», «Пышақшытөбе», «Мыңшұқыр керамикалық шеберханасы», «Мардантөбе», «Күйіктөбе» сынды және көне қалашықтарды аралап көрді. Мұндағы туристерге сервистік қызмет көрсету кешені жобасы, Отырартөбедегі қала қақпасы мен көне Отырар қонақтардың назарын ерекше аударды.
Аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы болса, сырттан келген туристерге қолайлы жағдай туғызу үшін алдағы уақыта атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстардың күтіп тұрғандығын атап көрсетті. Сондай-ақ, осынау жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет екендігін де тілге тиек етті. Жергілікті әкімдік тарапынан айтылған ұсыныстар Дүниежүзілік банк тарапынан қолдау табатын болса, аудан көлемінде көптеген келелі істер атқарылмақ. Өз кезегінде бұл отандық туризмнің көшін ілгері жылжытуға септігін тигізері сөзсіз.
Гүлмира Бақытжанқызы
qazaquni.kz