Рио-2016: Қазақ балуаны Өзбекстанға қола медаль сыйлады
2016 ж. 15 тамыз
1701
2
Грек-рим күресінен 59 келіде сынға түскен Алмат Кебіспаев жұбаныш белдесуінде ұтылып қалды. Ал осы салмақта Өзбекстан атынан сынға түскен қазақ балуаны қола жүлдегер атанды.
Елмұрат Тасмұрадов Өзбекстандағы қазақтар көп тұратын Бостандық ауылының тумасы. Түрлі себептермен Қазақстан құрамасына алынбаған ол Өзбекстан атынан Олимпиадаға қатысып, қола жүлдегер атанды.
Тасмұрадов ОҚО-дағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатының түлегі. Азияның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлде иеленді.
Елмұрат жартылай финалда болашақ Олимпиада чемпионынан 1:3 есебімен жеңіліп, қола медаль үшін күресте қырғыз Арсен Ералиевтен 13:8 есебімен басым түсті.
Ал осы салмақтағы Алмат Кебіспаев осымен екінші Олимпиадасында жүлдесіз қалды. Ол жұбаныш белдесуінде норвегиялық балуанға есе жіберді.