Ресей Кейкі батырдың бас сүйегін Қазақстанға қайтаруға келісті
2016 ж. 14 тамыз
5461
4
Кунсткамера Қазақстанның батыры Кейкінің бас сүйегін қайтаруға әзір, деп хабарлады «Радио Балтика» радиосы РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі директорының орынбасары Ефим Резванға сілтеме жасай отырып.
«Кейкі батырдың бас сүйегі бізде. Оны біз жасырған емеспіз. Ол қорда сақтаулы, ешқашан көпшілік назарына ұсынылмаған. Егер де осындай жарлық шықса, оны бермеуге басқалай кедергі жоқ», - деп түсіндірді Резван.
Мұражай басшысының орынбасары Кунсткамерада Кенесарының басы сақталмағандығын жеткізді. Бас сүйектің қайда екендігі әзірге белгісіз, деп мәлімдеді музейдегілер.
«Бізге Қазақстанның мәдениет министрі келген, оған барлық қорды көрсеттік. Сондай-ақ Қазақстаннан келген әріптестер музейге келіп түсетін жәдігерлерді тіркейтін құжаттарды қарап шықты. Әрі олар Кенесарының бас сүйегі бізде болмағанына көз жеткізді», - деді Резван.
Кейкі батыр 1923 жылы сәуірде өлтірілген, ұлт-азаттық көтеріліс басшысының бас сүйегі Ресейге жіберілген. Қазақтың Кенесары ханы 1847 жылы қаза тапқан. Оның басын Ресейге алып кеткен, алайда ол әлі табылмаған.
Еске сала кетсек, кеше Қазақстан премьерминистрі Кәрім Мәсімов ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесуінде осындай мәселе көтерген болатын.
«Ұлт азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі болған Кейкі батырдың РҒА Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайындағы бас сүйегі туралы мәселенің анық-қанығын біліп беруге тапсырма берсеңіз. Оның сүйегін Қазақстан топырағында жерлеу үшін қайтарып беру мәселесінің шешемін табу мүмкіндігін қарастырсақ», - деді Мәсімов.
Ол бұл мәселе қазақтар үшін өте маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, қазақстандық тарап тағы бір ұлт азаттық көтеріліс жетекшісі Кенесары ханның бас сүйегін отанына қайтару мәселесін көтерді.
Ресей премьері бұл сұрақты реттеуге атсалысатынын айтып, уәде берді.
«Күмәнданбаңыз, мен ауызша, керек болса, хат жүзінде бұл мәселе туралы тапсырма беремін, сосын сізбен телефон арқылы хабарласып, ортақ шешім қабылдаймыз», - деді Медведев.