ҮШТІЛДІЛІКТІ ҰСТАЗДАР ДА ҚОЛДАМАЙДЫ
2016 ж. 02 тамыз
4341
7
Мектеп оқушыларына үш тілде білім беру мәселесі қоғамда аз талқыланып жатқан жоқ. Қазір бұл реформаға қарапайым халық қанша қарсы болғанымен, министрлік өз білгенін жасамаққа тас-түйін бекініп отыр. Біз осы орайда белсенді мұғалімдердің пікірін біліп, үштілділікке қатысты ойларын білген едік.
Өмір Шыныбекұлы, ұстаз (Шымкент қаласы):
– Жалпы, неше тіл білсең де артық емес. Бірақ заңмен бекітілген мемлекеттік тілді шын мәніндегі «мемлекеттік тіл» ете алмай тұрған кезеңде оны абайлап іске асыру керек деп ойлаймын.
Біріншіден, бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.
Екіншіден, үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші санатта болса, енді үшінші санатқа сырғиды. Ата-ана көбірек шет тіліне назар аударатын болады.
Үшіншіден, балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыс тілді қазақтар, тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласына ағылшын тілін үйретуді басты назарда ұстайтын болады.
Яғни, қазақ тілін тереңірек білмекке оқушылардың уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең қорқыныштысы енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды. Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?
Төртіншіден, үштілділік енген соң, мамандар мәселесін шеше алмауымыз әбден мүмкін. Ағылшын тілін жоғарғы деңгейде үйрете алатын білікті маман 50-60 мың теңге жалақыға бола мектепте мұғалім болмайтыны белгілі. Сондықтан, бұл мәселеде тым абай болған жөн.
Абзал Алмұхан, Биология пәні мұғалімі (Орал қаласы):
– Үштілділік саясаты бұл мемлекеттік тілді ығыстыруға бағытталған саясат деп ойлаймын. Өзім түбегейлі қарсымын. Мемлекеттік тіл біреу болуы керек, ол – қазақ тілі. Қосалқы орыс, ағылшын тілдері қажет емес деп ойлаймын. Жалпы алғанда үштілділік мемлекеттік тілді сыйламайтындарға пайдалы. Үштілділікке мектептер де дайын емес.
Оқушыларға үш тілде оқу – өте қиын. Үштілді бірдей меңгеру үшін оқушыға үш бас керек. Мен биология пәні мұғалімімін. Қазіргі уақытта оқушыларға өз тілімде, мемлекеттік тілде биология ғылымын жүз пайыз жеткізе аламын, бірақ осы пәнді ағылшын тілінде оқушыға меңгерте аламын дей алмаймын. Бұл мүмкін емес нәрсе. Қай пәннің мұғалімі болса да осы шындықты мойындауы керек. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ғана «ағылшын тілін балаға жүз пайыз үйрете аламын» деп айта алуы мүмкін. Ал, басқа пәндердің ұстаздары ондай өтірікті айта алмайды.
Мейіржан Темірбек, Информатика және ЕТ техник-технологы, Информатика ғылымдарының магистрі
– Қазақстан мектептерінде үштілді білім беру 2017-2018 оқу жылынан басталады. Биыл, яғни 1 қыркүйектен бастап ешбір сыныпта үштілді оқыту енгізілейін деп жатқан жоқ, бірақ бағдарламаға сәйкес тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі, оның өзі тек 2019 жылдан басталады делінген. Жаңалықты жүзеге асыру үшін мемлект 1 трлн. 391 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Үш тілді оқыту жүйесін оқыту кімге тиімді?! Былай қарасақ бизнестің шеті де қылтиып тұрғаны өтірік емес.
Бұдан бұрын да білім беру жүйесіне түрлі реформалар жасалған болатын. Оның бірі – қашықтан оқыту, онлайн сабақтар. Бірақ, бұл жүйе де сыр бергені баршаңызға мәлім, не дыбыс жоғалады, не бейне жоғалып кетеді. Ауылды жерді көзге елестету тіпті қиын.
Информатика пәнін таза ағылшын тілінде оқытудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені Қазақстанның жеке ІТ технологиясы осы 25 жылда едәуір қалыптасты. Қазақ тілін, әріптерін кіргізу бұрын қиын болса, қазір оның еш қиындығы жоқ. Тағы да басқа проблемалар шешімін тауып келеді. Ал, енді оны кілт тоқтатып, басын бірден ағылшын тіліне бұру, сол жасап келе жатқан еңбекті жоққа шығару деп білемін. Ол ары қарай дамуы керек. Программалау тілінде ағылшын кілт сөздері қолданылады. Бірақ, мен танитын біраз мықты программистердің ағылшын тілін жетік меңгермесе де жақсы бағдарламалар жасағанын көрдім. Өзім де біраз қазақша бағдарламалар жасап көрдім, нәтижесі жаман емес. Ағылшын тілін сол бұрынғыдай 5-сыныптан бастап оқытса да жеткілікті. Ағылшын сағаттарын көбейтсін. Бірақ, жаратылыстану бағытын ағылшын тілінде оқыту біріншіден балаға, екіншіден қазақ тіліне үлкен қиянат. Бір тілде оқытып нәтиже ала алмай жатқанда ағылшын тілінде оқытып еш пайда таппасымыз анық. Америкада жүрген жоқпыз. Қазақта мақал бар ғой: «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» немесе «өз уызына жарымаған қозы мал болмайды» деген. Менің осы сөзге көп алып-қосарым жоқ. Техника тілі мен ғылым тілі қазақ тілінде де сөйлей алады.
Айман Сағидулла, ұстаз (Алматы облысы, Қарасай ауданы):
– Үш тілділік өзгенің қаңсығын, таңсық көру деген сөз. Қазақ тілінің тағдырын ағылшын тілі мен орыс тіліне байлап қою, өз анасын есік алдына шығарып тастаумен тең. Дамыған мемлекеттерде ғылым басқа тілде сөйлемейді. Ғылым даму үшін, бала ғылымды өз ана тілінде оқуға тиісті.
Қазақ халқы қазақ болып қалсын десе министр мырза ойлануға тиіс.
1. 5-сыныпқа дейін басқа тіл араластырмау керек. Тек қана бала ана тілінде білім алсын.
2. 10-11-сыныптардағы ғылыми пәндерді ағылшын , орыс тіліне байлағанды тоқтатсын. Ғылыми пәндер қазақ тілінде болуы керек.
Біздің қарсылығымыз өзге тілдерден қашу емес, ағылшын тілін пән ретінде оқытса да жеткілікті.
Халықты жаппай сауатсыздандыру кімге қажет болып тұр? Шенділер бір сәт өз тілі мен өз халқына қиянат жасап отырғандарын ойланса деймін.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz