Әзімбай Ғали: Қазақстанда латифундистік феодализм орнады
2016 ж. 31 шілде
4243
1
Қазақстанда латифундистік феодализм орнады. Әрине, Кулагин, Розинов, Терещенко (автор тек бұл кездейсоқ фамилияларды мысал ретінде алып отыр) өз жерін өзі жыртпайды. Ол үшін феодалдық ренталық қатынастар пайдаланылады. Сол жерлерді біреулер игереді: көктемде немесе күзде жыртады, егін егеді, бидайды қырманға апарып аршиды, кептіреді, қысқа сақтайды және шет елге немесе ішкі рынокқа сатады. Егерде бұл меншік түрі жұмыс істесе онда бізде тиянақты шаруашылық механизмнің бар екенін көрсетеді. Феодализм дегеніміз - жер меншігіне негізделген аграрлық қатынастар. Қазақстанда рентабельді бидай шаруашылығы қалыптасты. Қазақстан әлемде ең ірі бидай және ұн сатушы мемлекеттердің бірі. Ал ет өндіру мен сүт өндіру ойдағыдай емес. Бірақ бір-екі дағдарыстан кейін ол сала да қалпына келер.
Бұл азиялық өндіріс типінің (азиатский способ производства) бізге тиісті түрі. Біздің биліктің экономикалық және әлеуметтік базасы деуге болады. Европада феодализм тек классикалық европалық формасында бір мың жылдай дәуірлеген. Яғни біздің дәуіріміздің 6 ғасырынан бастап біздің дәуіріміздің 16 ғасырына дейін жасады. Одан кейін Европада Буржуазиялық-демократиялық революциялық оқиғалардан кейін жойыла бастады. Қазақстандағы бүгінгі заман феодалдық латифундизм Батыс европалық феодализмнен және Қазақ хандығындағы феодалдық қатынастардан да өзгеше. Бірақ, феодализмнің екі шарты сақталады. Ірі жер меншігі - латифундиялар және арендалық қатынастар амалдары. Біздің елде бір мәрте феодалдық латифундизм бұзылған, бірақ 1917-1921 жылдары бұзыла бастап, 1929-1934 жылдарда қайта жаңғырып шыға келді. Қазақ колхоздардан қалаға не шет елдерге қашты, қырылды. Аяғы ортағасырлық басыбайлық құқық (крепостное право) орнады, қысы жазы жұмысқа еңбек төленбеді, еркін көші-қон құқығы жойылды. 1990 жылдары колхоз-совхоз (ұжымдық шаруашылық деген мазмұн береді) жүйесі жойылды. Бірақ колхоз-совхоз жүйесінің жойылуы фермерлік шаруашылықтың басымгерлігіне әкелмеді, қайтадан «қызыл директорат» пен компартия және кеңестік жүйенің әкімшілік әрекеттерінің арқасында қайтадан модификацияланған феодалдық латифундизм орнады.
Әрине, бәрі де заңсыз жолмен жасалды. Соттассаң жеңілесің, өз бауырың өзіңнің мойныңды үзіп жібермесе.
Азиялық өндіріс жүргізу әдісі азиялық билікті қажет етеді. Азиялық билік дегеніміз деспотиялық билік және соған сәйкес автортарлық билік.
Ешбір билік өз экономикалық негізін оңайлықпен бұздырмайды. Сонымен біздің билік табиғи және феодалдық рентаға негізделеді. Біздің биліктің келесі тұғыры - ол банк капиталы. Банктер еліміздің ірі олигархтарының иелігінде. Қазақстанда алғашқы капиталдың қалыптасуы криминалдық болып туса да бүгінгі күні капитал легитимденді және халықаралық сипат алды. Қазақ баласы немесе шалақазақ баласы, немесе мүлде қазақ баласы емес қазақстандық тұлғалар доллармен санағанда миллиардтаған қаржы жинады. Олар өз капиталын қауыпсіздендірді және әртараптандырды: бір бөлігі бізде, екінші бөлігі - Европа мен АҚШ та, оффшорларда ақшаға ақша қосып жатыр.
Әзімбай Ғали,
qazaquni.kz