Олар қайда бар? Кімге керек? Не үшін керек?
Әңгімені «қайда бар?» дегеннен бастап көрсем, ол – ассамблея – Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстаннан басқа ешқайда дерлік жоқ. «Дерлік» деу себебім: оны күні кеше одақтас, ал бүгін тәуелсіз республикалардың, күні кеше социализм лагеріндегі, ал бүгін дербес елдердің ешбіреуінен ести де, көре де алмадым. Капиталистік қоғамға көз жіберсем: Америка Құрама Штаттарында, басқасында да, яғни бір шатырлы, немесе екі шатырлы парламенті бар елдің де ешқайсысында жоқ.
«Ассамблея» деген сөздің мағынасы не?.. «Шет тілдер сөздігінде» былайша түсіндірілген: «Ассамблея (фр. asemblee) – 1/ бал, собрание в эпоху Петра I; 2/ название некоторых руководящих органов в международных организациях; Генеральная Ассамблея Организации Обьединенных Нации (ООН) – один из главных органов ООН, состоящий из представителей всех государств-членов ООН; 3/ в некоторых буржуазных странах – составная часть наименования парламента или одной из его палат».
Бұл үш мысалдың қайсысы Қазақстанға тән? Азиялықтарды (оның ішінде, әрине, қазақтарды да) мылқау қара күшке айналдырып ұстау керек деп өткен 1-Петрдың ойын-сауық кеші ме, жиналысы ма? Өшкен аты жаңғырмасын! Әлде халықаралық басшы органдардың бірі ме? Қайдағы?!. Немесе біз буржуазиялық елміз бе? Құдай сақтасын!..
Демек, «Қазақстан халықтарының ассамблеясы» - өзімізде ойлап шығарылған ұйым. Ол, ең болмаса, екі шатырлы парламентіміздің бір бөлігі («часть наименования парламента») емес, парламентпен тайталасып, заң шығару құқығына ие болып отыр («Қазақстанның ел бірлігі» деп). Мұндағы «халықтарының» деу ағаттық, әйтеуір «керек» болған соң «ұлт-ұлыстарының» деу жөн еді, өйткені негізгі, түпкілікті халық, ұлт біреу, ол – қазақ, ал басқалары – ұлыс, диаспора. «Шет тілдер сөздігіне» тағы жүгінелік: «Диаспора (гр. diaspora) – пребывание значительной части народа (этнической общности) вне страны его происхождения; диаспоры образовались в результате насильственного выселения, угрозы геноцида, действия определенных социально-исторических факторов». Түсінікті. Қазақ жері – қазақтың атамекені, ал басқалар: орыс, ұйғыр... бәрі де – ертелі-кеш еріксіз келген кірмелер. Біздің ассамблея «Қазақстан халықтарының» болып, белден бір-ақ басты.
Бізде пәлен халықтың, түген халықтың мәдени орталықтары деген бар. Анығында ол пәлен ұлыстың (диаспораның) мәдени орталығы делінуі керек. Жоқ, біз бәрін де түпкілікті ұлтпен теңестіре салдық. «Теңестіре» дегенде басқалар ет пен сүйектен жаралған адам ретінде қазақтан кем деп отырған жоқпын, «жер менікі, төр менікі!» деп төстеңдеуге тиіс емес деймін. Ал енді мынау орталықтар Қазақстандағы ұлыстардың барлық мәселесін шешіп келді, шешілмегені (ондай болған-болмағаны есімде жоқ) тиісті министрлікте, немесе үкіметте, парламентте реттеліп отырды. Ендеше, «ассамблея» дегенді шығарып, оны министрлікпен, үкіметпен, парламентпен жағаластырудың нендей қажеттілігі болды? «Ел бірлігі» деген доктринаны тауып, жоқтан барды құрастырып, ел ішін бүлдіріп отырғаны қандай қажеттілік? Онысы Қазақ елінде бірлік жоқ дегені емес пе? Қазақ ел болғалы бірлікте. Сырттан келген жауға қарсы атылғаны бір басқа, ал іштей не жүз болып, не ру болып қырқысып көрген жоқ. Қырқыспайды да! Себебі: қазақ – етек-жеңі кең халық. Ата-бабамыз күн бе, түн бе келіп: «Уа кім бар? Құдайы қонақпыз!» деген бейтаныстарға да есігін айқара ашып, төріне шығарып, табағын тартып, шайға қандырып, содан кейін ғана: «Ал, құрметті қонағым, аты-жөніңді айта отыр» деген. Сол салт бізде әлі сақтаулы. Кеңестік жүйе күйреп, ойда жоқта бұйырған тәуелсіздіктің 18 жылында еліміз қақтығыс-соқтығыстан аман-есен болып келе жатса, оның негізі – көршісін (ұлтына, дініне қарамастан) құдайдай силайтын қазақтың кең құшағы, таза ниеті, адамгершілігі. Бұл қымбат қасиеті елімізге ертеде келіп-қайтқан шетелдік ғалым-саяхатшылардың жазбаларында ризалықпен атап көрсетілген.
Осындай мамыражай елдің әбден қалыптасқан бірлігін енді жоққа балап, қайдағы бір доктринасын Қазақ елінің Жарғысына айналдыруды көксеуші ассамблея кімге керек болды? Әрқайсысымыздың ой еркіндігіміз заңдастырылғанына сүйей айтсам, президент Н. Назарбаевқа керек болған секілді. Неге? Тәуелсіздік алған жылдардағы Жоғарғы Кеңес оның оң ісін оң, теріс ісін теріс деді. Ебін тауып оны таратты. Одан кейінгі Жоғарғы Кеңес құрамында да айтқанына көнетіндер, айдағанына жүретіндер аз болды. Ебін тауып оны да таратты. Келесіде: С. Әбділдин, Т. Тоқтасынов, З. Баталова, С. Әлібаев және басқа қазақ, орыс депутаттар билікті қатты сынады. Олар да шетке шығарылды. Жаңа құрамды Мәжілісте халықтың өктем үні депутат Мұхтар Шаханов болып еді, сірә, одан құтылу үшін шығар, Мәжіліс мерзімінен бұрын таратып жіберілді. Қазіргі парламент бірыңғай «Нұр-Отан» партиясының, оның егесі президенттің қолында. Не президенттің, не премьер-министрдің бетіне тура қарай алар бірде-бір депутат жоқ (айтпақшы, парламенттің Жаңа жыл алдындағы мәжілісінде «әулиелер мен кереметтеріміздің» қалғып-шұлғып отырғаны, Ғ. Қасымовтың сенат төрағасы Қ. Тоқаевқа қолын созып: «Как вас зовут?» дегені телеэкраннан көрініп қалып, парламентіміздің сиқына «сүйінгендіктен төбем көкке жетті»).
Әйтсе де, парламенттен ши шыға қалса, қажет болар деген оймен президент ассамблеяны ойлап тапқан дерсің.
Енді ассамблея малданған «доктрина» деген сөзге тоқталайын. Зиялыларымыздың қайсыбірі тамсанып жүрген бұл сөзге «Шет тілдер сөздігі» мынадай түсінік берген:
«Доктрина (лат. doctrina) – учение, научная или философская теория, политическая система, руководящий теоретический или политический принцип.
Доктринер (фр. doctrinaire |lat| ) – человек, слепо следующий какой-либо доктрине, заученым формулам и правилам; начетчик, схоласт.
Доктринерство – слепое, некритическое следование какой-либо доктрине; рассуждения, основанные на бездоказательных положениях».
Сонымен, «доктрина» айтуға әдемі сөз болса да, мәні солақайлық екені, міне, мына түсініктерде анық айтылған. Бұдан біздегі ассамблеяның мүшелері кімдер екені де көрініп тұр. Мен жақсылық ниетті көздеген доктрина болғанын естіген емеспін. Қару-жарақ күшіне сенген озбыр мемлекеттерде басқыншылықты, басқаларға өктемдік жасауды көздеген әскери доктриналар болды, қазірде де бар. Егер біздегі ассамблеяның доктринасы игі ниетте десек, оған бірлігі баяғыда ұйыған елдің бірлігін бүгін «қайтадан ұйыту» неге керек болды? Жүйелі ой, қисын қайда?
Ассамблеяның «Ел бірлігі» доктринасын мен де оқыдым, оның исі қазаққа, сондай-ақ, қазақтың ақниеттілігіне, достыққа адалдығына тәнті басқа ағайындарға керегі шамалы екеніне көзім жетті. «Әп бәрекелді! Мынау сөзі жаңалық екен!.. Конституциямыздың кетігіне қаланған екен!.. Бәсе, осылай болса керек еді!..» дейтіндей жаңалығы жоқ. Сонысына ашынған қандастарыма жолбасшы болған ақын інім Мұхтар Шахановты жақтап шықтым. Жігері құм болып жүрген желтоқсаншыл қауымды қолдадым. Оларды әлі де жақтаймын, қолдаймын!
Солақайлығына қарсылық көрсет¬кен көпшіліктен сескенген билік Мұхтарға елшілерін жіберіп, келіссөз жүргізді. Ұғыныс болып, екі жақ та бір ай мұрсат алды. Бұл мерзім нендей жеміс берерін білмеймін. Мен ассамблея елшілерімен, билік өкілдерімен келіссөз жүргізуге мүлде қарсы болдым. Ол әрекетім дұрыс па, бұрыс па, - оны қазір айта алмайтын. Қазір айтарым: біздегі билікке ешқашан сенген емеспін және сенбеймін де! Мұны айтып та, жазып та жүрмін.
Жалпы, мұны да қайталап айтайын, бізге Ассамблеяның қажеті не? Екі шатырлы парламентпен жағаластырып, жарыстырып, бәсекелестіріп, мінгестіріп үшінші шатыр жасаудың жөні жоқ емес пе?.. Әрине!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
P.S.
Алайда ассамблеяны көктен тілегенін жерден тапқандай қуана қолдап жүргендер оның доктринасын да ту етіп көтеріп ала жөнелді. Өзімен жете таныс болмасам да, мақалары арқылы сырттай сыйлайтын жорналшым Сергей Дувановтың сол туды ұстаушылардың бірі бола кеткенін оның «Ловушка для оппозиции» деген жазбасынан біліп, еріксіз өкіндім. Бүгінгі биліктен талай құқай көрген саясаткер бұл биліктің ассамблеяны арбаға бесінші дөңгелек еткенінен сол кезде тіксінбеп еді, сөйтсем, ассамблеяның ертең «қазақтардан жәбір көрушілердің» пайдасына біраз жұмыс істейтінін болжап білген екен. Оның солақайлық мақаласына осы газет бетінде орынды, дәлелді баға берілгендіктен (Өмірзақ АҚЖІГІТ. «Ответ национал-патриота журналисту-провокатору или чего боится Сергей Дуванов». №51-52), мен қосарланбай-ақ қояйын, бірақ қысқаша мынаны айтқым келеді: менің орыс дос-жолдастарым аз емес, мысалы: 15 десем, солардың қазақ тілінде жақсы сөйлейтіндері - 2, біраз түсінетіндері - 3, ал қалғандары - мақрұм. Бәрі де - ауыл-селода туып-өскендер. Қазақ тілін білетіндері: - Сендерде: «Көршіңді құдайдай сыйла» деген мәтел бар екен, әке-шешеміз соны айтып, қазақ тілін үйренуімізге себепші болды, - деседі. Түсінетіндер: - Қазақ арасында өстік ғой, - дейді. Оған ешкім «үйрен» демеген, өзі мән бермеген. Сірә, айналасындағы қазақтар өзара да орыс тілінде сөйлесетіндер болған шығар. Ал қазақ тілінен мақрұмдар: - Орыс тілінен өзге тіл керек боларын ойламай өстік, - дейді.
Тілімді білетіндерге риза болсам, білмейтіндерге ренжігім келмейді, өйткені көршісін, оның тілін, әдет-ғұрпын сыйлай білу - әркімнің ой-санасына, мәдениеттілігіне сын; өзің өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін сыйлау, білу – азаматтығыңа, адамгершілігіңе сын. Ал мынау аты шулы доктрина бұл туралы ләм демейді, қазақ тілін керек етпейтіндерге бірден ұнап қалғаны сондықтан. Орыстанған қазақтардың, мәселен, Олжас Сүлейменовтің, оны «мемлекеттік бірліктің идеологиясы, ұлттық бірліктің идеологиясы» деп алақайлағаны да сондықтан (Айдос САРЫМ, «Халық «тобыр» емес, Олжас мырза!». Abai. kz сайты, 19. ХII. 2009 ж.).