Жазасын өтеп шыққан жігіт түрмеде уахабилік әдебиеттерге тыйым салынбағанын айтты

image

«Таза дін», «шын таухидті» насихаттап жүрміз дейтін кей теріс ағымдар асыл дінімізге нұқсан келтіріп, бүлік шығарып жатқанын құлағымыз естіп қана қоймай, көзіміз де көрді. Ақтөбе мен Алматыда болған терактілер салафизм-уаххабизм идеологиясымен уланғандардың ісі екені биік мінберлерден мәлімденді. Бұл туралы Қамшы ақпараттық порталы хабарлайды. Елбасы төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің соңғы жедел отырысында ҰҚК басшысы В. Жұмақанов алматылық атқыш Р. Күлікбаевтің түзеу мекемесінде жүріп, салафиттермен байланысқа түскенін, сонда жат ағымның құрығына іліккенін хабарлады.

Ал, елдегі түзеу мекемелерін басқарушы ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті колониялардың радикалдар дайындайтын орталыққа айналып бара жатқаны туралы пікірлерді шындыққа жанаспайды деп отыр. Комитет төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев түзеу мекемелерінде экстремизм, терроризм баптары бойынша сотталғандар болғанымен, олармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін, ол мекемелерде арнайы мамандар, теологтар да профилактикалық шараларға жұмылдыратынын айтады.

Осылайша, қоғам, қарапайым азаматтар сүттей ұйыған ел тыныштығын бұзушылар жат идеялармен қалай уланып, теріс әрекеттерге, халықты қан қақсатар терактілер жасауға қайда жүріп дайындалатынын білмей дал.

Осы орайда, Qamshy.kz редакциясына Алматы облысы Заречный кентіндегі түзеу колониялардың бірінде, атап айтқанда, ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп шыққан азамат хабарласып, онда теріс бағыттағы діни ағымдардың ұстанымын ашық насихаттайтын, дәстүрлі ислам дініне, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бағытына қайшы кітаптар мен діни әдебиеттердің емін-еркін еніп жатқанын, сотталғандардың ол кітаптарды оқуына еш бөгет жоқтығын айтып отыр.

Атын атамауды өтінген ол колониядан бірқатар кітаптардың мұқабаларын өзімен бірге жыртып алып шыққанын айтады.

Жазасын өтеп шыққан азамат қазір ЛА-155/14 мекемесіндегі кітапхана Мұхаммед Абдул-Уаххаб бастаған уаххабизм идеясын насихаттаушылардың кітабына толы деп отыр. Өзінде бар кітап беттерінің суреттерін де қоса ұсынады.

Абдулла Абд ар-рахман бин Джибрин – «Два свидетельства, их смысл и того что требует каждое из них»

Абдуль Азиз ар-Раййис - «Нарушения единобожия»

Мұхаммед əт-тəмими Абдул Уаххаб «Таухид кітəбі», аударған Ақнұр Бишімов

М.Х.Аль-Кахтани «Предел желающего

Дыйауддин бин Раджаб Шихабуддин – «Уникальное пособие для ищущего знания».

Мухаммад Абдул Уаххаб – «Усул сəлəсə», қазақшасы үш негіз (три основы), Фонд "ибрагим бин абдулазиз аль ибрагим.

Мухаммад бин Джамиль Зину – «Достоинства пророка».

Уaхaбшыл, жиһадшылардың идеологы Мухаммад Багауиддиннің «Учебник арабского языка» кітабы түпнұсқасымен қоса, ксерокөшірмелері жасалып, 30-40 данадан сотталушылардың қолында жүретінін айтады ол.

Бұлардан бөлек, бұрын сотталған жігіттің айтысынша, түзеу мекемесінде А4 форматында ксерокөшірме жасалған бин Таймия, бин Каийм али Джузи, бин Бааз, ибн Усеймин, Насираддин Албани, т.б. авторлардың да кітаптары еркін айналымда екендігін айтады.

«Колония кітапханасы мен медреседегі діни кітаптардың 80 пайызға жуығы салафилердің баспаханалары мен қорларынан басып шығарылған. Ішінде зайырлы мемлекеттік жүйе – шайтанның жолына теңеліп, жиһадқа шақыратын мәтіндер жетерлік. Ал, мүфтият, Дін істері комитетінің мақұлдауынан өткен, сараптама жасалған кітаптар көрінбейтін жерлерге қойылады, сотталғандар мына экстремистік кітаптарды оқиды», - дейді сотталған азамат.

Оның айтуынша, түрме жамағатына имамдық еткен, медреседе ұстаз болғандар мен кітапхана жауаптылары да экстремизм, терроризм үшін сотталғандар, түрлі теракт жоспарлаған, Ауғанстандағы уаххабилерге қаржылық көмек көрсеткендер мен «Джундул Халифат» ұйымына мүше болғандар екен. Соның салдарынан 900-ден астам сотталғанның үш жүзге жуығы салафиттік жолда көрінеді. Бір ғана түзеу мекемесінде осындай жағдай орын алып жатса, ел аумағындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 30 мыңнан астам арнайы контингенттің жағдайын елестетудің өзі қорқынышты.

«Мешіттен, мемлекеттік органдардан келіп, уағыз, түсіндіру жүргізген мамандардың дәрісіне бас шұлғып, үнсіз қатысады. ҰҚК қызметкерлерінен қорыққандықтан, ашық қарсылық көрсетпейді», - дейді ол жат ағымдағы сотталғандар туралы.

Колония әкімшілігі сотталғандардың намаз оқуына, ораза ұстауына тыйым салмайтын көрінеді.

«Түрме, колония дегендер бүгін уаххабилердің медресесіне айналды. Ол жерде ештеңеге алаңдамай 24 саған Құран, хадис жаттауға, сонымен қатар, салафилік сенімді санаға әбден сіңіруге мүмкіндік бар. 2013-2015 жылдар аралығында онда сотталғандар жамағатпен жұма намазын оқығанын көзім көрді. Шамамен 300 шақты адам жиналатын. Онда жалпы бос уақыт көп, сотталғандар аптасына 2 сағат қана жұмысқа тартылады. Қалған уақытта өз білгендерін істейді. Секцияларда намаз оқылады. Ана «воровской» түсініктегі сотталғандардың да көбі уаххаби боп кеткен», - дейді бұрын сотты болған азамат. Ол былтыр күзде  колониядағы медресенің жабылғанын айтты. Алайда, «медреседегі кітаптар колонияның кітапханасына көшірілген» дейді.

Бұрын сотталған азамат айтып отырған діни кітаптарға қатысты пікір білдірген дінтанушы Досай Кенжетай ол әдебиеттердің ел аумағында таралуына заңмен тыйым салынбағанын, сондықтан да, қайда болсын, кімнің болсын оқуына мүмкіндік бар екенін айтады.

«Негізі ол кітаптарға тыйым салынбаған. Неге деп сұрасақ, тиісті орындар ол үшін салафизм ағымына тыйым салынуы керектігін, сол кезде кітаптарына да шектеу қойылатынын айтады. Мен эксперт ретінде бұл кітаптардың республика аумағында тарауы қауіпті екені туралы қорытынды жасап бергенмін кезінде. Айналып келгенде, негізгі кемшілік құқықтық тұрғыдан тыйым салынбауда болып отыр», - дейді дінтанушы.

Дайындаған Дархан Мұқантегі

Ескерту: Мақаланы көшіріп басу, фотоматериалдарды пайдалану үшін Қамшы порталының рұқсаты керек.