Қазақстанда салафизмге тыйым салынуы мүмкін

Салафизм Қазақстандағы тыйым салынған ағымдар қатарына енуі мүмкін
Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалардан кейін Қазақстанда исламның ішіндегі салафизм бағытына тыйым салу мәселесі көтеріліп отыр. Ал, тыйым тек соттың шешімі шыққан жағдайда ғана салынады.

Informburo.kz порталы хабарлағандай, ҚР Дін істері жөніндегі комитет бүгінде салафизм ағымының болашағын талқылап жатқан көрінеді. Діни ағымдарға тыйым салу туралы ұсынысты жасайтын да осы ведомство.

"Сарапшылар арасында Қазақстанда салафизмге тыйым салу мәселесі бірінші жыл талқыланып жатқан жоқ. Биыл салафизмге қарсы тараптың аргументтері көп. Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалардың артында осы салафизм бағытын ұстанушылардың тұрғаны белгілі болып отыр. Қазіргі таңда құзырлы мемлекеттік органдармен бірігіп, орын алған жайттардың деректерін зерттеп жатырмыз. Жан-жақты зерттеулер жүргізіп болған соң тиісті шешім де қабылдайтын боламыз", - делінген комитет өкілдерінің жауабында.

Олардың айтуынша, мемлекет салафилердің әрекетіне барынша қатаң шаралар қолданатын болады.

"Бүгінде Қазақстанда тыйым салынған ағымдардың қатарында "Хизб-ут Тахрир", "Таблиғи-жамағат", "ат-Такфир уәл-Хиджра" сынды діни ұйымдар бар. Бұлардың соңғысы салафизм идеологиясы негізінде құрылған. Сот шешімімен енді бұл тізім тағы толығуы мүмкін. Тыйым салу оңай шаруа емес, әсіресе, үлкен бір діни ағым туралы сөз болып отырған сәтте. Ол үшін нақты дәлелдер керек. Қазір бұл мәселемен тиісті органдар айналысып жатыр", - дейді Дін істері комитетіндегілер.

Айта кетейік, Қазақстанда салафизм ағымына тыйым салу мәселесі Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін қызу талқыланып жатыр. 7 адамның өмірін жұтқан терактінің артында салафилердің тұрғанын Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтің өзі де айтты. Алайда, Елбасының бұл сөзімен келіспеген Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев салафилерден келетін қауіптің жоқ екенін айтып сұхбат берді. Тіпті, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та саудиялық әріптестерімізді ренжітіп алмау үшін салафизмге тыйым салуға болмайтынын меңзеген.

Дереккөз: sn.kz