Бердібек Сапарбаев өзін «жер сатты» деп айыптаған адамды сотқа бермекші
2016 ж. 22 шілде
2844
3
Бүгін журналистермен кездесу өткізген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзіне негізсіз жала жауып, «Сапарбаев Қытайға жер сатты» деп әлеуметтік желіге үндеу шығарған азаматпен сотта кездесетінін ескертті.
Әлеуметтік желіде видео үндеу жөндеген азамат «Үржардағы 85 мың гектар жерді Бердібек Сапарбаев қытайларға сатып жіберді», - деп мәлімдеме жасаған болатын.
«Ол жігітті мен өмірімде көрген жоқпын. Біз әлеуметтік желілерді дұрыс пайдаланбаймыз. Әсіресе, әлеуметтік желілерді пайдалану мәдениетіміз өте төмен. Біздің мемлекетіміздің заңы бойынша біздің жеріміз шетел азаматтарына сатылмайды. Менің Қытай деген көрші мемлекетке көзқарасымды сіздер жақсы білесіздер. Ол жерде бір гектар да жер сатылған жоқ. Мен неге осы уақытқа дейін үндемей отырмын? Мен ресми мәліметті күттім. Қытайға бір гектар да жер сатылған жоқ», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әкім Қытайға жер сатты деп күмән келтіргендер заңды түрде тексерсін деген ескерту айтты.
«Ол адамның күмәні болатын болса, барып тексерсін. Мен қазір көп ойландым. Ол адамды ресми түрде сотқа беремін. Ол адамның сөзінен кейін көп адам «біздің сенген адамымыз Сапарбаев солай жасатын болса, басқа не істемейді» деп жазды. Менің абыройыма нұқсан келтірді. Мен Қазақстан азаматы ретінде сотқа беруге құқым бар және ол басқаларға сабақ болсын. Нақты жала жабу үшін дәлел болу керек. Мен белгілі мөлшерде моральдық шығын қойып, оны балалар үйіне аударамын», - деді әкім.