Журналистік зерттеу кезінде Руслан Күлекбаевтың Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұратын қызбен отау құрғаны белгілі болды, - деп хабарлайдыQamshy.kz Азаттыққа сілтеме жасап.
Ынтымақ ауылының өзін «Ғабит» деп таныстырған тұрғыны «Руслан - менің күйеу балам, қарындасым Аяулым Үмбетқұловамен бес-алты жыл бұрын үйленген» деді.
- Бірақ ол бізбен бірге тұрмайды. Қарындасым мен күйеу баланың қайда тұратынын білмейміз. Бізбен байланыстары жоқ. Күйеу бала Байқоңырда туған. Қазір екеуінің бес жастағы ұлдары бар. Күйеу бала әкесі жоқ, көп ағайынды екенін айтқан. Басында қарындасым «намаз оқиды» дегенде жақсы бала ғой деп қуанғанбыз. Қарындасыма хиджапқа ұқсас жаулық таққызды, - дейді Ғабит.
Оның айтуынша, Руслан Күлекбаев пен қарындасы үйленгенде екі жақ келіспей қалып, кейін құдалар араласпай кеткен.
- Жігіт жақ [екеуі үйленгенде] той жасамады. Рұқсат сұрап құда түскен де жоқ. Сондықтан бетімізді көрмедік деп араласпай кеттік, - дейді Ғабит.
Ғабит күйеу баласы Русланды бірнеше жыл бұрын бір рет көргенін, олардың тұратын жерлерін жиі ауыстыратынын айтады. Ол Русланның бір рет істі болғанын таныстарынан естіген.
Ал Ынтымақ ауылының учаскелік полициясы Ескендір Бектас Руслан Күлекбаевтың ол ауылда тұрмағанын айтады.
- Ынтымақта тұрады деген соң тексердік. Оның ауылда тұрмағаны, тек қыз алғаны анықталды. Қыздың ата-анасы күйеу балаларын тек бір-екі рет көргендерін, қазір араласпайтынын айтты. Олар күйеу баласы мен қызының Ынтымақта тұрғанына қарсы болып, тұрғызбаған, - дейді полиция өкілі.
Ынтымақ ауылы қарайтын Боралдай ауылдық округы әкімдігінің салық қызметінің Жанар есімді маманы Азаттық тілшісіне «Руслан Күлекбаевты әкімдіктегі құжаттардан да, салық базасынан да іздеп, еш дерек таппағанын» хабарлады.
Байқоңыр қаласының Талғат есімді тұрғыны күдікті Руслан Күлекбаевты қалада сырттай бір-екі рет көргенін айтады. Оны «тұйық бала болатын» дейді.
- Байқоңырда 7-ықшамауданда тұрды. Қаладағы Гагарин атындағы 8-қазақ мектебінде (қазіргі 275-мектеп – ред.) оқыған. Әке-шешесі ажырасып кеткен. Шешесі Байқоңырда тұрады. Екінші рет сотталып шыққан соң Алматыға кетті. Байқоңырға анда-санда келіп тұратын. Мектепте тұйық, көп сөйлемейтін бала болды. Бірақ арақ ішіп алса, төбелеске кіріп кететін. Түрмеге төбелесіп отырып шыққан, - деді Талғат.
Тілшілер Руслан Күлекбаевтың туыстарымен Байқоңырдағы таныстары арқылы сөйлеспек болған еді, бірақ олар қандай да бір ақпарат я дерек беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Руслан Күлекбаев ұсталғанға дейін Алматыда «әйел өлтірді» деген күдікпен іздеуде жүрген» деп хабарлады. «Ұсталған Күлекбаев түрмеде отырған жылдары үшін полицейлерге өштескен. Солардан кек алу үшін оқ атқан» дейді министр.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қазір күдіктінің қаладағы тергеу изоляторында отырғанын айтты.
Шілденің 18-і күні күдікті Алматыдағы Абылай хан даңғылы бойындағы «Қазақконцерт» ғимараты жанында ұсталған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол шабуылды теракт деп бағалады.