Ұландық тіл жанашырлары Тараз қаласында бас қосты
2016 ж. 17 шілде
2229
0
Үстіміздегі жылдың 12-13 шілдесінде Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінде қызмет атқаратын жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», мемлекеттік тілді енгізуге жауапты мамандар арасында «Үздік маман», мемлекеттік тілді оқыту кабинеттерінің материалдық базасын молайту, үздік тәжірибелерді бөлісу мақсатында «Үлгілі қазақ тілі кабинеті» байқау-сайыстары өткізілді. Аталмыш шара ұландықтар арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мен дамытуға жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында мемлекеттік тілді қолдану, үйрету, үйренушілерге тиісті жағдай жасау мәселесі бір жүйеге қойылған. Әскер өмірінде іс қағаздарын жүргізуден бөлек, күнделікті оқу сабақтары мен әскери бөліністердің тыныс-тіршілігінде мемлекеттік тілді кеңінен қолдану тұрақты үрдіске айналып отыр. Әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді үйрету, іс қағаздарын жүргізу барысында тіл тазалығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында әскери бөлімдерде мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі арнайы мамандар қызмет етеді,- дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ТӘҚЖБ мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға офицері майор Данара Баймағанбетова.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған байқауға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлері, тілші мамандар мен көрнекті әдебиет өкілдері қазылық жасады. «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқау кең көлемде ұйымдастырылды. Он жылға жуық уақыттан бері дәстүрлі өткізіліп келетін шараға өзге ұлт өкілдері де белсене қатысып, мемлекеттік тілге барынша құрмет көрсете білді. Байқауға қатысушылар арнайы қабырға газетін шығарудан және мемлекеттік рәміздер туралы сайысқа қатысып, “қазақшаңыз қалай...” театрландырылған қойылымдарды тартымды ұйымдастыра білді. Әділ қазылардың шешімімен 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Камран Фазаиров жеңімпаз атанса, 6506 әскери бөлімінің сержанты Эркинбек Шамуратов 2 орынды місе тұтты. Ал, 5572 әскери бөлімінің офицері майор Нұржан Садыков болса ұшінші орынды қаңжығасына байлады. Сайыс жеңімпаздарыны бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар тапсырылды.
Мемлекеттік тілді үйретудің негізгі мақсаты - әскери қызметшілердің қызмет барысында қазақ тілін ресми қарым-қатынас тілі ретінде үйренуіне ықпал ету және күнделікті қолданыста пайдалана білуіне дағдыландыру. Сондай-ақ, ресми іс қазғаздарын толтыруға жаттықтыру болып табылмақ. Әскери бөлімдерде мемлекеттік тілді дамытумен және оны толыққанды игеру мақсатында жоспар бойынша апталық сабақтардан бөлек, бөлімдер арасында тоқсан сайын түрлі іс-шараларды ұйымдастырып тұру үрдісі дәстүрге айналған дейді шара ұйымдастырушылары.
Материалды көшіріп басу үшін qazaquni.kz порталына гиперсілтеме жасауыңыз қажет.