«Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды»

default Нұрсұлтан Назарбаев: Бұдан бұрын хабарланғанындай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдап, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізген болатын. Сол ұсыныс қабылданып, сәуір айында сайлау өтетіндігі де баршаға мәлім болды. Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізу туралы бастаманы қолдап, өзіне сенім білдірген барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұны экономикалық даму мен еліміздегі әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын бүкіл халық қуаттауының, қолдауының айғағы деп түсінемін. Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды», - деген еді. Әрі: «Демократиялық жолмен сайланған Тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін референдум әлде сайлау деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарды ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынғым келеді. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратындығына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Қадірлі Отандастар Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін мемлекет пен халық мүддесі жолында қашан да сенім мен ұстамдылықтан айырылмай қызмет етуге күш беретін таңдау болады. Алдымызда әлі атқарылатын қыруар істер бар. Біз индустриялық-инновациялық және әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын нақты іске асырудамыз. Бірге кеңесе отырып, ойға алған сол бағытымызды іске асырамыз және Отанымызды гүлдендіре түсеміз деп кәміл сенемін. Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз», - деп өз пікірі мен арман-тілегін де ашық айтқан болатын Елбасы. Енді, міне, ел болып сайлаудың әбігерлігімен президент сайлау науқанына қызу кірісіп кеттік. Президенттікке өз кандидатурасын ұсынғандарға жұрттың көңілі толмаса да, саясат үшін керек шығар-ау деген ішкі күдігін жасырушылар да аз емес. Дегенмен де, демократиялы елміз деп әлем алдында жар салғанымыз үшін қалайда әділетті сайлаудың өтетініне біз емес әлем үмітпен қарап отыр. Кандидаттыққа біреулер М.Шахановты ұсыну ойын да білдіріп жатыр. Енді біреулер: «саяси ойынның құрбаны қылып, майдаларды майданға салғанша, Мұхтар Құлмұхаммед, Иманғали Тасмағанбетовтерді неге ұсынбаймыз» деген пікірлерін де қылаңдатады. Елді үміттендіріп жүрген Әлихан Бәйменовтың сайлаудан бас тартуына таңданушылар да аз емес... Ел не десе де, өздеріне Нұрекеңдей президент таба ал­майтындығына кәміл сенетін сияқты. Сол үшін де Елбасымыз да халқына сеніп: «Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды» дегенді айтып отыр емес пе! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дей отырып, Алладан таупиық, медет сұрайық. Патшалардың көңілі шуақты болса, халықтың хал-күйі қуатты болады.

Алтай Көктүрік