Заңсыз заң шығарған Парламент таратылуы тиіс!

43
1427

Ал Олжастар бастаған зиялыларымыз

енді ел бетіне қалай қарайды?..

Елбасының билігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдаушылардың тірлігі заңсыз болып табылды. Конституциялық кеңес осындай шешім шығарды. Заң шығарушы парламенттің заңы Атазаңға сәйкес келмейді. Онда ондай парламент өзін-өзі таратып жіберуі керек қой, титтей ұяттары болса… Ал олар 180 градусқа аунап түсіп, енді «әрине, сайлау дұрыс. Біз де солай ішімізден ойлап едік» деп жарысып жатыр. Шамасы кеше не дегендерін бүгін ұмытып қалатындардан сақтану керек шығар, Ел де, Елбасы да… Ендеше осындай заңсыз реформа өткізудің негізгі саяси генераторы «НұрОтан» партиясының саяси біліктілігі жөнінде де мәселе қойылуы керек секілді… Ал «Нұр Отанннан» да бұрын алақайлап, олардың алдына түсіп кетіп, референдумды төрт қолдап қолдаған Мақсұт Нәрікбаев бастаған Әділет партиясы, яғни заңгерлер партиясы заң білмейтіндер партиясы болғаны ғой, сонда… Яғни, бұның бәрі Елбасы Н.Назарбаевтың референдумнан бас тартып, сайлауды қалаған (тіпті мерзімінен бұрын) демократиялық ұста­ны­мына байланысты туындап отыр­ған жайт екенін тырнақ астынан кір іздеушілерге ескерте кеткеніміз жөн. «Бізге референдумнан басқа жол жоқ» дегенді айту үшін Алтайға сонау Парижден айлық алып отырған жұмысын жиып қойып, ебіл-дебіл болып ұшып келген Олжас Сүлейменов бастаған «қайраткерлер», Мырзатай мырза бастаған «ақсақалдар» енді ел бетіне қалай қарайды? Не дегенмен де бұл жерде Елбасы екі жеп биге шықты… Жағымпаздар жарысы ешқандай жеңімпазсыз шаң қауып қалумен аяқталды… Саясаттағы аянышты жағдайды Елбасының өзі жұбатты-мерзімінен бұрын президент сайлауы болатын болды. Сайлау 3 сәуірге белгіленді…
Жалпы, бұл референдум науқаны кімнің кім екенін білу үшін жасалған ойын секілді және Елбасыға мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге жасалған жағдай екені белгілі болды. Президент сайлауы ешқашан өз мезгілінде өтіп көрмегенін, үнемі ерте өтіп келгенін ойласақ, ОБСЕ Саммитінің ойдағыдай өтуі және ғажап ашылған Азиада алауы мен спортшыларымыздың жарқын жеңістері ел жалауын биікке көтеріп жіберуінің аясында рейтингтік шарықтауды босқа жіберіп алмау негізгі мақсат екені анық.
Референдум науқаны кімнің кім екенін анықтады деуімізге ең бірінші дәлел –5 сотық жерге жете алмай жүрген үйсіз-күйсіз қазақтар толып жатқанда Қарасай ауданынан 46 гектар шұрайлы жер алған кришнайттердің «крышасы», қазаққа қарсы «Свобода слова» газетінің биліктің жобасы екені анықталып, акциясының сатылғаны болды. XX ғасыр Гомері Жамбыл Жабаевты сыйлап өткен Хамит Ерғалиевтей тарлан ақынның қызы, Жамбылды жәй есек мінген ауылдың ауқат аңдыған өлермен өлеңшісі ретінде қаралаған, қаншама елді алдаған газеттің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның өзі осы саяси науқаннан қаржы жасап қалушы, күрескер қаламгер емес, күреп алушы «қаржыгер» екені әшкере болды… Бұл газет пен оның редакторы туралы кезінде нағыз оппозициялық «Республика» газеті оның «жалған оппозициялық» басылым екенін анықтап жазып, оған «Жас қазақ үні» газеті қолдау білдірген болатын… Онда кезінде қазір біздің заң орындары триллион теңгегедей елге шығын келтірген Мұхтар Әблязовтан (сонда елдің құқық қорғау орындары қайда қараған…) Гүлжан Ерғалиеваның екі рет өте үлкен сомада қаржы алғанын, оған «Алға» партиясының төрағасы В.Козловтың өз қолымен апарып бергенін «Жас қазақ үні» газеті жазған еді… Кейін Мұхтар Әблиязовтың өзі шетел асып кеткен соң, оның соңынан қаралау материалдарын беру үшін қаншалықты бетсіз болуды ойлаудың өзі қорқынышты… Әрине, бұл жерде, Әблиязовтың ел қаржысын қымқырғаны анық болса, онда сөз басқа…аяудың қажеті жоқ… Сонымен қатар, айтарымыз, не айтса да дәл айтатын саясаттанушы-журналист Сергей Дуванов «Свобода слова» газетінің ешқашан да Елбасы мен оның туыстары жөнінде сын мақала жазбағанын, сондықтан оны бұрыннан билік жобасы екенін болжауға болатынын атап өтеді… Бұның өзі ойландыратын жәйт екені анық…
ОБСЕ-ге төраға болып, 56 елге көсемдік жасаған елдің президенті Н.Назарбаев ел атына сай демократиялық шешім жасады. Енді ел өзінің жалғыз басты таңдауы – сайлау құқын пайдаланатын болды. Ал біздің ел үшін бұның өзі үлкен жеңіс…
Ел тағдыры Ел мен Елбасының қолында….

Қазыбек ИСА

43 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз