Екі айда Астана халқы 120 мың тұрғынға көбейіп кетуі мүмкін бе?
2016 ж. 07 шілде
2967
5
Астана күні қарсаңында өмірге келген сәбидің миллионыншы тұрғын екеніне күмәнданушылар да болды. Жергілікті билік халықтың өскенін есепке алу шарасымен түсіндіреді, - деп хабарлайды Азаттық.
Бірер күн бұрын Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі қаланың миллионшы тұрғыны өмірге келгенін хабарлады. Ол – ерлі-зайыпты Арайлым мен жастағы Олжас Мұхамедияр қыздары Саида. Кейін бұл хабарды ел президенті де айтып, Астананың миллион тұрғыны бар қалалар қатарына қосылуымен құттықтады.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТУҒАН КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ»
Астана күні және Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні – 6 шілде қарсаңында жарияланған бұл жаңалықтан әлеуметтік желіде саяси астар іздеушілер де көп болды. Солардың бірі, Facebook желісі қолданушысы Дәулет Әшімхан «Жағынудың формасы миллионға жетті!» деп кекетеді.
Ал Александра Алехова есімді қолданушы биыл мамырда Астанада 880 мыңдай адам болды деген есепті еске салады. «Астанада 1 мамырдан 4 шілдеге дейін 119 809 бала өмірге келіпті. Астанада жас та, кәрі де, тіпті ерлер де босаныпты» деп әжуалайды ол.
Саясаткер Әміржан Қосанов та «Астана халқы миллионға жетті» деген хабарды «президенттің туған күні мен Астана күні қарсаңындағы жағымпаздық көрінісі» деп сипаттайды. Оның сөзінше, Қазақстан қоғамы кез-келген ресми статистикалық деректерге күмәнмен қарауға үйренген.
– Қазір Қазақстанда экономикалық, әлеуметтік статистикаға, сайлаудағы көрсеткіштер пен пайыздарға сенім жоқ. Сондықтан Астанадағы миллионыншы тұрғын дүниеге келді деген жақсы, жағымды хабарға қоғам осындай белгілі бір дәрежеде күдікпен қарайды. Оның үстінде мамырдан бастап екі айдың ішінде «демографиялық жарылыс» болғанына көп адам сене бермейді, – дейді Әміржан Қосанов.
Ол көптеген адамның «Астана халқы миллион адамға жетті» деген хабарға сенбеуін «қоғамды жайлаған, билік өз қолымен орнатқан ақпараттық жалғандық саясатының салдары» деп біледі.
«АҚПАРАТТЫҢ ҚИСЫНЫ БАР»
Бірақ Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының доценті Рамазан Салықжанов «Астана әкімдігі есебінің қисыны бар» дейді.
– Астанада тұрғылықты мекен-жай тіркеуінсіз жұмыс істеп жүрген адамдар көп. Тіркеуге тұру қиын. Шынында да [Астана халқын миллионға жеткізген] сол базар, құрылыс, қызмет көрсету салаларында істеп жүргендер болуы мүмкін. Негізі ақпараттың қисыны болып тұр. Мен оған сенемін, – дейді әлеуметтанушы.
Рамазан Салықжанов соңғы жылдары Астанада урбанизация процесі қарқынды жүріп жатқанын да айтады. Ол да халықтың миллионыншы астаналық туралы хабарға күмәнмен қарауын «халықтың билікке сенімі азаюынан» деп түсіндіреді.
– Соңғы жарты жылда бірнеше жағдайларға байланысты қоғамның билікке сену деңгейі біраз әлсіреді ме деп ойлаймын. Жер мәселесіне байланысты елдің дүрлігуі, Ақтөбедегі жағдайларға байланысты билік пен ел арасындағы интерпретация қарама-қайшылығы бар. Билік бұл жаңалықты абыройымды өсіремін деп ақпарат кеңістігіне тастағанда халық наразылығы болған соң жиырылып қабылдады, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.
Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің сайтында 1 мамырға дейінгі мәлімет – Астанада 880 мыңға тарта тұрғын бар деген дерек әлі тұр. Бұл комитеттің өкілі Гүлмира Қарауылованың айтуынша, жергілікті билік дерегі зерттеліп, қыркүйек айында ғана жарияланбақ.
– Халық санағы 10 жылда бір рет өткізіледі. Халық санағына жыл сайын келген-кеткендер туралы ақпарат көші-қон департаментінен статистикалық талондар түрінде келеді, әділет министрлігінен туу-өлу туралы актілер келіп түседі. Осы деректер негізінде халық саны есептеледі, – дейді ол.
Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі 5 шілдеде «миллион астаналық» туралы мәліметті түсіндіруге тырысты. Жергілікті билік дерегінше, Астанада 2016 жылдың басында 871 мың 200 тұрғын болған, ол жарты жылда 128 мың 800 адамға артып, қазір 1 миллионға жеткен. Астана әкімдігі ақпаратына қарағанда, бұған «есепке алынбаған жұмысшыларды көші-қон органдарына тіркей бастау елеулі үлес қосқан, 2015-2016 жылғы электоралды компания кезінде үйлер мен пәтер аралап, тұрғындарды есепке алу шарасы оң әсер еткен.
Әлеуметтік желі: