Былтырғы жылдың қараша айында сириялықтардың соғысына араласып, қалаларын бомбаның астына алып жүрген Ресейдің ұшағы Түркияның аумағына кіріп кетіп, оны түркиялық жауынгерлер атып түсіргенін жұрттың бәрі біледі. Президент В.Путиннің «арқадан пышақ салды» деген мәлімдемесінің өзі сатқындық әрекет жасады, қазақша айтқанда «жау жағадан алғанда ит етектен тартты» деген қатты айыптау еді. Соғыс болып жатқан аймақта болып тұру ықтималдылығы жоғары оқиғаның аяғы барынша шиеленісіп, бізге стратегиялық әріптес болып табылатын екі мемлекеттің арасы барынша суып кетті.
Түркияның өз шындығы бар. Ол осы уақытқа дейін кеудесін ешкімге басқызбаған ел. Ешкімнің артық еркелігін көтере алмайды. Егер Су-24 Польша, Балтық бойы елдерінің т.б. аумақтарына еніп кетсе, олар атып түсірмес бұрын біршама ойланар еді. Ал Түркия өзінің осыған дейін ескерту жасағанын алға тартып, атты да салды. Оған және еш өкінген жоқ. НАТО-лық әріптестері ғана емес, бүкіл Батыс елдері оның бұл ісін ақтады. Шекаралық аймақта біреуге қарсы соғыс жүргізген ел алдымен үшінші тараптың шекаралық құқын бұзбауды қамтамасыз етуі керек, деді бәрі.
Түркиялықтардың осындай шындығы бізге кеңінен жетпей, ресейліктердің шындығы ағын судай тасып тұрғанда қазақстандықтардың көбі Ресей жағында болғаны да хақ. Оның үстіне Ресейдің қателіктерін көтеруге біз біршама көндігіп қалған елміз...
Әрине, екі жақтың да бірінші басшылары сабыр тұтып, сарабдал саясат ұстанса – бұл проблеманың соншалық өрістемеуі де мүмкін еді. Алайда екі жақ та асығыстыққа жол бергені ақиқат. Соның кесірінен екі елдің халқы экономикалық тұрғыдан қатты жапа шегіп отыр. Екі жаққа да пайдалы қаншама ынтымақтастық жобалары іске аспай қалды.
Оқиғаны ұмытып, жақындасайын десе екі жақтың да жоғары амбициясы аяқ бастырмайтын секілді. Түркия жағы Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға дайынбыз деген мәлімдемені бірнеше рет айтты. Ресей де мұндай қадамға барғымыз келеді, бірақ Түркия кешірім сұрасын дегенге тұрып алды. Мәселен, В.Путин мамыр айының соңында Грекияға барған сапарында осыны айтты.
Міне, осындай жағдайда Түркия Президенті Р.Т.Ердоған Ресей Президенті В.Путинге хат жіберіп, Су-24 ұшағын атып түсіргені үшін кешірім сұрады деген жоғарыда айтылған хабар дүңк ете қалды. Хабарды Кремльдің баспасөз қызметінің өзі таратып отырғандықтан сенбей көр. Әрине, осы қызметтің хабарларына жұрт қазір күмәнмен қарайды. Мысалы, Ресей әскерлерінің бүкіл әлемге белгілі болып отырған Украинаның Донецк мен Луганск қалаларына басып кіргенін бұлар жоққа шығарудан еш танған емес. Бірақ мына жердегі сенсациялық хабары жұрттың бәрінің назарын аударды. Жириновский сияқтылар «түріктер ықты» деп жарты әлемге жар салды. Сөйтсек...
Р.Ердоған ешқандай кешірім сұрамаған, тек бұған дейін де айтқандарын қайталап, ресейлік ұшқыштың өлгеніне өкініш білдіріп, оның отбасына көңіл айтқан екен. Ал кешірім туралы ешқандай сөз жоқ. Хаттың түрік тіліндегі түпнұсқасын көрген ресейлік Шығыстану зерттеулері орталығының директоры Владимир Аватков «Известия» газетіне берген сұхбатында осыны айтқан. Түрікше «кusura bakmasinlar» деген сөзді «кешірім сұраймын» деп теріс ұққан, бұл сөздің аудармасы «не взыщите» (қазақша айтқанда «жазаламаңыз» ), дейді ғалым.
Оның үстіне дүйсенбі күні Түркия Парламентінде сөйлеген сөзінде Р.Ердоған өзінің позициясын нықтап, егер шекараны бұзу оқиғасы тағы да қайталанатын болса, біз дәл сондай жауапты беруге әзірміз деген.
Шала ұққандікі, әлде қасақана шала ұққандікі ме, әйтеуір осындай жалған ақпарат айтылып қалды. Ондайға елтіп кетпей, салмақтап қарағанға не жетсін.
Аян БАЯНҰЛЫ
(TÜRKİYE ÖZÜR DİLEMEDİ) Cumhurbaşkanı Recep Tayyip Erdoğan, Türk hava sahasını ihlal ettiği için 24 Kasım'da düşürülen Rus uçağının pilotunun ölümünden üzüntü duyduğunu bildirdi. Cumhurbaşkanlığı Sözcüsü İbrahim Kalın, Erdoğan'ın Rusya Devlet Başkanı Vladimir Putin'e yolladığı taziye mektubuyla ilgili bir açıklama yaptı. İbrahim Kalın, Cumhurbaşkanı Erdoğan’ın mektupta, Rus askeri uçağının düşmesiyle ilgili derin üzüntü duyduğunu belirterek, "Hayatını kaybeden Rus pilotun ailesine bir kez daha acılarını paylaştığımı belirtmek ve taziyelerimi sunmak istiyorum; kusura bakmasınlar diyorum” ifadelerini kullandığını söyledi. Kalın, Cumhurbaşkanı Erdoğan'ın Rus mevkidaşına Türkiye ile Rusya arasındaki geleneksel dostane ilişkilerin tekrar tesis edilmesi, bölgesel krizlerin çözümü için işbirliği ve terörle ortak mücadele edilmesi için çağrıda bulunduğunu da vurguladı. İbrahim Kalın, "İki ülke, ilişkilerin geliştirilmesi amacıyla gerekli adımların atılması hususunda mutabık kaldı." dedi. trt/aa
Суретте: Түркия Президенті аппаратының баспасөз хатшысы Ибрахим Қалың мырза Ердоғанның Путинге жазған хаты туралы қысқаша түсіндерме жасады. Түсіндіме сөздің мағынасы былай: «Қаза тапқан орыс ұшқыштың отбасының қайғысын бөлісетінімді тағы бір мәрте білдіріп, көңіл айтамын. Айыпқа бұйырмасын» дегенді айтты.
Abai.kz