Бала сүндеттеуді патенттеп алған қазақ
2016 ж. 29 маусым
2439
0
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының тұрғыны Әзірет Ерназаров бала сүндеттеуді заңдастырып алды деп хабарлайды Замана.
Израильде де балаларды біздің елдегідей сүндеттейді. Бір ерекшелігі, олар мұны сәби дүниеге келген соң үш күннің ішінде жасайды. Бала жыламас үшін емізікті шарапқа батырып емізіп, шақалақты ұйықтатып тастайды екен.
"Мен Семей медициналық институтын 1976-жылы бітірдім. Бүгінде орталық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып жүрмін. Сол 40 жылдан бері жылына орта есеппен жүз баладан сүндеттегенде осы кезге дейін кемінде төрт мың баланың сауабын алған шығармын. Солардың біреуінің ата-анасына ақша бер демеппін. Соған қарамастан сынға да іліккен кезім жоқ емес. Шариғатта бала сүндеттейтін адам ақша бермесең жасамаймын деп өз жұмысынан бас тартуына немесе баланың ата-анасының ақшам жоқ деуіне болмайды. Бұл – мұсылмандыққа жат, бала сүндеттеу – сауап үшін істелетін жұмыс. Сондықтан мен осы кезге дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін", - дейді дәрігер.
Әзірет Ерназаров соңғы бес-алты жылда мешітте көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін сүндеттеп жүр.
"Ауданымыздың бас имамы Асылхан қажы Данияров бір күнге барлығын жинайды. Мен барып, бір күнде 150-ге дейін бала сүндеттеген кезім болды. Ол балалар сол сәтте жүріп кетеді. Тіпті үйлеріне велосипедімен қайтқандары да бар. Тек сүндеттелгеннен кейін су мен топырақ тигізбесе болғаны.Бүгінде заман да, медицина да дамып келеді. Сол секілді бала сүндеттеудің тәсілдері де жаңаруда. Бұрын новокаин егіп жасайтынбыз. Одан кейін дәке орадық. Тамырларын байлап әлекке түскендер де болды. Бүгінде жұртшылық лазермен кесу деп атап кеткен күйдіру әдісімен жасап жүрміз. Бұдан еш қан шықпайды, бала да ауырғанды сезбейді", - деп атап өтті аудан тұрғыны.
Бір жылдары Шымкентте СПИД көбейіп, ел дүрліккен кезде балаларды сүндеттеуге ешқандай хирургтің де, молданың да қолы бармапты. Себебі олардан шыққан қан денеге тисе, қанша сақтық шарасын жасағаныңмен ауру жұқтыру қаупі өте жоғары болады. Сондықтан ешкім өз өмірін қауіпке тіккісі келмеді.
"Сол кезде Шымкенттегі Ана мен бала сауықтыру орталығына Шардарадан мені алдыртты. Осылай 2011, 2012, 2013-жылдары, қатарынан үш жыл Шымкентке барып, «Ғасыр дертін» жұқтырған балаларды сүндеттедім", - дейді Әзірет Ерназаров.
Шардаралық Әзірет Ерназаровты бүгінде бала сүндеттеу үшін Шымкентке де шақыратындар бар екен. Тіпті облыс басшыларының балаларын да сүндеттепті.